ИНСТИТУТ БАЗАСЫНДАҒЫ САБАҚ: БІЛІМ МЕН ӨНДІРІСТІ ЖАҚЫНДАСТЫРУ

ИНСТИТУТ   БАЗАСЫНДАҒЫ САБАҚ:  БІЛІМ МЕН   ӨНДІРІСТІ   ЖАҚЫНДАСТЫРУ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (www.farabi.university) География және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы мен Д.А.Қонаев атындағы Тау-кен істері институты арасындағы ынтымақтастық студенттердің білімін нақты кәсіби ортамен байланыстыруға мүмкіндік беріп отыр. Оқу жылының басынан ҚазҰУ-дың бакалаврлары мен 1-2-курс магистранттары, тау-кен саласындағы ғылыми жұмыстармен, өндірісте қолданылатын техникалық шешімдермен және болашақ мамандықтарының практикалық қырларымен танысу мақсатында сабақтарын институт базасында өткізіп жатыр.

Өндіріс үшін маман даярлау тек теориялық білім берумен шектелмейді. Болашақ инженер мен қауіпсіздік маманы өндірістегі міндеттердің қалай шешілетінін, жабдықтар мен технологиялардың не үшін қолданылатынын, жұмыс орнындағы қауіп-қатерлердің қалай бағаланатынын түсінуі қажет. Ғылыми-зерттеу институтындағы сабақтар студенттерге осы мәселелерді мамандармен тікелей талқылап, оқу барысында алған білімінің нақты өмірде қалай қолданылатынын көруге жол ашады.

Биылғы жылы ҚазҰУ мен Д.А.Қонаев атындағы Тау-кен істері институты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат кадр даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру, бірлескен білім беру бастамаларын дамыту, қонақ дәрістер мен кәсіби кездесулер өткізу, студенттердің практикасын ұйымдастыру және түлектерді жұмыспен қамтуға қолдау көрсету бағыттарын қамтиды. Сонымен қатар тараптар студенттердің кәсіптік практикасын ұйымдастыру жөніндегі келісімге келген. Оның аясында Институт практикаға қажетті жұмыс орындарын ұсынып, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, зертханаларға, оқу кабинеттеріне, шеберханаларға, кітапханаға және техникалық құжаттарға қолжетімділік беруге мүмкіндік жасайды.

Бұл бағыт әсіресе еңбек қауіпсіздігі, өнеркәсіптік қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және тіршілік қауіпсіздігі салаларында білім алып жүрген студенттер үшін маңызды. Өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маман қауіпті факторларды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу жолдарын да білуі керек. Сондықтан нақты кәсіби ортада мамандармен пікір алмасу, техникалық құжаттармен танысу және зертханалардың жұмысын көру болашақ маманның дайындығын толықтыра түседі.

Студенттермен кездесуде Институт директоры, PhD докторы Ержан Тұрсынұлы Утешов мекеменің қазіргі қызметі, ғылыми-зерттеу бағыттары және тау-кен саласының алдында тұрған міндеттер туралы айтты. Кездесуге  қатысқан директордың орынбасары Е.А. Шабельников, студенттермен кәсіби даму мен ғылыми-практикалық жұмыстың маңызы жөнінде пікір алмасты. Әңгіме барысында теориялық білімді тәжірибемен ұштастырудың және мамандықты нақты жұмыс ортасында танудың маңызына назар аударылды.

Кәсіби бағдар беру аясында Өнеркәсіптік қауіпсіздік білім беру-кеңес беру орталығының маманы Артем Колотаев өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мамандықтар, кәсіби даярлық және сала мамандарына қойылатын талаптар туралы ақпарат берді. Аталған сала бойынша білім-кеңес беру орталығы ашылған, курстардан өтіп куәліктер алуға болады. Мұндай кездесулер студенттерге өз мамандығының еңбек нарығындағы орнын түсінуге, болашақ қызмет бағытын айқындауға және жұмыс берушілер күтетін дағдыларды ертерек бағалауға көмектеседі. 

Д. А. Қонаев атындағы Тау-кен істері институтының тарихы 1944 жылдан басталады. Институт Қазақстандағы тау-кен ғылымының қалыптасуы мен дамуына үлес қосып келеді. Қазіргі ғылыми бағыттарының қатарында геомеханика, тау-кен технологиялары, автоматтандырылған басқару жүйелері және рудалық аэрология бар. Бұл бағыттар өндірістегі маңызды міндеттермен тікелей байланысты: тау жыныстарының тұрақтылығын бағалау, жұмыс үдерістерін жетілдіру, шахта жағдайын бақылау және техникалық шешімдердің сенімділігін арттыру.

ҚазҰУ студенттерінің Институт базасында сабақ оқуы – білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың нақты қадамы. Мұндай ынтымақтастық студенттерге пәндерді тереңірек түсінуге ғана емес, ғылыми ізденіске қызығуға, тәжірибелі мамандардан үйренуге және кәсіби болашағын жоспарлауға мүмкіндік береді.

Ең бастысы, өндіріс сұранысына сай маман даярлау университет, ғылыми ұйым және жұмыс беруші арасындағы тұрақты байланысқа сүйенеді. ҚазҰУ мен Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен істері институтының бірлескен жұмысы осы байланысты дамытуға бағытталған. Бүгін тәжірибемен танысып жүрген студент ертең өндірістегі технологияларды жетілдіруге, еңбек қауіпсіздігін сақтауға және саланың дамуына үлес қоса алатын маман болып қалыптасады.

А. К. ҚОЖАХАН, 

Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО

 кафедрасының доценті, т.ғ.к.

 

12.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29629
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29187
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46429
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 42004
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46756