Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов инвестициялық штабтың кезекті отырысын өткізді. Жиында негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша нысаналы индикаторларды орындау қарқыны, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселелер қаралды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров: «Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,9 трлн теңгені құрады. Жылжымайтын мүлікпен операциялар, тау-кен өнеркәсібі және мұнай өндіру, көлік және қоймалау, ауыл, орман және балық шаруашылығы, энергетика және өңдеу өнеркәсібі сияқты салалар бойынша айтарлықтай өсім байқалады», – деп баяндады Премьер-Министр: «Биыл негізгі капиталға құйылған инвестициялар бойынша 4,5 пайыз деңгейінде оң динамика байқалып отыр, бұл ретте 12 өңір белгіленген нысаналы индикаторларды орындамады. Ең төменгі көрсеткіштер Шымкент қаласы, Түркістан және Ұлытау облыстарында байқалады. Ірі компаниялар өндіріске инвестиция салып, жаңа жұмыс орындарын ашуға дайын. Олармен жұмыс істеп, инвестициялық келісімшарттар жасау, жаңа жобалар бойынша – салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беру қажет. Облыстар мен мемлекеттік органдардың басшылығы инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы тиіс», – деді. Өз кезегінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров: «2022 жылдың І тоқсанында елімізге $6,8 млрд көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Осы кезеңдегі алғашқы инвесторлар ондығына Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Бельгия, Ұлыбритания, Франция және Түркия елдері кірді. Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы химия өнеркәсібі, ТМК, энергетика, көлік және логистика, тамақ өнеркәсібі, туризм, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, мұнай-газ химиясы, ауыл шаруашылығы және т. б. салаларда 30,2 трлн теңгеге 797 жобаны қамтиды. Пул жобаларын толық іске асыру шамамен 130 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 2022 жылы 24 мың жұмыс орнын құра отырып, 2,98 трлн теңгеге 272 жобаны іске қосу жоспарланған», – деп баяндады.