Иттің құқы деген немене?

Иттің құқы деген немене?

Мәжілістің жаңа депутаттары қаңғыған ит туралы әңгімені көп айтып кетті. Мен әуелі олар қаңғыған ит деп мемлекеттің ақшасын жеп, шетелге қашып кеткендерді айтып тұрған шығар деп ойлағанмын. Бұлар Парламентке келе сала сондай зиянкес иттермен айналысайын деген екен деп, риза болсам болар ма? Ау, енді пәлен миллион ақша елге қайтса, бәрімізге жақсы ғой. Сөйтсем, бұлардың айтып жүргені ақша жеп шетелге қашқандар туралы емес екен. Олардың айтып жүргені кәдімгі көшеде жортып жүретін бұралқы иттердің жайы екен. 

«Пәлі» дейді екен Мұқтар Әуезов мұндайда.

Иесіз итті қазақ бұралқы дейді. Қаңғыбас демейді. Мен осы өмірімде неше бір қаңғыбас адам көрсем де, бірде-бір қаңғыбас ит көрмеппін. 

Қаңғыру, қаңғыбас сөзі адамға ғана айтылады. Итке емес. Итті қаңғыбас дейтін қай делқұлы?   

Мысалы Міржақып Дулатов Жангелдин туралы былай дейді: «Жалбағаев – Жангелдин – Степнов – түбі Торғай үйезінің қазағы, Николай заманында шоқынып, орыс арасында қаңғырып, басы ауған жаққа кетіп жүретін еді». 

Ахмет Байтұрсынұлының інісі Самұрат «Ақаң туралы ақиқат» кітабында: «Халық тамақсыз, киімсіз үйлерін тастап тамақ іздеп қаңғырып кетті...» – деп жазыпты.

Жазушы Қуандық Түменбай ағамның «Қаңғыбастар» деген мақаласы бар.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Олардың барлығы «қаңғыбас», «қаңғыру» сөздерін адамға байланысты қолданады. 

Құдай берген ақыл-санасы болса да, басы ауған жаққа кету, ол – қаңғыру.

Ал итте ақыл-сана жоқ. Иттің иесіз жүруі – бұралқылық. Ол бейшара мақсатсыз қаңғып жүрген жоқ. Ол бейшараның бар мақсаты тамақ іздеу. 

«Бұралқы ит тімсініп жүріп...» дейді Ғабит Мүсірепов «Оянған өлке» романында.

Бұған да мысал көп. Әрине,«бұралқы» сөзінің иттен басқа да ауыспалы мағынасы бар.Ендеше жаңа депутаттардың қаңғыған иті несі?  

Сөйтсек, бар бәле заңда екен. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңының 1-бабының 18-тармағында: «қаңғыбас жануарлар – иесі жоқ иттер мен мысықтар» деп жазылыпты. Орысшасы «бродячие животные – собаки и кошки, которые не имеют владельца». «Бродячий» сөзі қазақша – кезбе, қаңғыма. Бұралқы емес. «Бродячий музыкант» – «кезбе музыкант» (мозықант, дұрысы мозықашы). 

Демек заң орысша жазылып, оны көркем әдебиет оқымайтын аудармашылар аударған. 

Ой, ит-ай! Ой, пәлі-ай!

Айтпақшы, бұлар иттің құқы деген дегенді тауып алыпты. О, сорлап қалған басым, сондай сөз айтатын адамдар билікте отырғасын не оңайын! Әуелі қазақтың құқын айтсаңшы, бұралқы иттің құқын айтқанша. 

Бір күні итті қойып, «Алма ағашын уламаңдар, онда бит бар, біз биттің құқын қорғаймыз» демесеңдер болар еді. 

ДЕНІ ДҰРЫС ОРЫС ҚАЛМАҒАН БА?

Жақында Ресей телеарналарының бірінен мынадай бір телехабар көрдім. Мәскеу тележурналистерінің бірі көшеде сұрау салып жүр екен. Сұрауы: «Путинді қамауға ордер берілді. Осыған қалай қарайсыз?», «Путинді әскери қылмыскер санайсыз ба?», «Келер жылы президенттік сайлау ғой, Путинге дауыс бересіз бе, бермейсіз бе?»

Осы сұрақтарға көшеде кездескендер: «Путинді ешкім қамай алмайды!», «Путин қайта біреуді қамап қояды!», «Гаага сотын біз мойындамаймыз!», «Путин қылмыскер емес!», «Арнайы операцияны біз бастаған жоқпыз!», «Жүз процент Путинге дауыс берем!», «Путинге тең келер лидер жоқ!» деп, ауыздарын қисаңдатып бағып жатыр. Бәрі-дағы келісіп қойғандай Путинге шаң жуытпайды. Бәрі түгел соның жағында! 

«Апырай, ә! Мына орыстарың құрыған екен ғой! Біткен екен ғой! Қалайша бәрі Путинді жақтап шыға келді? Қалайша қарсы тұратын бір адам табылмады? Дені дұрыс орыс қалмаған ба шынымен?» деп, түңілгенім бе, күдер үзгенім бе, ызаланғаным ба, әлде қайран қалғаным ба, білмеймін, әйтеуір бір түсініксіз күй кешкенім. 

Артынша езу тартып күліп жібердім. Әй, аңғал басым, аңғал басым! Cоған сеніп отырған аңғал басым! Алданып қала жаздағанымды қарашы.

Осы сұрау салған хабарының өзі Ресейдің сасық пропагандасы емес пе? Оны басқа білмесе де, кезінде телеарнада тілші болып көрген мына мен білуім керек еді ғой. Белгілі бір мәселе жөнінде сұрау салып, көшеге өзім де талай шықпадым ба. Сонда өзіме керек жауаптарды іріктеп алатын едім ғой. Қарсы пікір айтқандарды өшіріп, жоқ қылатыным ше. Мынау да сол ғой. «Халық түгел Путинді қолдайды» қылып қолдан жасағансымағы емес пе. Насихаты шала мас орыстың да миына орнығып қалатынын анау журналист жақсы біліп тұр. Ол журналиске тағы біреу тапсырма беріп тұрғанын қарапайым көрермен қайдан білсін.

Путин өзіне қарсылардың аузына құм құйып отырғаны өтірік емес. Осы пиғылы басын жұтпай қоймайды. Көре қал!

 

НҰРЛЫБЕК САМАТҰЛЫ
21.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 104
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 115
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 206
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 206
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 344
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 345
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 576
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 519

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9224
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8620
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11846
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9616
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10829