Оралда «БҚО велосипед спорты федерациясы» АҚ-ның президенті Асқар Шораевқа арналған алаң ашылып, тақтатас орнатылды. Қалалық мәдениет және демалыс саябағының оң жағалауынан орын алған бұл нысандардың ашылуы салтанатына Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев қатысты.
Велосипед және шаңғы спортынан КСРО спорт шебері, ҚР-ның еңбек сіңірген бапкері Асқар Шораев осыдан төрт жыл бұрын саябақтың оң жағалауында велосипедшілерге арналған жолдың салынуына мұрындық болған еді. Осы еңбегін атап өткен қала әкімінің орынбасары Ерлан Ерсайынұлы спорт ардагеріне өңірдегі спорт саласын дамытуға және жастарды спортқа баулуға қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, Орал қаласы әкімінің алғыс хатын табыстады.
Өз кезегінде Асқар Ишанұлы велоспедшілер жолы жобасы туралы әңгімелеп берді. Ардагер спортшының идеясы негізінде жасақталған бұл жобаны «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы қаржыландырып, жол құрылысын мердігер «Марасант» ЖШС жүргізген. Осылайша 41 гектарлық аумақ игеріліп, жалпы ұзындығы 2,7 шақырымды құрайтын велосипед жолы салынған. Оның 400 метрі – балаларға арналған шағын айналым жолы. Жаңа орында афальтты-бетонмен жабылған 800 метр қашықтықты қамтитын автокөлік жолы да дайындалған. Жол бойы арнайы сызықтармен екшеленіп, белгілер таңбаланған. Енді бұл аумақ спортты серік еткен тұрғындар үшін жайлы орынға айналды. Бүгінде өңір халқының 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысушылар қатарында екенін атап өткен жөн. Соның ішінде велосипедшілер де күн санап көбеюде.
Салтанатты іс-шара қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған жас спортшылардың веложарысымен жалғасты.