7 күн, 1000 бала, жүздеген сағат тренингтер мен 1 шешуші тестілеу! Алматыда ауыл балаларына арналған IQanat-2025 Олимпиадасының финалы аяқталды. Оның қорытынды салтанатты марапаттау рәсімі Медеу шатқалында өтті.
Балалар бұл күнді жыл бойы күтті. Финалға қатысушы 1000 бала бірінші кезеңде 50 мың сегізінші сынып оқушысының арасынан және екіншіде 10 мың бала арасынан іріктелді. Оқушылар екінші кезең аясында да IQanat білім жетілдіру бағдарламасына қатысқан болатын. Сондықтан финал балалар үшін ерекше толқу сезіміне толы болды!
Оқушыларды меценат қазақстандық кәсіпкерлер марапаттап, балалар үшін тосынсый болған бірнеше өте маңызды жаңалықты жария етті.
Біріншіден, IQanat мектебін қайта құру және оның қуатын арттыру нәтижесінде, сондай-ақ қамқоршылар санының өсуінің арқасында биыл грант саны көбірек болады! Бұл 1000 финалистің келесі тәртіппен бөлінетінін білдіреді: 125 бала (бұрын 100 болатын) барлық оқу шығындары қамтылып, IQanat мектебінде білім алады. Тағы 125 бала (бұрын бұл да 100 болатын) IQ Advance бағдарламасына қабылданады: олар ауыл мектептерінде IQanat мектебінің интенсивті оқу сессияларына қатысып білім алады. Қалған финалистерді де IQanat өз қанатының астына алады: олар IQ-IP олимпиададан кейінгі үш жылдық бағдарламасы аясында өз жолын жалғастырып, мектепке интенсивті оқу модульдеріне тұрақты келеді, сондай-ақ тәжірибелі оқытушылар мен менторлармен бірге ҰБТ, халықаралық емтихандарға дайындалады, ағылшын тілін тереңдетіп оқиды, оған қоса кәсіп пен университет таңдауда қолдауға ие болады.
«IQanat тәжірибесі біздің ауылдарымыз талантты, ақылды және мақсатшыл балаларға толы екенін көрсетті. Сондықтан, біз қазақстандық талантты балалардың өмірінде мықты бастау болуы үшін гранттар санын көбейттік», - деді Ерлан Исекешев, Батыс Қазақстан облысы бойынша IQanat қамқоршысы және ISS Corporation LLP Директорлар кеңесінің төрағасы.
Айта кетейік, IQanat – 230 қазақстандық кәсіпкердің білім беру жобасы. Олардың қатарында облыстық қамқоршылар Асқар Алшынбаев, Тимур Турлов, Серік Төлбасы, Нұрасыл Джарбасов, Еркін Длімбетов, Марат Жұман, Бауыржан Исабаев, Ерлан Исекешев, Сергей Кан, Оразхан Қарсыбеков, Ғазиз Құсайын, Андрей Лаврентьев, Асхат Омаров, Айдын Рахимбаев, Дулат Тастекей, Арсен Томский және басқалар бар.
Балаларға арналған екінші жаңалық – 20 меценат IQanat мектебіне оқуға түсуге бірнеше балл ғана жетпей қалған 20 балаға дербес гранттар бөлу туралы шешім қабылдады. Осылайша, гранттардың жалпы саны 270-ке дейін өсті!
«Мұнда әрбір талантқа білім, тәлімгер және кез-келген биік шыңға жол ашатын мүмкіндіктер ұсынылады. Бүгін білім алуға күшін жұмсаған балалар ертең ғалым, әзірлеуші, инженер, көшбасшы болып, Атамекеніміздің дамып-гүлденуіне үлкен үлесін қосады», - деді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша IQanat қамқоршысы, кәсіпкер Сергей Кан.
Балаларға арналған финал аптасы қалай өтті?
Финал аясында оқушылар тестілеуге және IQanat-тың интенсивті апгрейд бағдарламасына қатысты. Бұл бағдарлама білім тренингтерін, ғылыми тәжірибелерді, сондай-ақ Peer-to-Peer бағдарламасы аясында математика мен ағылшын тілі бойынша 270 сағат оқу сабақтарын қамтыды. Бұл – балаларды мұғалімдер емес, IQanat мектебінің жоғары сынып оқушылары мен жоба түлектері оқытатын формат. Ересек балалар осылайша жобаға көмектесіп, Giving Back идеологиясы аясында жақсылықты қайтарады. Ал жасы кіші балалар тек білім ғана емес, тәлімгер мен болашақ рольдік модельге ие болады!
Айта кетейік, IQanat-тың жүйелі жұмысы нақты нәтижелер беруде: түлектердің 94%-ы Қазақстан мен шетелдің жетекші университеттеріне грантпен оқуға түсіп, қазір әлемнің 17 елінде білім алып жатыр. Түлектер қоғамға оң үлесін қосатын жауапты да қайырымды көшбасшы болып өседі.
Қарағанды облысы, Нұра ауылынан келген финалист, биылғы грант иегері өз ойымен бөлісті.
«Мен грантқа ие болғанымды білгенде көз жасыма ерік бердім. Бірден анамның қалай қуанатынын ойладым. Біз қарапайым ғана өмір сүреміз, бірақ анам: «Балам, ең бастысы, жақсы оқы, білім сені шыңға шығарады» дейтін. Мен тестке көп дайындалдым және өзімнің отбасыма, ауылдағы іні-қарындастарыма көмектесу үшін және маған сенген жандардың үмітін ақтау үшін барымды салдым», - деді Дәулет Әмірхан.