«Казахское дело» және қаһарман журналист Көлбай Адырбекұлының мақалалары талайлардың тағдырына араша түсті

«Казахское дело»  және  қаһарман журналист Көлбай Адырбекұлының мақалалары талайлардың тағдырына араша түсті

Мынау дүние-дүрмекте бәйге атындай қалың топтан оза шабу небір тұлпар  қаламгердің де қолынан келе бермейді. Яғни шығармашылық биіктікті қалам азабына шыдаған жанкешті жандар ғана бағындыра алады. Кәсіби журналист-жазушы Көлбай Адырбекұлы сондай қаламгердің бірі әрі бірегей тарланы. Сонысымен де елге сыйлы, көпшілікке құрметті болып келеді. Оның «Казахское дело» тақырыбымен шыққан шығармалары қаншама тұлғалардың тағдыр жолынан сыр шертіп, жұрттың іздеп жүріп оқитын туындыларына айналды. Солардың бәрі де шындығымен құнды дүниелер.  

Горбачев көтерілістің  болғанына Қонаев пен Асқаровты айыптады

Осыдан 20 жылдай бұрын Көлбайдың халықаралық «Түркістан» газетінде «Авторлық бағдарлама» айдарымен тұтас екі, кейде тіпті 4-5 бетті қамтып, «Казахское дело» деген тақырыппен жарияланған зерттеу мақалалары жұртшылықтың ерекше назарын аударып, ықыласын туғызды. Өйткені бұл  Горбачевтің «қайта құру», «жариялылық» деп жарияға жар салған жалған демократиясының пәрменімен Қазақстан басшылығына келген Колбин мен Меңдібаевтың желтоқсаншылар мен зиялыларды жазалаудағы ащы шындығын ашқан бірден бір туындылар. Жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, тергеуге алынған, сотталған, кейіннен ақталып шыққан қазақтың игі жақсылары, тұлғалары, студент және жұмысшы жастары туралы мұрағат деректеріне сүйеніп, ұзақ жылдар бойына созылып, жазылған алғашқы сериялы мақалалар топтамасы болатын. 

– Көлеке, «Казахское дело» неге «Қазақ ісі» емес? 

– Иә, зерттеу еңбегімнің атын «Қазақ ісі» десем де болатын еді. – Бірақ онда тақырып табиғаты ашылмай қалатын еді. Ал «Казахское дело» – кеңестік дәуір тарихында өшпестей із қалдырды. Осы атаудан сол кездегі биліктің зорлық-зомбылығы, шовинистік пиғыл-әрекеті, орыс тілінің еңсені басқан үстемдігі тұтастай көрініп тұрды. Кезінде КСРО Бас прокуратурасының аса маңызды қылмыстық істер жөніндегі бөлім бастығы генерал Владимир Калиниченко да «Лит.газетаға» «Казахское делоны» жүзеге асыра алмадық деп өкінішпен сұхбат бергені бар. Ол 1983 жылы тергеушілер Тельман Гдлян мен Николай Иванов жүргізген «Узбекское делоға»   қатысып, мол тәжірибе жинаған. Олардың мақсаты Орта Азиядағы осы екі республиканың басшыларын тұқыртып, халқын рухани тұрғыдан басып тастау керек болды.

Иә, рас. Қазақ халқы басқа түскен бұл ауыр сынақты да көтеріп алды.  КОКП ОК Бас хатшысы Михайл Горбачев ең алдымен Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровты «Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырды, қаражат жинап, студенттерді алаңға алып шықты» деп айыптады. Оны дәлелдей алмаған соң «ішіп қойды, жеп қойды» деп кінә таққан. Тергеушілері жалған куәлер тауып, жазықсыз жалаларды қолдан ұйымдастырды. Асқаровтың Мәскеудегі тергеу ісі табандатқан төрт жыл бойына жүргізілді. Ал Бішкектегі сот қарау ісі 17 айға созылды. Мұндай сорақылық әлемдік сот тарихында бұрын-соңды болған емес. 

Мәскеуліктер қолқа салған қырғыз ағайындардың судьялары: «Біздің Асқаровтай жазықсыз бауырымызды соттауға ар-ұятымыз бармайды», – деп жон арқасын көрсеткен. Одақтық Бас прокуратураның қызметкерлері Қырғыз республикасы Жоғары Сотының мүшесі, судья Найла Алимовна Ибрагимоваға саяжай, жеке пәтер, жеңіл көлік алып береміз деп әуейілендіріп, өз дегендеріне көндірген. Көздегендері – Асқаровты және оның серіктерін қалайда қылмысты етіп соттату. Бірақ олар үшін бұл іс «Узбекское дело» тәрізді оңай шағылатын жаңғақ болмай шыққан. Жан беріп, жан алысқан сотта бәрі де өз құқықтарын қорғап, Мәскеуден келген мемлекеттік айыптаушылардың адымын аштырмай, жапқан жала қылмыстарын әшкерелеп, мойындаудан бас тартты. Бір Асқаровтың төрт қорғаушысы болған. Солардың өзі Асқаровтың білім-біліктілік деңгейіне жете алмады. Тек сот төрағасы мен мәскеулік прокуратура қызметкерлерінің сұрақтарына Асекеңнің жауаптарын қайталаумен шектелді. Асекең өзін-өзі қорғады. Алайда, компартия билеген диктаторлық-авторитарлық жүйенің сотына ешқандай уәж, айғақ пен дәлел қажет емес еді...

Мұны Асанбай Асқаровтың сол сотына қоғамдық қорғаушы болып бастан-аяқ қатысқан Шымкенттегі белгілі заңгер Бекбосын Көбеевтің естеліктеріне және сот іс қарау кезінде жазылған аудиотаспаларға, сот материалдарына сүйене отырып, Көлбай өз мақаласында жүйелі баяндайды. 

–  Көлеке, заңгер Көбеевпен қалай кездестіңіз?  

– Қазақтың біртуар перзенті Асанбай Асқаров туралы кезінде «Жетісу» газетінде жарияланған Нұри Муфтахтың шағын мақалаларын, Жамбыл облыстық газетінің тілшісі Жақсылық Сәттібековтың «Асқаровтың соты» деген кітапшасын оқып шықтым. Шынын айтсам, көңілім аса толмады. Оның тұлғалық болмыс-бітімі толық ашылмай қалғандай көрінді. Содан ол кісі туралы тереңірек білетін кім бар екен деп іздеп жүргенімде, жазушы Мамытбек Қалдыбай Шымкентте тұратын зейнеткер, сот процесіне қоғамдық қорғаушы болып қатысқан Бекбосын Көбеевті ұсынды. Ол кісіні көп іздеп, Шымкенттен таптым.

 

Колбиннен қорықпай Асқаровты қолдаған генерал

Көпбосын ағаның айтуынша, сот кезінде көптеген куәлер сұралыпты. Бәрі де соттың іс қарауын жүргізіп жатқан төраға Найла Ибрагимованың: «Жалған куәлік берсеңдер заң бойынша жазаланасыңдар», –  деп қорқытып, үркіткендерінен қаймықпай Асқаровты жақтап сөйлеген. Тіпті, бірқатар куәгерлер тергеу кезінде қысым көрсету салдарынан жалған куәлік бергендерін ашып айтып, бас тартқанда ашу-ызаға булыққан Ибрагимова дауыс көтеріп, төрағаға жат, оғаш мінез де танытса не шара. Кейде куәгерлерге жекіріп: «Сендер Асқаров пен оның сыбайластарын қорғамаңдар! Олар Отан қазынасына қол салған ұры-қарылар. Бізге шындықты айтыңдар!», –  деп жиі қоқан-лоққы жасаса, кейде өңін құбылтып, іш тартып,  қақпайлап сөзден жаңылдырып, өзінің дегеніне көндіруге тырысса керек. Солай қанша жанын жалдап, небір қитұрқы айла-тәсілге көшсе де ештеңе шығара алмаған. 

– Генерал Ахмадин де сотта куәлікке шақырылған екен ғой.

–  Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы генерал Әлімжан Ахмадин социалистік меншікті талан-таражға салушылармен күрескен басты тұлға. Қазір зейнеткер. Алматыда тұрады. Жуырда сол кісімен Асқаров танушылардың бірі Тұрғынбай Құлымбетов екеуміз кездестік. Ол: «Асқаровтай азамат түрмеде жазықсыз жапа шегіп, сотта  ісі қаралып жатқанда мен қалай үйде қаннен-қаперсіз отырамын» деп соттың шақыруынсыз өз еркімен Бішкекке барып, куәлік еттім. Содан төрт жыл бұрын КСРО Бас прокуратурасының бөлім бастығы генерал Владимир Калиниченко менен Асқаровтың ісіне байланысты жауап алған еді. «Мен солтүстіктің, Асқаров оңтүстіктің қазағы. Екеуміздің арамызда ешқандай туыстық байланыс жоқ. Милиция органдарында қызмет етіп жүргеніме көп уақыт болды. Осы жылдар ішінде дәл Асқаровтай кіршіксіз, принципті, коммунистік қоғамға адал берілген азаматты кездестірген емеспін. Жолдас генерал, осындай адал көш басшыларды жерге қаратқаннан біз не ұтамыз?», – дегенімде Калиниченко менің өңменіме қадап отырған шегір көзін тайдырып әкетті.

Генерал Ахмадиннің 2013 жылы «Мерей» баспасынан «Бақыт – сенің қолыңда» атты кітабы жарық көрген. Сол кітабында ол сотта Асекеңді қаралаушылардың тырнақ астынан кір іздеп, үш сағатқа жуық өзіне бірнеше қитұрқы, арандатушы сұрақтарын қойып, сөзден шатастырып, торға түсірмек болғанын жазыпты. Асанбай Асқаровтың  социалистік меншікті қорғағаны болмаса, ешқандай парақорлыққа бармағанын, таққан айыптардың бәрі жала екенін, оның есесіне облысты әлеуметтік-экономикалық жағынан жоғары көтергенін, артында жақсы, өнегелі істері қалғанын тілге тиек еткен. 

Үйге келген соң кітабын парақтадым. «Мен Қазақстанда Колбиннің билігі жүріп тұрғанын біле тұра Бішкекке бәріне бел буып барған едім. Қатыгез жан ары кетсе сотта Асанбай Асқаровты қорғап сөйлегенім үшін қызметтен босатар. Бәрібір генералдық шенімді ала алмайды. Оны маған Асқаров Мәскеуге жасаған ұсынысымен мерзімінен бұрын, адал еңбегім үшін алып берді. Сотта Асқаровтың көз алдымда ел үшін істеген ізгі жұмыстарын айтпасам менің ар алдындағы адамгершілігім қайсы.  

Алматыға қайтайын деп сыртқа беттегенімде Асекеңнің әйелі Фатима жеңгей менің соңымнан дәлізге жүгіріп шықты. «Әлімжан шырағым, ағаң адам таниды. Сен туралы «Осы жігіт дұрыс маман. Ісіне адал азамат» деуші еді.  Сол айтқаны айдай келді. Шындықты жайып салғаның үшін өзіңе деген ризашылығым шексіз. Рахмет, айналайын!», – деп жанарына жас толып, иегі кемсеңдей берді. Мен: «Жеңеше, мүмкіндігім болса, бүгін-ақ Асекеңді арқалап, Алматыға алып кетер едім. Ол қолымнан келмейді ғой. Жүрегім Асекеңе адал. Облыста мені әрдайым қолдап, жұмыс істеуіме толық мүмкіндік берген жақсылығын қалай ұмытайын. Камерада оңаша кездессеңіз менен сәлем айтыңызшы. Өтінемін, – деп қоштастым».  

Асқаровтың өмір-тағдыры неткен күрделі еді?! Асекеңнің соты жөніндегі құжаттармен таныстым. Ол облыс басшысы қызметінде жүргенде жанында күні үшін көлеңкесіндей көлбеңдеп жүретіндердің басына іс түскенде қарасын да көрсетпей зым-зия жоғалғандарын да кездестірдім. Адамдық арына жүгініп сондай қиын-қыстау заманда жанынан табылғандар да бар. Солардың бірі осы генерал Әлімжан Ахмадин еді.   

 

«Қамықпа байке, бәрі жақсы болады» деді Ақаев

Ал Асекеңнің сотта қойылған сұрақтарға жауабы, өзін еркін ұстауы, өзіне деген сенімділік – бәрі-бәрі мәскеулік жазалаушылардың дегбірін қашырса керек. Әсіресе, соңғы сөз берілгенде алпыстың жетеуіндегі Асекең ерекше тебіреніп, төрт сағат бойы тапжылмай тұрып сөйлепті. Баяғы бірінші хатшы кезіндегідей, сот залында емес, қалың көпшіліктің алдында тұрғандай, бірқалыпты қоңыр үнімен жұртты бірден баурап алыпты. Алдымен Қазақстанның кең байтақ жерін таныстырып өткен. Содан соң қазақ деген кім, қандай ұлт? Қазақтың арғы-бергі тарихынан қысқа үзінділер келтіріп, жерімен етене астасып, біте қайнаған табиғатының ерекшеліктеріне тоқталған. Көбеев: «Асекеңнің телегей теңіз білімі, дүниетанымы бірте-бірте қазіргі сот процесіне ауысып, өзін өзі бұлтартпастай нақты дәлелдермен қорғағаны бізді қайран қалдырды. Түрменің азабы мен тозағы Асанбайдай асылдың сағын сындыра алмағанына қуандым», – деген еді.  

Сот процесіне сол кездегі Қырғызстан президенті Асқар Ақаевтың келгенінің өзі неге тұрады. Кетерінде Асекеңнің жанына барып: «Қамықпа, байке, бәрі жақшы болады!» деп күш-жігер бергенін айтсайшы. Сот төрағасы Ибрагимова  мәскеуліктердің ықпалынан шыға алмай жазаға тартылғандардың алдын он екі, кейінгілеріне сегіз жылдан үкім шығарған. Сонда Ақаев өзіне берілген жалғыз жеңілдікті пайдаланып, Асанбай Асқаровтың ісіне «кешірім жасап», түрме қапасынан босатқанын жұрт біледі. Ал өзгелері жазасын өтеуге Қазақстан түрмесіне ауыстырылған. Республика тәуелсіздік алғаннан кейін оларға өз елімізде қайта сот болып, ақталып шықты. 

Көбеев: «Әне, солай, шырағым, қазақ елі өз алдына дербестікке ие болғаннан кейін ғана олар бостандыққа шығып, көздері ашылды», – деді жәй ғана күрсініп. – Мен Асқаровтың соты туралы Шымкентке келген соң «Южный Казахстан» газетіне жазып бергенмін. Алты ай күттім. Жарияланбады. Шыдамның да шегі бар емес пе. Әлгі тілшіге телефон шалдым. Ол: «Мақалаңыз бұл күйінде жарамайды. Көп түзетуді қажет етеді», – деді самарқау үнмен. Сөз ләмінен мақаламның жарыққа шықпайтынын сездім. «Жаманға жалынба» деген. Қайтып хабарласқым келмеді. Ал, сен жазар болсаң Асқаровтың жеке өзін ғана жазумен шектеліп қалма. Оның осы тағдыр тозағын бірге көріп келе жатқан серіктері, орта мен кіші ағайындардың өкілдері бар. Бәрін де жаз, сонда ғана оның тұлғалық бет-бейнесі ашыла түседі». Ағаның ұсыныс-пікірі көкейіме қонды.

Көлбай Адырбекұлы обкомда Асқаровпен бірге қызмет етіп, кейін Мәскеудің «Матроская тишина» және «Бутырка» түрмелерінде тергеу азабын бірге тартқан Тұрмысбек Ахметов, Әбдіманап Көмекбаев, Ұланбек Арғынбеков жөнінде «Түркістан» газетіне мақалаларын бірінен соң бірін жариялады. Сол материалдарды Шымкенттен шығатын «Айғақ» газеті көшіріп басып, облысқа кеңінен таратқанын білеміз. Сонда Тұрмысбек Ахметов  Алматыға телефон шалып: «Көлбай, осы уақытқа дейін жұрттың бәрі маған күдікпен қарайтындай, жиын-тойларда еңсемді көтере алмай жүруші едім. Көптің қайсысына жан сырымды ақтарып, жазықсыз жапа шеккенімді айтып, қалай сендірейін. Осы бір ауыр ой іштен жанымды жегі құрттай жеп жүргенде сенің материалың мені екінші рет дүниеге әкелді. Еңсем көтеріліп, жұртқа тіке қарайтын болдым. Рақмет шырағым!», – деп көңілі босап, алғысын айтыпты.  

Шымкент қаласындағы Абай аупарткомының бірінші хатшысы Әбдіқадыр Мұстафаев та мәскеулік тергеушілердің азабын көрген жан. Облысқа белгілі журналист Төрехан Рамбердиев: «Әбеке, сіз туралы жазсам ба деп едім», – деп ұсыныс жасаған. Мұстафаев: «Айналайын, ренжіме. Менің тағдырым анау Көлбай Адырбекұлының «Казахское делосына» тікелей қатысты. Жан дүниемді тек сол ғана жеткізіп жаза алады. Өзі де әне-міне келіп қалар. Күтіп жүрмін», – дейді. Ол да жазылды. Бұдан соң Көлбай «Казахское делоға» бірқатар өмірдің ауыр кезеңдерін бастан кешкен аяулы азаматтар туралы кеңінен толғап жазып, олар туралы бар шындықты оқырмандарға алғаусыз жеткізді. Солай «Казахское дело» қалың көпшіліктің іздеп жүріп оқитын мақаласына айналды.

 

Хобдабергенов Қонаевты да, Асқаровты да сатпаған

Көлбайдың Шымкент қорғасын зауытын он бес жылдай басқарған Рзабай Хобдабергенов туралы «Түркістан» газетінің екі санына бірдей жарияланған мақаласы да оқырмандар арасында қолдан қолға өтіп, «сенсация» туғызған. Өйткені Горбачев пен Колбиннің кезінде ұлты үшін жаны күйген, азап шеккен адамдарға жұрт нағыз қылмыскердей үрке қарайтын уақыт еді. Хобдабергенов  зауыт директоры қызметіне тағайындалғанда ондағы қазақтар саны саусақпен санарлықтай екен. Солардың өзі зауыт ауласын сыпырып, тазалау жұмысында жүргендерін көреді. Ол небәрі 5-6 жылда кәсіпорынға қазақтарды жұмысшы мамандығына тартып, темір жонатын қондырғылар басына қояды. Өз жұмысын тез игеріп алған қабілетті жандарды бригадир, тіпті цех бастығына дейін көтерген. Солай жергілікті ұлт өкілдерінің санын күрт көбейтеді. «Іштен шыққан жау жаман». Шымкент обкомының хатшысы Черненко мен зауыттың бас бухгалтері Дермановский КСРО Түсті металдар министрі Петр Фадеевич Ломакоға жасырын түрде жеткізіп тұрса не шара. Мәскеуде үш ай сайын министрлікте жиналыс өтеді. Сол жиалыстарда Ломако оның жағасынан алып: «Сен техникадан хабары жоқ қазақтарыңды зауытқа неге жинайсың? Олардың қолынан қой баққаннан басқа ештеңе келмейді. Қысқарт!», – деп айқайлап, жерден алып, жерге салғанда Хобдабергенов: «Зауыт өнімінің сапасы жоғары, жоспар солардың күшімен мерзімінде орындалуда. Олардың санын шегеруге негіз де, себеп те жоқ», – деп қасарысып қарсы тұрған. Ломако ашуға булығып, Қонаевқа бірнеше рет телефон соғып, Хобдабергеновті орнынан алуды талап етеді. Ал КОКП ОК Саяси бюросының мүшесі Дінмұхамед Қонаев: «Әзірге оның орнына қоятын білікті маманымыз жоқ», – деп талабын орындамайды. 

– Генерал Калиниченко сол ағамызды да қырына алса керек. 

– Асанбай Асқаров 1984 жылы мамырда Хобдабергеновті обкомға шақырып, КСРО Бас прокуратурасы аса маңызды қылмыстық істер бөлімінің бастығы Владимир Калиниченко бастаған топтың келгенін, олардың зауытты да тексеретінін жеткізеді. Зауытта шикізаттан қорғасынды айыру барысында бір жылда алтын мен күмістің 1,5-2 тонна қоспасы шығып, оны өңдеуге Новосібірге жібереді. Тексерушілер тобы зауытты бір айдай жан-жақты тексеріп қылмыстық ештеңе таба алмайды. «Қайта шапқан жау жаман». Он күннен соң Мәскеуден Тулинов пен Абдиевский бастаған тағы бір топ келген.  Олар үш айыпты директордың мойынына қиып салады. «Біріншісі, зауытта қорғасын өндіруде оны есепке алу және тіркеу жұмыстарында бұрмалаушылыққа жол бергенсіз. Екіншісі, зауыттан құрылыс сыр бояуларын шығару кезінде өсіріп жазу орын алған. Үшіншісі, өзіңіз тұрып жатқан үйге күрделі жөндеу жұмысын жүргізіп, қызмет бабын асыра пайдаланғансыз». Тулинов: «Бізге сізді түрмеге отырғызуға осының біріншісі де жетіп жатыр», – дейді зілді үнмен. Хобдабергенов: «Үш айыптың бәрі де жалған. Сіздер оны қолдан жасап отырсыздар», – дейді селт етпей.  Тулинов: «Сіздің қарсылығыңыз біз үшін маңызды емес», – деп мырс еткен. Генерал Калиниченко: «Хобдабергенов, егер осыдан құтылғыңыз келсе, біздің ұсынысымызбен келісуге тура келеді», – дейді жымсиып. Хобдабергенов: «Қандай ұсыныс?», – дейді тіксініп. Калиниченко: «Алтын қоспасынан Қонаев пен Асқаровтың шағын мүсіндерін жасаттым деп анықтама жазып, мөріңізді басып, қолыңызды қойып берсеңіз болғаны. Сіз жазадан құлан-таза құтыласыз. Ал бізге бұл Асқаровтың сотына аса қажет», – дейді сызданып. Хобдабергенов: «Генерал жолдас, сол алтыннан жасалған мүсіндерді маған көрсетіңіз. Сізге көзімді жұмып тұрып, мен жасадым деп анықтама жазып берейін. Ондай мүсіндер жоқ қой. Кешіріңіз, арымнан аттап ондай бассыздыққа бара алмаймын», – дейді. Калиниченко: «Ақымақ екенсің, өз обалың өзіңе», – деп қолын ербең еткізді. Жасанды қылмыспен сотқа тартып, жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айырады. Қонаев КСРО Жоғары сот төралқасымен байланысқа шығып, Хобдабергеновке жала жабылып отырғанан ескертіп, ісін қайта қарауды өтінеді. Зауыт жұмысшылары да Мәскеудегі ОК-ке қайта-қайта шағымданып, Хобдабергеновке жабылған жала негізсіз екенін, сондықтан оны түрмеден босатуды талап еткен. Сол талаптардың арқасында ол үш жылдан соң бостандыққа шығады. 

– Көлбай, ол кісі еркіндікке шыққан соң Қонаевпен кездесті ме? 

– Қонаев сол кезде үй қамақта отырған. Хобдабергенов өзіне-өзі келген соң Алматыға барады. Қонаевтың пәтеріне телефон шалып: «Димаш Ахметович, мен Рзабаймын. Сізге Шымкенттен сәлем берейін деп келіп едім», – дейді. Қонаев: «Рзабай, үйге кел», – деп қуана қарсы алған. Дастарқан басында Хобдабергенов: «Димаш Ахметович, мені қаралаған Калиниченко сізді де тергепті ғой. Соны айтып берсеңіз», – деп өтініш жасайды.   

 

Калиниченко: «Димаш Ахметович, мен сізге берілдім!» деп тергеуін тоқтатқан

Қонаевтың қабағы түсіп, біраз уақытқа дейін үндемейді. «Қап, менің сұрағым бекер болды-ау» деп іштей қысылған Рзабай: «Димаш Ахметович, сұрағым орынсыз болды-ау. Қайтып алдым, жауап бермей-ақ қойыңыз», –  дейді ыңғайсызданып. Сонда Қонаев: «Жоқ, Рзабай, сұрағың өте орынды», – деп  басынан өткен жайды баяндаған. 

Калиниченконың өзін бір емес, үш рет тергегенін,  біріншісінде 70 жасқа толғанда ОК-тің бюро мүшелері Жапонияда жасалған құны 2 мың сомдық плазмалық теледидар сыйлағанын, алайда тергеушілер тауар қоймасының басшысын қинап, бағасын қолдан он есеге көтеріп көрсетілген құжат алғандарын, екіншісінде шетелге іссапарға шыққанда сондағы мемлекет басшыларының әр алуан аңшы мылтықтарын сыйлағанын пара алғанға есептегендерін, ал үшіншісінде Ғылым академиясының академигі ретінде ай сайын алатын қомақты стипендиясын заңсыз деп тауып, соған қандай мүліктер сатып алғаны жайында тергеу жүргізгенін айтып береді. Теледидарды Колбиннің кабинетінен көріп, қаруларды Орталық мұражайдан түгендеп алып, стипендияның қаладағы №2 балалар үйінің мұқтаждықтарына жұмсалғанын білген генерал Калиниченко Қонаевтан қылмыстық істер таппай ақтығына көзі жеткен соң амалсыздан екі қолын жоғары көтеріп: «Димаш Ахметович, мен сізге берілдім. Бұдан кейін сізді еш мазаламаймын», – дейді. Қазір ғой Калиниченко әлеуметтік желіде сол айтқандарынан тайқып, басқаша трактовка жасап жүр. 

Қонаевтың сол әңгімесін кезінде «Түркістан» газетіне «Казахское дело» Дінмұхамед Қонаев» тақырыбымен жарияладым. Соған дейін жұрт бұл деректен еш хабарсыз еді. Содан елге кеңінен тарап кетті, – деді Көлбай. – Өкініштісі сол, қазір журналистикада деректі ұрлаушылар көбейіп кетті. Өздері тапқандай болып жаза береді. Қай газеттен алғаны, авторын сілтемемен көрсетіп беру деген атымен жоқ. Тіптен елге кеңінен танымал бір ақын ағам телефон шалып: «Көлбай, Қонаевтың Хобдабергеновке айтқан әңгімесін жазғаның маған қатты ұнады. Мен соны пайдаланамын», – деді. Мен: «Аға, қарсы емеспін. Бірақ бір шартым бар. Менің мақаламнан алғаныңыз жөнінде сілтеме қойыңыз», – дедім. Ол кісі тұтқаны орнына қоя салды. Кейін қарасам Қонаевпен сол жайында өзі сөйлескен болып, кітабына жазып жіберіпті. Қатты қынжылдым. Аты дардай ағамның жағасынан алып, бет жыртысып жатсам жұрт түсінер деймісің... Қажеті болмас. Өйткені олар менен гөрі оған көбірек сенеді ғой. Дінмұхамед Қонаевпен бір кездескенде кез келген көлденең көк аттыға ішкі сырын ашып айта бермейтінін байқадым. Қандай жағдайда да әр сөзін бағып сөйлейді екен. Неткен ұстамды, сабырлы, тәлімді жан десеңізші! Ал Хобдабергеновтің жөні бөлек. Өзімен тағдыр-талайы бір, сенімді кадры.    

Бұл жайында не деуге болады? Жазу ар-ұяттың ісі ғой. Кейде соның шекарасы пенделікпен бұзылып жатады. Өкінішті. 

                               

 «ХХ ғасыр: Соңғы репрессия»

Бұл – Көлбай Адырбекұлының 2006 жылы «Алаш» баспасынан жарық көрген кітабы. Осы уақытқа дейін халықаралық «Түркістан» газетінде «Казахское дело» тақырыбымен жарияланған ұлт тұлғалары жайында  архив материалдары негізінде жазылған көлемді зерттеу-сараптама мақалаларының алғашқы жиынтығы. Оны кезінде мемлекеттік тапсырыспен шығаруға қазақтың белді жазушыларының бірі Дидахмет Әшімханов себепкер болған екен. «Түркістан» газеті редакторының бірінші орынбасары болып жүрген кезінде марқұм Дидағаң «Казахское дело» тақырыбына қатысты әр материалды оқып, нөмірге жіберген сайын: «Көлбай, мына жазып жүргендерің өте құнды дүниелер. Бұл тың тақырыпты жүйелі түрде осылай көтеру сенен басқа әлі ешкімнің ойына келген де емес. Дерек пен көркемдікті әдемі астастырып жібереді екенсің», – деп ризашылығын білдіріпті. 

Шынында да, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жайында үзіп-жұлып, қалам тартпаған тілшілер кем де кем. Бодандық бұғауын үзген осы көтерілісті жазушылардың бәрі оқиғаның жалпы сипаты мен оған қатысқан жастарды ғана көрсетсе, Көлбай сол кезеңде қуғын-сүргінге ұшыраған жастар мен қазақ зиялыларына қатысты көмбеде жатқан архив материалдарының көзін ашып, жарыққа шығара білді. Сондай-ақ, сол тақырыпта 1989 жылы 16-19 маусым күндері Колбиннің Жаңаөзен көтерілісін әскер күшімен басқаны туралы архивтегі тарихи деректерге сүйеніп, сараптап  жазғаны да аса құндылығымен ерекшеленеді. Жазушы Дидахмет Әшімхановтың сүйсінуі де, алғашқы кітабына қолдау білдіруі де содан. Психолог ғалым Жолмұқан Түрікпенұлы: «Халық шындықты жақсы көреді. Жақсы көрмейтіндер де жетеді. Сенің «Казахское дело» тақырыбымен жазғандарың көпшіліктің көкейінен шығып жүр. Бірақ қазіргі алмағайып заманда байқау керек, шырағым», – деп әрдайым сақтандырып қояды. Жазушы-ғалым Мамытбек Қалдыбай: «Өзбек ағайындар «Казахское делоны» білсе, сенің осы жазғандарың «Узбекское делоны» жазуға ой салар еді. Сол кезде оларда да жазықсыз жапа шеккен жандар аз болмаған», – дейді. 

Белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбеков те: «Көлбайдай тақырыбын тауып алған қаламгерлер журналистикада некен-саяқ», – дейді. Қазақтың қаламы қарымды көркемсөз шеберлерінің бірі жазушы Қуандық Түменбай: «Көлбай, сенің жазуың басқалардан мүлде бөлек», – дейді екен. Тілі ұшқыр қаламгер-журналист Нұртөре Жүсіп: «Казахское делоның» жиырма екінші ғасырда да оқылатыны кәміл», – десе, жазушы Ертай Айғалиұлы: «Желтоқсан көтерілісін Көлбайдай түбегейлі зерттеп, жазып жүрген қаламгер кем де кем», аудармашы Алмат Жарылқасынов: «Сен жазып жүрген «Казахское дело» ерекше дүние.  Әзірге қазақи орта оның мәнін түсіне қойған жоқ. Орыс тіліне аударылса керемет болар еді. Қаражат болса, мен аударуға дайынмын», – деп те ұсыныс жасаған. «Әрине, Алматтың сөзінің жаны бар, бірақ оған қаражат қайда?», – дейді Көлбай.

Қазір не көп, газеттер көп. Ондағы материалдар бірін-бірі қайталап жатады. Ал кезінде журналист Шәмшидин Паттеев басқарған халықаралық «Түркістан» газетінің аты аталса, біздің көкейімізге бірден Көлбай Адырбекұлының «Казахское делосы» түседі. Сол газеттің бренді болып қалғаны қашан. Оның 2006 жылы жарыққа шыққан 

«Казахское дело» деген айдары бар «ХХ ғасыр: соңғы репрессия» кітабына қазақтың біртуар тұлғалары Дінмұхаммед Қонаев, Асанбай Асқаров, Өмірбек Жолдасбеков, Темірбек Қожакеев, Салық Зиманов, Көпжасар Нәрібаев, Нәдір Нәдіров, Кеңес Аухадиев, Сағат Әшімбаев туралы жазғандары енгізілген. 

Осы тақырып аясындағы туындылары әлі бес кітапқа жүк болады. Өкінішке қарай қаражат тапшылығынан жарыққа шықпай жатыр. Оның Тұрар Рысқұлов туралы «Алты Алаштың ардақтысы» зерттеу кітабы да тың деректерімен оқырмандар талабынан шықты. Ал шындықтың шырайын шығарған «Бесеудің хаты» шығармасы бүгінде көзі қарақты жандардың аузында. Сондай-ақ тиран Сталиннің жендеттері Николай Ежов пен Лаврентий Берия туралы зерттеу-талдау мақалаларын оқысаң көптен көкейіңде жүрген сұрақтарға жауап табасың. Ел ішіндегі қызықты оқиғаларды баяндаған «Ауыл хикаялары» әңгімелер топтамасы да ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбай айтқандай өте тартымды туындылар. Бәрін айт та, бірін айт демекші «Түркістан» газетінің бір бетін алып жатқан «Жанпида» мақаласын Американың әскери соты Ауғанстанға байланысты қылмыстық іс қарау кезінде пайдаланып, Гуантанамо түрмесінде жеті жылдан бері жатқан біздің Келес ауданының азаматы Ильхомжан Ботаевтың ақталып, бостандыққа шығуына себепші болған. Бұл қазақ журналистика тарихында бұрын-соңды болмаған жайт. Өз алдына бөлек әңгіме.

Республика Президенті грантының иегері Көлбай Адырбекұлының өзінің еңбекқорлығы мен тынымсыз ізденісінің арқасында толайым жұмыс атқарған. Шынында да, оның тек өзіне ғана тән жазу мәнері бар. Бұл жылдар бойына қалыптасқан, өзінің ғана ерекшелігі. Былайғы жұртқа елеусіздеу көрінетін ол үндемей жүріп, қаншама үлкен істерді бітірген десеңізші. Еріксіз тәнті боласың. 

P.S: 70-тің қырқасына шыққан Көлбай бауырымызды, әріптесімізді мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, бақыт және шығармашылық табыс тілейміз!

Суханберді ОРАЗАЛЫҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
10.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 106
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 105
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 624
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 742
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 654
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 664

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8797
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8198
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11425
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9179
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10411