Елдің рухани күші— оның мәдениетімен өлшенеді десек, ел мәдениеті мен өнерін дамытуда мәдени ошақтардың көрсетер қызметі мен алар орны ерекше.
Бүгін Республика күні мерекесінде Өндіріс ауылындағы клуб үйі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
Күрделі жөндеуден өткен клуб үйінің ашылуына аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады.
— Баршаңызды еліміздің ұлттық мерекесі Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Биылғы жылы «Ауыл—Ел бесігі» жобасы аясында осы Өндіріс ауылындағы клуб үйін күрделі жөндеуден өткізу қолға алынды.
Бұған жоба аясында 223,6 млн. теңге қаржы қаралды. Клуб үйінің күрделі жөндеу құрылыс жұмыстарын мердігер «Ақ-Айсер Табыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сапалы әрі мерзімінде аяқтап шықты. Бүгінгі жөндеуден өткен, жаңа клуб үйі де ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз. Ауылдың мәдениеті мен өнері өрістей берсін, —деген аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы құрылыс жұмыстарын жүргізген компания өкілдеріне және барлық ат салысқан азаматтарға алғысын білдірді.
Бұдан кейін ауыл қариясы, Игілік ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қойшыбай Жүсіпәлиев сөз алып, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, мереке қарсаңында ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлап отырған аудан басшыларына ризашылығын білдірді. Күрделі жөндеуден өткен жаңа клуб үйінің лентасы салтанатты жағдайда кесіліп, көпшілік қауым клуб үйінде мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады.
Мәлімет үшін, қазіргі таңда ауданымызда 2 мәдениет үйі және 17 клуб үйлері тұрғындарға қызмет көрсетуде.