Бұл кездесуді қос команда былай тұрсын, көкпардан хабары бар қарапайым көрерменнің өзі көптен күткен болатын. Ел есінде болса, ІІІ Дүниежүзі көшпенділер ойындарынан соң қос команданың арасындағы «кім мықты?» деген мәселе тіпті ушыға бастаған болатын. Екі елдегі көкпар жанашырлары мен жанкүйерлері қазандық пен шеңбер мәселесінде көкпарға түскен серкеден кем тартысқа салмады. Енді міне, сырт алаңда, екі командаға да араағайын бола білер Түркия төрінде бұл тартысқа нүкте қойылды деп ойлаймыз. Иә, Орта Азия былай тұрсын, аузы аққа, тақымы атқа жарыған күллі көшпенділердің арасында көкпар ойынында суырылып алға шыққан қазақ-қырғыз екілігі бір-біріне дес бермей, көп жағдайда итжығыс түсіп келген болатын. Оның дәлелі – бүгінгі ойын. 20 минутқа жалғасқан алғашқы тайм нағыз намыс үшін жан алысып, жан беріскен тартысқа толы болды. Бір-біріне есе бермеуге тырысқан екі команда да есепті 2:2 есебімен аяқтады. Ғасыр ойыны деуге болатын дүбірлі бәсекеде құрыш білекті көкпаршыларымыз ел мерейін асқақтатып, екі тайм қорытындысы бойынша қырғыз бауырларды 4:3 есебімен ұтты. Баршаңызды жігіттеріміздің толағай жеңісімен құттықтаймыз! Осы орайда, еліміздің намысын қорғаған көкпаршыларымызды таныстырып өтсек дейміз. Олар: Ұлан Байтөреев, 28.11.1979 ж. (Атырау облысы); Абылайхан Нышанбеков, 18.11.1994 ж. (Түркістан облысы); Құрманбек Тұрғанбек, 18.04.1997 ж. (Жамбыл облысы); Ынтымақ Әліпбаев, 01.05.1990 ж. (Атырау облысы); Құлажан Тоғайбаев, 14.04.1987 ж. (Жамбыл облысы); Бақытжан Әзімбай, 19.06.1993 ж. (Атырау облысы); Дәулет Айтан, 31.08.1995 ж. (Түркістан облысы); Арман Жамалбеков, 20.08.1992 ж. (Түркістан облысы); Есжан Құрманбай, 02.07.1993 ж. (Жамбыл облысы); Ислам Рәт, 15.12.1993 ж. (Жамбыл облысы); Айнабек Бердіқұл, 20.11.1997 ж. (Жамбыл облысы); Әділет Мамыт, 09.09.1997 ж. (Түркістан облысы). Екінші тайм да айтарлықтай тартысты өтті.