Ұлы көшке 35 жыл толуына орай Павлодар облысының Май ауданының Көктөбе елді мекенінде ұйымдастырылған іс-шараның туралы өз ой-пікірімді білдірсем деймін. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына 35 жыл толуымен қатар, 1991 жылы алғашқы көштің басталғанына, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия елдеріндегі шетелдегі ағайындарға қолдау көрсетіп, олардың тарихи Отанына оралуына барлық мүмкіндіктер жасалғаны белгілі жағдай болды ғой.
Облыс орталығынан 100 шақырымда орналасқан Май ауданының орталығы Көктөбе елді мекеніндегі аудан жұртшылығы осы іс-шараны «Мәдениет үйінде» тамашалады. Шараға елге еңбегі сіңген елеулі азаматтар қатысты. Олардың қатарында 1993 жылдың 15 ақпанында Моңғол Республикасының Қобда қаласынан Павлодар облысының Ақсу қаласына қоныс аударғаннан бері, бүгінге дейін осы Ұлы көштің басында жүрген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Зауытұлы бар. Болат Зауытұлының «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Президентінің грамотасы мен Алғыс хаттарымен, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің құрмет грамоталарымен марапатталуы адал еңбектің бір көрінісі.
Жұбайы Күнішаймен төрт баласынан он немере сүйіп отырған азамат осы жылдары тек Павлодар облысына көшіп келген 12 000 қандастың киелі мекен, құтты қоныс куәгері.
Сондай-ақ 1991 жылы Моңғолиядан алғашқы «Ұлы көштің басы-қасында болған тікелей ұйымдастырушы, «Құрмет» орденінің иегері, тарихшы-жазушы Мауытхан Оралхан, Қауымдастықтың Павлодар облыстық филиалының басқарма мүшесі, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы «Жыл мұғалімі» төсбелгісінің иегері, әнші Рысбек Шәкейұлы, Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің шолушысы, журналист Сахаба Тілеуберді де шараға қатысып, мерекенің көркін арттыра түсті.
Осындай мерекелік жиындар алдағы уақытта қандастары басым өзге өңірлерде де өткізілсе, қандас бауырлар қазақ қоғамына бейімделген жетістіктерімен бөлісіп, бір бастары қосылар еді.
Май ауданының әкімі Сатиев Қадылжан Қайырбекұлы осы кездесуге келген қандастарға, ауданның әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына өз үлестерін қосқан азаматтарға Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады.
Зейнеткер Сәдуақас Көбешұлы, жеке кәсіпкер Сайырхан Қалидолла сынды ауданның белсенді әрі іскер азаматтары да марапатқа ие болды.
Аудан әкімі Қадылжан Қайырбекұлы жайлы айтар болсақ, «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дегендей, мен осы іссапардың бас-қасында болып, бізді қарсы алған аудан әкімінің өз ісіне мығым, жөн-жоба білетін, білікті де білімді, шаруақор екенін көрдім. Бірер сағат бірге болған уақытта қандастардың сұрақтарына нақты жауап беріп, білімімен қоса ел сенімін ең биік мәртебе санайтын, халқына жақын әкім деп ой түйдім.
Шара барысында ол көрмелердің әрбір ұсақ-түйегіне дейін мән беріп, қандастардың өнеріне, еңбектеріне зор ықылас білдірді.
Бүгінгі әкім кім болу керек? Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «әкімдер халықтың сенімін ақтап, елдің береке-бірлігін нығайту үшін адал жұмыс істеу қажет» деді емес пе. Мемлекет басшысы халықтың мәселесін зерделеудің, оны іске асырудың жолын көрсетіп берді.
Осы жылдары Павлодар облысына Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Түрікменстан, Қытайдан және басқа елдерден 42 мыңнан астам адам көшіп келген екен.
«Елге ел қосылса – құт» деген халқымыздың даналығының өміршеңдігін осы көш тағы бір дәлелдеді. Елге келген қандас бауырларымыз өздері туып-өскен елдерінің озық тәжірибесін, таңдаулы мәдениетін, қаймағы бұзылмаған ана тілін, ата салт-дәстүрін тарихи Отанына ала келді.
Көктөбе ауылының тұрғыны, Май аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің статисті Мұғраш Қызырұлы ерен еңбегімен өзі орнатқан киіз үйдің ағаш шаңырағының қайыңнан, үйеңкіден, көктеректен тұратынын айтып, сонымен қатар киіз үйдің ішіндегі моңғолша «абдыр» – әбдіре, «шөдір» – шідер, «ноқты» – ноқта деген сөздердің қазақ тіліне өте жақын екенін жеткізді.
Осылайша бұл қандастардың басын қосып, ата-бабаларымыздан қалған мұралармен қайта қауыштырып, таным көкжиегімізді кеңейткен тамаша шара болды.
Сапарбек Маусумбаев
















