ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!
Бұл қандай су қоймасы?
Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылдық округіне қарасты Көкжиде жер асты су қорының жыры 50 жылдан бері көтеріліп келеді.
2024 жылдың 23 қарашасында жолымыз түсіп, Кеңқияқ, Сарыкөлге барған едік. Көкжиде туралы жазылған мақалаларды там-тұмдап болса да оқып жүрдім. Яғни аздап болса да хабарым бар-ды. Қытай компанияларында жұмыс істеген жігіттер «айтылып, жазылып жүргендердің бәрі шындыққа жанасады» дейді. «Осы тақырыпты көп жылдардан бері көтеріп жүрген облысымызға белгілі белсенді Құбашева Ардақ Мұғалқызы деген апамыз бар» деп, сол кісінің телефон нөмірін тауып берді. Біз келе жатқанда, өкінішке қарай, ол кісі ауырып ауруханаға түсіп қалды. Не де болса, бара көрерміз деп алған беттен таймадық. Ел болғасын ерлер де болады ғой. Бір ініміз Көкжиденің бұйратты құмдарын аралатып көрсетті. Мұнайды әлі сорып жатыр екен (Качалкалар жұмыс жасап тұр). Жергілікті тұрғындардың айтуларынша, жоғары жаққа «тоқтаттық» деп ақпарат беріпті. Құм үсті качалкалардан көз сүрінеді. Жұмыс істеп тұрғанын көзбен көрдік. Көкжидеге барар алдында осы бірегей (уникальный) тұщы су қоймасы туралы ақпарат іздедік. Кезінде Көкжиде мәселесімен айналысып, зертеу жүргізген геолог, гидрофизик Владимир Павловтың айтуынша, 1970 жылдардан бастап зерттеулер жүргізіліпті. Диссертациялық жұмыстарға да арқау болыпты. Оның айтуына қарағанда, Ақтөбе қаласының аумағына кіретін Жилгородоктың да астында жер асты суы бар екен. Бірақ ол қазір ішуге жарамсыз болып қалған дегенді айтты. Өйткені, кезінде Ақтөбе хром зауыты зиянды қалдықтарын Елек өзеніне ағызыпты. Өзен жер асты суларымен байланысты болғандықтан, тұщы суларға әсер еткен көрінеді. Қазір ол суларды «техникалық сулар» деп атайды екен. Қазір Ақтөбе қаласына Сарбұлақ деген жерден құбырлар арқылы тұщы су алынып отыр. Ол Көкжиде сияқты емес, ыдыстардың ішіндегі су сияқты дейді. Ол түбі бір сарқылатын көрінеді. Көкжиденің кереметі сонда, ол құмды жерде болғандықтан, өз-өзінен табиғи тазарып отырады екен. «Көкжидені құртып алсақ, табиғат түгілі, Құдай да бізді кешірмесі анық. Әрине, судың астында орналасқан мұнай да керек шығар?! Бірақ 20-30 жылдан кейін тұщы сулардың бағасы мұнай бағасынан қымбат болатыны ақиқат», – деп сөзін тамамдады...
Жергілікті белсенділердің жанайқайлары
Көкжидеге байланысты болған талай жиындарда тұщы суымызды техникалық су ретінде пайдаланып отырған шетелдік компаниялардың заңсыз әрекеттерін айтудай-ақ айтып келе жатқан жергілікті белсенділерді тыңдап көріңіздер:
«...Кеңқияқтағы су мәселесі 2005-2006 жылдары біздер Шеңгелдіши, 30 жылдық, Жаңажол, Сағаға барып, осы су мәселесін көтергенбіз. Судың зардабын 20 жыл көріп келе жатырмыз! Ішіп жатқан суларымыздың тазалығы ештеңе емес. Судың жоқтығына халық кәдімгідей ашынды. Талай журналистер де келді. Баклашкалармен әкімдіктің де алдына бардық. Түнгі 3-терде де колонканың түбінде отырдық... 2013 жылы Нобель сыйлығына үміткер болған Бәшенкөл ауылы газсыз отыр. Су қазір майлы, талай СЭС-тің адамдары келіп зерттеді. Ішуге болмайды деді.
«Экология ел ертеңі үшін маңызды. Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі көпшіліктің көкейкесті мәселесі. Сондықтан, елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа экологиялық кодекс қабылдау керек» деген еді Президент Қ. Тоқаев 2019 жылы 12 шілдеде сөйлеген сөзінде. Бүгінгі таңда сол кодекс қабылданса, қаншалықты жұмыс жасап жатыр, нәтижесі құптарлық па деген сұрақ көкейде әлі тұр.
Канадалық азамат режиссер-сценарист Алланс Адамсагин: «Соңғы ағаш кесілген кезде, соңғы балық ауланған кезде, соңғы өзен сулары уланған кезде ғана сіз банктегі шоттың байлық болмайтынын, ақшаның тамақ болмайтынын түсінерсіз. Бірақ ол кезде кеш болады!» – деген еді. Өйткені халық бүгінгі күнін емес, келер ұрпақтың салауатты өмірлеріне алаңдаулымыз. Біздің қазіргі таңдағы миссиямыз табиғат пен адамзат денсаулығына белсенді араласып, мемлекет тарапынан қолдау өте қажеттігін түсіндік.
Мұнайға иелік етіп отырған байлық иелерінің жіберген газдарынан денсаулыққа айтарлықтай зиян келуде. Әсіресе, балалардың денсаулығы нашарлап кетті. Өлім-жітім көп, жазылмас дерттер ушығып тұр... Кеңқияқта мүгедек балалар көбейіп жатыр. Бұрын 10-15 болса, қазір 70-тің үстіне шықты. Мен тек 14 жасқа дейінгісін айтып отырмын. 14 жастан жоғарылар арасында да мүгедектер бар...». Бұл ақпарат Құбашева Ардақ Мұғалқызының 2023 жылдың қаңтар айында, Көкжиде су қорына қатысты аудан орталығы Шұбарқұдықта өткен қоғамдық тыңдаудағы жүрекжарды сөздерінен алынды.
Үстіміздегі жылдың 11 қарашасында ұшқыш, мұнайшы, «Кеңқияқ ауылының ардагерлер кеңесі» қоғамдық кеңесінің төрағасы Ұлықпанов Ерсайын ағамыздың Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітовке жазған хатынан үзінді келтірейік:
«...Сізге осы хатты жолдай отырып, Ақтөбе облысының Темір ауданында орналасқан Кеңқияқ, Саркөл, Шұбарши, Бәшенкөл, Құмсай, Қопа тұрғындары атынан, сондай-ақ және Президентіміздің, яғни Қасым-Жомарт Кемелұлының «Біз жаңа Қазақстанды құруға кірістік» деген сөзін келтіре отырып, «алдымызда өршіл мақсаттар тұр» дегенде, мына мәселеге назарыңызды аудармау қылмыс болып есептеледі. Кеңқияқ ауылдық округі аумағында бірегей Көкжиде тұщы су кені бар. Бұл су қоймасы аумағы жөнінен елімізде Балқаш көлінен кейін екінші орында екенін білесіз. Ол ашылған күннен бастап бұл су қоймасының контурында қандай да бір жұмыстарды жүргізуге тыйым салынған. Бірақ ғалымдардың дәлелдеріне (қосымша келтірілген), қоғам қайраткерлерінің, бейбіт тұрғындардың наразылығына да қарамастан 20 жылдан астам уақыт бойы «СНПС Ақтөбе мұнайгаз» АҚ, «ҚМК Мұнай» АҚ, «Ада Ойл Фирмасы» ЖСШ, Көкжиде құмында мұнай өндірумен айналысуда. Көкжиде келісімшарттық аумақтарда болғандықтан, оған мемлекеттік органдардың, ғалымдардың, сарапшылардың, мүдделі жұртшылықтың кешенді бақылауы үшін қолжетімділік жабылды. Қабатаралық ағындар арқылы бұрғылау кезінде судың ластану қаупі бар екеніне қоса, бұл тұщы су халықтың айтуынша «алтын» суды мұнайшылар техникалық мақсатта пайдаланады (Қысым жасау үшін коллектор құйылады...) Және басқа да көптеген өндірістік циклдерде қолданады. Оны қадағалау және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында жүргізілген жұмыстары іске аспайды. Тағы бір айта кететін жайт, кен орнынан небәрі 5-6 шақырым жерде орналасқан жергілікті тұрғындардың су құбыры жоқ.
Көкжидеден суды тек Кеңқияқ қана алады, ал жеткізу КМГӨБ АҚ «Ақтөбемұнайгаз» СНПС-тың сорғы станциясы арқылы жүргізілуде. Оларға суды пайдалануға кім рұқсат береді?..» деп сауал тастайды. Зейнеткер белсенді. Осындай өзекті мәселелердің оң шешімін қаншама уақыт күтуіміз керек екен?!
Сағат Оразов және министрліктің жауабы
Ақтөбе қаласының тұрғыны жас белсенді азамат Сағат Оразов 3 қараша 2022 жылы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне мынадай мазмұндағы хатын жолдапты.
«Мен Ақтөбе тұрғыны Уразов Сағат Еркінұлы.
Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылы мұнайлы өңірде, Жаңажол деген зауыт бар. Қытай компаниясы СНПС сол зауыт пен 25 жылға келісімшарт жасасқан, сол биыл аяқталу керек еді. Екі жақ келісімшарт қалай жасасқан, қай уақытта бітеді жаңа келісімшарт қалай болады. Халықтың тілінде түсіндіріп нақты ақпарат бересіз бе?
АЛУШЫ
«Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі»
SMS Хабарламалар үшін телефон нөмірі +7(702)894-07-44»
Сағат Оразовтың атына министрліктен мынадай мазмұнда хат келеді.
«Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) жоғарыда көрсетілген өтінішті қарап, құзыреті шегінде мынаны хабарлайды. 1997 жылғы 26 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитеті мен «Ақтөбемұнайгаз» АҚ (бұдан әрі – Жер қойнауын пайдаланушы) арасында ҚР Ақтөбе облысының Жаңажол, Кеңқияқ (тұз үсті және тұз асты) кен орындарында көмірсутектер бойынша операциялар жүргізуге нөмірі 76-УВС 25 жылға Келісімшарт (бұдан әрі – Келісімшарт) жасалды. Келісімшарт талаптары шеңберінде Жер қойнауын пайдаланушы мұнай-газ өңдеу кешені – зауыт салды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 2022 жылғы 23 маусымда Келісімшарт үш жылға ұзартылды (2025 жылғы 23 маусымға дейін). Ұзарту кезінде Келісімшарт ҚР Энергетика министрлігінің 2018 жылғы 11 маусымдағы нөмірі 233 бұйырығымен бекітілген жер қойнауын пайдалануға арналған үлгілік келісімшартқа (нысан қоса беріледі) сәйкес келтірілді. Министрліктің жауабымен келіспеген жағдайда, Сіз оған Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің 13-тарауында көзделген тәртіппен шағымдануға құқылысыз» депті.
Қарапайым жас жігіт құзырлы министрлікпен қалай соттасады? Соттасқан күнде оның жеңіп шығуына қандай кепілдік бар?
Енді Сағат Оразовтың 2025 жылғы 7 қаңтардағы жазған хатына Қазақстан Энергетика министрлігі былай жауап береді: «Сағат Еркінұлы Уразов 2025 жылғы 7 қаңтардағы нөмірі ЖТ- 2025-000 33909 өтінішке Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) жоғарыда көрсетілген өтінішті қарап, өз құзыреті шеңберінде келесіні хабарлайды. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Қазақстан Республикасы Ақтөбе облысының Мұғалжар және Темір аудандарының аумағында орналасқан Жаңажол, Кеңқияқ (тұз үсті) және Кеңқияқ (тұз асты) кен орындарындағы көмірсутектер бойынша операцияларды жүргізуге арналған 1997 жылғы 26 қыркүйектегі нөмірі 76-УВС Келісімшарт (бұдан әрі – Келісімшарт) бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ие болып табылады. 2023 жылғы 17 қазандағы нөмірі 5278-УВС мемлекеттік тіркеу нөмірімен нөмірі 7 толықтыру жасалып, Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» Кодексінің ( бұдан әрі – Кодекс) 119 және 120-баптары талаптарын ескере отырып, келісімшарттың қолданылу мерзімі 2042 жылғы 23 маусымға ұзартылды...» депті. Яғни халықтың талқылауына салмай жабық түрде өздері шешім қабылдаған екен. Егерде Сағат Оразов хат жолдамағанда бұл қитұрқы әрекеттерден бейхабар қалған болар едік!
Бұл мәселе Парламентке жетті
Қазір Көкжиде су қоймасының мәселесі Парламентке де жеткен сыңайлы. Олардың бұл өзекті мәселеге қаншалықты бас қатырататынын уақыт көрсетеді. Біздің тараптан айтарымыз бұл ушығып тұрған өзекті шаруаға жоғары билік қатты араласулары тиіс.
Жергілікті әкімдер Президентіміздің сеніп тапсырған аудандарында отырған Президенттің һәм көзі, һәм құлағы болуы тиіс. Олар шетелдік компаниялардың алдында қауқарсыз болып отыр. Әйтпесе, заңды алға тартып, шаңдарын қағып алуға болар еді ғой. Осы жерде Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабынан үзінді келтірейік:
– Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін. Демек жердің де, оның қойнауындағы жатқан кен орындарының да иесі халық! Яғни халық өздерінің табиғатын бүлдіріп жатқан компанияларды сотқа тарта алады деген сөз. Кеңқияқ, Сарыкөл, Бәшенкөлді барып көрдік. 56 жылдан бері мұнай-газ өндіріліп жатқан аймаққа ұқсамайды. Ауызсудың жағдайын жергілікті белсенді азаматтардың жанайқайынан естіп отырсыздар. Тұщы сулардың қоры азайып бара жатқанда, бар суымызды техникалық суға айналдырып алсақ, масқараның көкесі сол емес пе?
Халықтың үміті Президент Тоқаевқа тіреліп тұр. Жергілікті билік жүйесі жақсы жұмыс жасаған болса, ешкімде Президентке арыз айтпас еді. Бүкіл қолда бар ақпаратты пайдалана отырып тәуелсіз комиссия жасақталып, кешенді тексерістер жүргізу керек. Кінәлілер қатаң жазалануы тиіс! Осы арада айта кетудің реті келіп тұр. Қазақстан мұнайының 110 жылдық мерейтойына келген Нобельдің немересі басын шайқап, «мұнайлы аймақта үлкен жемқорлықтың исі шығады» депті. Бөтендерге қашанғы таба бола береміз?..
Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ,
Алматы – Ақтөбе –
Кеңқияқ – Саркөл