«Қазақстанда екінші жыл қатарынан көмір бағасы өсіп келеді. Биыл көмір өндіру көлемі артып отыр. Мәселен, қаңтар-қыркүйек айларында лигнит пен көмір концентратын қоса алғанда 82,1 миллион тонна тас көмір өндірілген болатын. Бұл былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 1,5 пайызға артық. Соған қарамастан, көмір бағасы тағы көтерілді. 2021 жылы тас көмірдің орташа бағасы 5,1 пайызға өсті. Елдің 14 аймағында көмір бағасының өскені байқалып отыр. Шығыс Қазақстан облысында бір жыл ішінде 10,8 пайызға қымбаттаса, Жамбыл мен Түркістан облыстарында 8,6 пайыз көтерілген. Батыс Қазақстан облысында ғана биыл 1 пайызға арзандады. Бір ай бұрын ең қымбат көмір Орал қаласында болған. Ол жерде бір тоннасы 19,3 мың теңгеден сатылды. Таразда — 15,6 мың теңге, Түркістанда 15,3 мың теңге тұрған. Ал ең арзан көмір Семейде 9,8 мың теңгеден сатылған. Айта кетері, Қазақстанда өндірілген көмірдің басым бөлігі Павлодар облысына тиесілі. Ол жерде биыл 47,9 миллион тонна өндірілген. Одан кейін Қарағанды облысы (27,7 млн тонна) мен Шығыс Қазақстан облысы (6 млн тонна) тұр»,— деп хабарлайды.