Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов осылай деді. Қара күз қалай түседі, біздің елде көмір проблемасы «айқайлап» шыға келеді. Жылда қайталанады. Оны үкіметтің өзі реттей алмай пұшайман болады. Себебі көмірдің бағасы алыпсатарлар арқылы шарықтап кетеді. Әр қожайын өз қолайына жағатын бағаны ұсынып, тығырыққа тірейді. Ақырында қиналатын – халық. Қымбатшылыққа ұрынатын – халық. Бүрсең қағатын – халық. Бағаны реттейтін монополияның өзі «көмірдің» алдында дәрменсіз. «Қыс қамыңды жаз ойла» демекші, жылда «аузы күйетін» Үкімет биыл ерте қимылдап жатқан сыңайлы. Ертеміз осы қара күз ғой
Көмір тапшылығы жыл сайын қайталанатын үйреншікті жағдай болғандықтан, Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов халықты атқарылып жатқан істермен құлағдар етуді жөн көрген секілді. «Жалпы өңір әкімдіктері жылыту маусымына дайындық жұмыстарын кестеге сай жүргізіп жатыр. Қостанай, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстары әлеуметтік сала объектілері мен тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жоспарын 100 пайыз орындады. Дегенмен, тұрғын үйлердің дайындығын кестеден кешіктіру фактілері де бар. Мысалы, Павлодар облысында 66,5 пайыз. Халыққа жылу уақытымен беріліп, көмір жеткізуге байланысты проблема болмауы тиіс, – деді Үкімет басшысы. Айтуынша, көмір тапшылығы жыл сайын қайталанатын үйреншікті жағдайға айналып барады. Көмірге деген ұзын-сонар кезек, бағаның күрт өсуі, уақытында жеткізілмеуі, өңірлерде көмір қорын дер кезінде жинап алмау – осының барлығы халықтың наразылығына алып келеді. Бұған жол беруге болмайды. Жылыту маусымына дейін аз ғана уақыт қалды. Солтүстік өңірлерге суық ерте түседі. Сондықтан жылыту маусымын қыркүйектің соңында бастау жоспарланған. Демек, дайындық жұмыстарын барынша тездету қажет, – деді Әлихан Смайылов.