Қылышын сүйретіп қытымыр қыс келгенде, күн де ызғар тартып, адамды әуреге салары белгілі. Саршұнақ аязға дайын болудың қамы жасалып, сақадай сай болу үшін қысқы отынның қоры толықтай жетуі керек.
Қара көмірдің бағасы шарықтап, қымбатшылық жайлап тұрған шақта бірінің қалтасы көмірдің бағасын көтергенімен енді бірінің қалтасы көтермесі анық. Осындайда ақжолтай мейірімді ауыл азаматтары жиналып, тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созуда аянып қалмауда. Тәу етер Тәуелсіздік күніне орай ауыл азаматтары қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, игілікті іске ұйытқы болып келеді. Жуырда «Жайылма қайырымдылық қорының» қолдауымен Жайылма ауылының аз қамтылған және көпбалалы 4 отбасына бір тоннадан көмір түсіріліп берілді. Қорға қаржылай қолдауды жас ауыл азаматтары бір жағадан бас бір жеңнен қол шығарып, бірліктің үлгісін танытты. Қайырымдылыққа тамшыдай болса да үлес қосқан атпалдай азаматтарға отбасылар шексіз алғыстарын жеткізіп, жылы лебіз тілектерін жолдады.
Жалпы, ауылдың айшықты көрінісі бірлікпен жарасым тапқандай. Жүректері «Әр қазақ менің жалғызым» деп соғатын азаматтардың ісі қашан да асқақ абырой мен береке сыйлайды. Сауапты істен құр қалмай, сансыз істерде «Сен тұр, мен атайын» дейтін ауыл жанашырлары ынтымақтың үлгісін ісімен дәлелдеп келеді. Тәуелсіздік күніне қайырымдылық қоры тұрмысы төмен жандарға осындай сый жасады.
Мұндай игілікті шаралар, алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Қол ұшын беруге әзір тұратын ауызбіршілігі мол ауыл азаматтарының берекесі арта берсін.