Көрпеңе қарап көсіл, орынсыз шығынды азайт!

Көрпеңе қарап көсіл, орынсыз шығынды азайт!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен біз осыны сезіндік. Жайылып кеткен қазақтың дарақылықпен тойға шашылатынын, бар мен жоққа қарамайтынын да нарық заманы кешірмейді. Сондай-ақ Президент алда қиын кезең келе жатқанын, оған дайын болуымыз керек екендігін ашық айтты.

 

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы болып өтті. 

– Бүгін біз Үкіметтің кеңейтілген отырысында өте өзекті мәселелерге тоқталамыз. Себеп бәрімізге белгілі. Қазір дүниежүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық. Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор.

Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз. Осы жұмыстың нәтижесі былтыр қандай болды? Негізгі міндеттер орындалды ма? Бүгін осы сұрақтарға тоқталамыз және жақын арада шешімін табуға тиіс өзекті мәселелерді талқылаймыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Бұдан ары қарай күн тәртібіне сәйкес, Премьер-министр Олжас Бектенов, Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтар ретімен баяндама жасап, 2024 жылы атқарылған іс-шаралар мен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталып өтті. 

Премьер-министр Президентке Қазақстан экономикасының өсу қарқыны туралы мәлімдеді. Өткен жылы аталған көрсеткіш 4,8%-ды құрады. Ауылшаруашылығында – 13,7%, құрылыста – 13,1%, саудада – 9,1%, көлікте – 8,5% жоғары серпінге қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9%-ға артты. Бұл ретте аграрлық сектор мен өңдеуші салада соңғы 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді.

Бұдан өзге баяндама жасаған әріптестері де қол жеткізілген табыстарға тоқталып өтті. Президент Қызылорда облысындағы жемісті жұмыстарға ризашылығын білдіре келіп, «тоқмейілсуге болмайтындығын» да қағыс қалдырған жоқ.

Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз кезегінде ішкі-сырт-қы  күрделі  жағдайлар  астында барлығына дайын болып, жіті қимылдауға шақырды.

– Сырттағы ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәтижелер бар. Ел экономикасы өсіп жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп. Қазіргі таңдағы басты мәселе мынадай. Әлем экономикасында болып жатқан тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестер қалыпты жағдайға айналды. Бұл үдерістің салдары жойқын болуы мүмкін. Климатқа байланысты ұстанымдар да үлкен өзгеріске ұшырайтын болды. Мұндай жағдайда «жасыл энергетиканы» дамыту тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Бір жағынан, дәстүрлі қуат көздеріне деген сұраныс сақталады. Екінші жағынан, бұл мұнай, газ және көмір бағасының тұрақсыздығына әкеп соқтырады.

Қаржы саласында криптовалюталар мен басқа да цифрлық активтер кеңінен қолданыла бастады. Жасанды интеллектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты, соған байланысты технологиясы дамыған алып елдер арасында бәсеке қыза түспек. Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек. Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет», – дей келіп, Үкімет пен басқа да құзырлы органдардың жақын арадағы негізгі міндеттеріне тоқталып өтті. 

Президент айқындаған негізгі бағыттар мыналар: БІРІНШІ – Экономиканы әртараптандыру. ЕКІНШІ – Инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру керек. ҮШІНШІ – Цифрлық технологияны жан-жақты енгізу қажет. ТӨРТІНШІ – Энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру. БЕСІНШІ –  Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажет. АЛТЫНШЫ – Салық-бюджет саясатын реформалау. ЖЕТІНШІ – Маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтамасыз ету керек. СЕГІЗІНШІ – Әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажет.

Мемлекет басшысы жоғарыда аталған 8 түйінге жеке-жеке тоқталып өтті. Олардың арасында еліміздің логистикалық әлеуетін онан ары дамыту үшін жаңа теміржол желілерін тарту, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу екендігін айта келіп «Шұғыл атқаратын шаруаның бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру. Ірі әуежайларымызды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау қажет», – деді. Бұдан бөлек энергетика саласындағы тапшылықты болдырмау үшін «Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым», – деді Мемлекет басшысы.

Президент алға қойған міндеттер мен тапсырмалардың арасында жаңа тарифтік саясатқа көшу, салық саясатын жетілдіру, МӘМС жүйесін қайта қарастыру сынды бірқатар маңызды мәселелер бар.

– Мен бүгін Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап бердім. Бұл – ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелері.

Экономикамыз дамып жатыр. Бірақ оның қарқыны ойдағыдай емес. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Оны алдағы бес жылда орындауымыз керек. Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз. Бүгін біз еліміздің 2024 жылғы даму нәтижесін қарадық. Қордаланған мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындадық. Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажет. Сөз соңында тағы да атап өткім келеді: бізге нақты нәтиже керек. Нәтиже болса ғана даму болады», –  деді Мемлекет басшысы.

Біз Президенттің жүктеген маңызды міндеттері мен тапсырмалары туралы алдағы нөмірлерімізде кеңінен тоқталып, оқырман қауымға сараптамалық материалдар ұсынатындығымызды ескертеміз.

PS: Президент «ел экономикасын тұралап қалудан сақтап қалу керек» деді. Оны сақтап қалу үшін мол кіріс көзі қажет. Бектенов соны қайдан алмақ? Қосымша құн салығын көтермекші. Өйтсе инфляцияға жол ашатынын мамандар шырылдап айтуда. Оның үстіне жемқорлық күшейіп тұр. Доллар өсіп, қымбатшылық қарпып алды. Бұның басты себебі Ресейден келіп кәсіп ашқандардың рубльді долларға айналдыруынан дейді экономистеріміз ашына. Біздіңше, Үкімет осы мәселелерге көңіл аудару керек деп ойлаймыз.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

 

30.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 14063
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 12877
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 16137
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 15041
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 20089