LRT ЖОБАСЫ ҚАЙТА ЖАНДАНБАҚ: НЕ СОР, НЕ БАҚ

LRT ЖОБАСЫ   ҚАЙТА ЖАНДАНБАҚ:    НЕ СОР, НЕ БАҚ

Астанада салынғалы жатқан  LRT-ның «жыры» бүгін-ертең  бітпейтін түрі бар.  Жүрісі жеңіл болғанымен, жолы ауыр болған бұл жобаның тағдырына қатысты былтыр қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жобадан жемқорлықтың иісі мүңкіп тұр. Енді тиімді шешім қабылдау қажет. Оны жай бұза салатын болсақ, уақыт та, ақша да текке кетеді. Бізде басқа амал жоқ. Отандық және шетелдік сәулетшілерді, урбанистерді шақырып, осы жобаны ары қарай пайдаланудың жолдарын анықтаумыз керек»,– деген болатын. Президент бұл іске екпін бергесін  LRT жыры қайта қарқын алған.  Расында да  бұл жобаның «қаңқасын тұрғызуға»  қаншама қаржы жұмсалды.  Қаншама есіл ақша жемқорлардың жұтқыншағына жұтылды. 

Жемқорлық демекші, 2021 жылдың 28 мамырында Астанада «Астана LRT» компаниясының қаржысын жымқыру бойынша аты шулы іс аяқталды. Жеті экс-шенеунік пен Astana LRT компаниясымен жұмыс істеген компаниялардың қызметкерлері жеті жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталды. 

Айтпақшы, Президенттің LRT-ға қатысты оң көзқарасын сезінгесін,   урбанистер де үн қата бастаған. Соның бірі – Асхат Сәдуов. Ел арасында «балық көпір» аталып кеткен аспалы көпірдің авторы. Оның айтуынша, асықпау керек. Ол Алматыдағы метроның 50 жыл салынғанын айта келе, ЛРТ-ның қызығын 40-ншы жылдарға қарай көре бастаймыз. Бұйырса, әрине. Урбанист, архитектор Асхат Сәдуов: «Мен бұл құрылысты аяқтау қажет деген ойды құптаймын. Бірақ оған қатысты шешімдердің тез қабылдануына қарсымын. Әуелі урбанист мамандар отырып, ортақ шешімге келсін, халықтың пікірін сосын сұрай жатамыз. Себебі елордалықтар ЛРТ мен БРТ-ның не екенін білмейді. Өміріне қандай өзгеріс әкелетінінен хабарсыз. Себебі бізде ондай тәжірибе ешқашан болған жоқ. Түптеп келгенде, бұл жобаға «әлеуметтік каркас» ретінде қарау керек дер едім». Сәдуовтың сөзінше, ЛРТ-ның әлеуметтік әсерін әзірден болжау қажет. Яғни оның әрбір аялдамасын бизнес нүктеге айналдыру қажет. Себебі қоғамдық көліктің бұл түрімен тұрғындарды тасымалдап табыс табамыз деу әбестік.

 Исі еуропалыққа таныс урбанист Рикардо Марини де өз көзқарасын былай білдірген: «Бұл жақсы жоба, жақсы жоба болған еді. Қазақстан LRT саламыз дегенде мен қуандым. Кейін оның бюджеті бойынша біраз әңгімелер айтыла бастады. Мен саясаткер емеспін, сондықтан ештеңе дей алмаймын. Бір айтарым, қалаға мұндай қоғамдық көлік түрі қажет. Ол қаланың өсуіне мүмкіндік береді. Әрі адамдарға таңдау еркін береді. Мен Астанаға келгенде таңқаламын. Далада минус 20, ал адамдар жаяу жүреді. Ал, аяз көтерілгенде көлікке мінеді. Көлік көп, кептіліс, ауаның ластануы. Проблемадан проблема туындай береді». Марини қызық мәліметпен бөлісті, Швецияда жүргізілген зерттеулер көлік кептелісі көп елде ажырасу да аз болмайтынын көрсеткен. Сондықтан жоба керек депті.

31 қаңтар күні Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Астанада LRT құрылысын жалғастыру төңірегіндегі жағдай туралы  әңгіме көтерді. Вице-премьер LRT құрылысына қатысты мәселе елорда әкімдігінің құзырында екенін еске салды. Бірақ сонымен бірге ол Астана әкімі болып тұрғанда жобаның «бастапқы кезінен өзгергенін» құлаққағыс етті. «LRT жобасы менің құзыретіме жатпайды, мен қадағаламаймын. Ол – әкімдіктің ісі. Осы жұмысты атқарып жүргенде мен талай рет сөз сөйлеп, хабардар еттім. 2022 жылдың қорытындысы бойынша біз 50 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінгенін және құрылыс алға жылжығанын айта аламыз. Қала әкімдігі қазірдің өзінде жұмысын жалғастырып жатыр», – деді.

Үкіметтен шыққан пәрменді «дауыстан» кейін «Жемқорлыққа қойылған ескерткіш» аталған LRT 2024 жылдың аяғына дейін аяқталатыны белгілі болды.

 Астана әкімі Жеңіс Қасымбек: «Көлік жүйесі құрылысының келесі кезеңі 2022 жылы басталған. Жұмысты екі жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Алғашқы соманы былтыр үкімет бөлді. Биыл бұл нысанның құрылысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Мобилизациялау жұмыстары, сондай-ақ LRT-де жұмыс істейтін болашақ пойыздар, техника бойынша аванстық төлемдер жүргізіліп жатыр. Жоба 2023-2024 жылдар аралығында жүзеге асырылады деп жоспарланған, келесі жылдың аяғына дейін іске қосылуы тиіс», – деді қала әкімі.

Ұзын сөздің қысқасы, LRT жобасы іске аспақ. Дамыған елдердің астаналары секілді келешекте елорда тұрғындары әуежай мен теміржол вокзалдарына еш қиындықсыз зулап бармақ. Сол кезде Астана қаласындағы кептелістің де мәселесі шешілмек.  Жол-көлік қатынасы да реттелмек. «Жаңа Қазақстанға» жол ашылмақ. Айтуға бәрі жақсы-ау. Тілде сүйек жоқ. Қиялға шек жоқ.  Елдің қазіргі бар арманы: LRT-ны тіл мен көзден, сұғанақтардың жаман  пиғылынан сақтасын  деген ізгі тілек қана. 

PS: Данияда 110 км жеңіл пойыз жолын 0.5 млрд $ салып бітірсе, Астанада LRT 1.5 млрд $  бітпей  қалды деген сыбыс бар...  Осыдан сабақ алсақ игі!

 

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
10.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1059
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7101
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10954
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7169
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7312