«Жүре берсең көре бересің» деген рас екен. Тәуелсіз елде тұрып жатсақ та не көрмей жатырмыз? Сөйте тұра бәріне көнген «батырмыз». Сөйлеп кетсек ағыл-тегіл ақынбыз. Ей, қазағым, батырлығың, ақындығың не керек, тілден егер кетіп жатса хақымыз. Басқа – басқа, кез келген біреуге, жеріңде алшаң басқан «тіреуге», «Қазақша сөйле» деп талап етуге де қайран қазақ шамаң жоқ. Шамаң болса да, амалың жоқ. Амалың болса да, тірек қылар қамалың жоқ. Себебі заңға бойсұнасың? Бойсұнбасаң бірдеңеге ұрынасың. Сондықтан да тоты құстай түрленесің, бүйте берсең қашан жапырағыңды жайып гүлденесің? Қашан ана тіліңді ардақтайсың, ана тіліңді ардақтағаныңмен, билік басынан нан таппайсың! Міне, бұл – қасірет!
Күні кеше әлеуметтік желіде Magnum желісінің курьерінің жұмыстан қуылуы қызу талқыға түсті. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» емес, даудың басы курьер жігіттің қазақ тілінде сөйлеуді талап етуінен басталған. Ал кейін компания басшылығы оны жұмыстан шеттеткен.
Бұдан асқан қорлық болмас, қазақ баласы! Ол бейшараның бар жазығы тұтынушыға «қазақша айт» дегені. Райыңнан қайт дегені. Ең сорақысы екеуі де қазақ. Екеуі де әлемге болды мазақ. Бұған шыдамаған халық «Магнумға» байкот жариялап жатыр. «Байкотты қолдайық бәріміз, өз ана тіліміз бірінші орында болу керек» деп жатқан қазақтардың қарасы көп. Шүкір, тәуба!
Иә, қолдауға тұрарлық талап. Ышқынған қазақтың ысқырған талап-тілегі қалғып отырған Үкіметті оятса игі. Ондағы ұнжырғасы түскен, ана тілінен безген қазақтарды шошытса игі. Олардың бойларындағы, ойларындағы ұлттық рухтары түнде көздеріне елестеп, қорқытса игі. Еліміздегі тілінен мақұрым қазақтарды осы байкот толқытса игі.
Қазақ тілін менсінбейтін бизнес өкілдеріне Қазақстанда орын жоқ. Осыны билік те түсінуге тиіс! Қазақстан бай саудагерлер мен көпестерге сауын сиыр емес! Қазақтың даласына келген әр адам, оның тілі мен діліне құрмет көрсетуі керек! Әйтпесе мәселе ушыға бермек. Ушығып кетсе, ешкім де бере алмайды билікке көмек.
Қазақ жұртының ақшасын адал, тілін харам деп танитын «Magnum» секілді сауда дүкендеріне намысы бар әр қазақ байкот жариялауы заман талабы! Шыдамның да шегі бар. Ұлтты ұлт қылып тұрған – тілі. Сол тілді қажет етпесе, бұл көрініс қазақ халқының бетіне түкіргенмен бірдей.
Қазақ халқы жалынды сөздерден, аталы өсиеттерден кенде емес. Бірақ ол сөздерді ұстанатын пенде бізде көп емес. Айтылады, қалады. Қашан сілкінтеміз сананы?
Алаш арысы Міржақып «Оян, қазақ!» деп ұран салды. Оянбадың! Бір-біріңді жау қылып көрсетуде аянбадың! Қашан ұйқың қанады? Қашан, қазақ, тілің шыңға қонады?
«Ұлтты сыйлау, ұлт тілін құрметтеу – қасиеттің ең қасиеттісі. Қасиетсіздік не? «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық» (Б.Момышұлы), «Ана тілін өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» (Ғ.Мүсірепов). Осыны қай қазақ бойына бойтұмар етіп тағып алады? Тек соның бағы жанады.
Жаңа Қазақстанды дамыған елдердің қатарына қосуға ел Президенті бастап, Үкімет пен Парламент депутаттары қостап, қолдарынан келгеннің бәрін жасауда. Отыз жылдай билік жүргізген «ескі Қазақстаннан» іргесін аулақ салуға билік бар күшін салуда. Бұл – құптарлық қадам. Алайда жаңа мен ескіні алмастыру үшін «сиям егіздеріне» ота жасағандай іс-әрекет керек тәрізді. Себебі бұрынғы кадрлар мен жаңа кадрлардың тіл табыса кетуі оңай соқпасы анық. Мақсат пен мүдде қайшылығы деген тағы бар. Көпшілік қауым «ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп тілеуі де осы сарындас дүние. Жаңа биліктің жаңашылдыққа ұмтылуы да жақсы қасиет.
Әйтсе де «жаңа мен ескінің» бір ұқсас жері болып тұр. Ол – мемлекеттік тіл туралы заңға «тістерінің батпауы». Ресейге жалтақтап «әдептілік» сақтауы.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы «Азшылық көпшілікке бағынады» деген принциптің салдарынан Ата Заңға еніп кеткен «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» (Конституцияның 7-бабының 2-тармағы) деген заң нормасының әлі күнге жүзінің «нұрланып» тұруы ұлтым дейтін азаматтарға ауыр соққы болып тұр. Себебі қайда барсақ та алдымыздан сол заң көлбең етіп «шығады». Талайлар осы сөзден жүрексініп ығады. Көпшілік осы сөзден қорғаншақтап бұғады. Қайтпек керек?
Әлеуметтік желіде Қайрат Қасымов деген азамат былай жазыпты. «...Қазақ жастары бүгінде жаппай орыстану процесін бастан кешуде. Балабақшадан бастап, мектеп, жоғары оқу орны, еңбек мекемелерінің барлығы негізінен орыс тіліне көшуде. Өз еркімен емес, әділетсіз биліктің ұзақ жылғы солақай саясатының арқасында. Көшеде, кеңседе, дүкенде, көлікте, қоғамдық орында қазаққа қазақ орысша сөйлемесең немесе ұлтты сақтау керек деген жауапкершілік жүгін ұстанып, сенімен орысша сөйлесіп тұрған қазаққа қазақша сөйле деп ескерту жасасаң болды, бітті, бәле-жалаға қаласың. Заң да, оны орындаушы полиция, прокуратура, сот та орысқұлды қолдайды, ұлтқа жаны ашыған қазақты мүлде қорғамайды.
Бұл қандай әділеттілік?! Мемлекеттік тілді, мемлекеттік қауіпсіздікті жекелеген адам емес, осыған жауапты мемлекеттік құрылымдар қорғауы керек қой. Жеке адам емес, ең алдымен билік қорғауы керек.
Қазақ жеке тәуелсіз мемлекет болып тұрса да, Ресей империясының қол астындағы татар, башқұрт, якут, тува халықтарының кебін киіп, жаппай орыстану дертіне ұшырау үстінде. Мынау алмағайып заманда қазақты ұлт ретінде сақтап қалу – әрбір қазақ азаматының қасиетті міндеті. Мынау азғын қазақ жігітінің ой-санасы адасқан. Ол осы «толеранттық» ұстанымы арқылы ұлттық құндылығымызды аяққа таптап, өзге жұрттың тіліне жанашыр боп шықты. Қазіргі биліктің мемлекеттік мүддеге сатқын саясатына сай келетін ұстаным ғой бұл. Бұл позиция – арсыз-ұятсыз, ұлты үшін жауапсыз, мәңгүрттік саяси позиция.
Біздің биліктің басындағы адамдардың саяси позициясы тап осындай. Олар 34 жылдың ішінде осындай ұлттық мүддеге сатқын қазақтардың моделін көпке үлгі етумен болды. Олар мыңдап, миллиондап көбейді. Есесіне, қазақ тілімен бірге қазақ ұлтының келешегі барған сайын күңгірт, бұлыңғыр тартып, жар басына жақындап барады. Қазақ тілінің түбіне жететін тап осындай «толеранттық» позиция. Бұл оның жеке басына және орысшыл билікке өте жайлы позиция, ал қазақ халқының болашағына тасталған ғаламат үлкен ядролық бомба.
Бұл орысқұл курьер жігітті маған қазақша сөйле деп (менің табалдырығымды басып тұрып) бұйырды деп ақталып және менің құқымды аяққа басты деп домалақ арыз жазып, өз қазағын жұмыстан қудырды. Соңғы елу жыл ішінде қазақтың орысша сөйлеген қазаққа қазақша сөйле деп ескерту жасауы ұлттық әдетке айналып кетті емес пе?! Ресей отарлау жүйесінің езгісінен ұлтын аман сақтап қалғысы келген адамның барлығы сөйтеді. Оған несіне ренжисің, арыз-шағым жазасың? Неге түсіністікпен қарап, «бауырым-ау, байқамастан саған орысша сөйлегенім үшін кешір, мен де күнделікті өмірде қазақша сөйлеймін» десең бітті ғой. Екеуің достасып тарайсыңдар.
Өз ұлтын сақтау үшін орыс отарынан шыққан грузин, украин, өзбек, қырғыз ұлтының өкілдерінің барлығы күні кешеге дейін жастарын орыстану процесінен құтқару үшін бір-біріне ана тіліңде сөйле деп ескерту жасаған. Тап осы жолдан өткен. Қазақтануға қайтудың бұдан басқа оңай жолы жоқ. Бұл – ұлттың бірін бірі түзейтін қоғамдық бақылауы ғой. Оның несіне ренжисің?! Қайта қуануың керек.
Қазақстанда қазақ тілін мемлекеттік тіл қылу үшін ең алдымен қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек. Содан кейін өзге ұлт сендерден үлгі алады. Өкінішке орай, қазір азғын қазақ көбейіп, өзге ұлтқа жаман үлгі көрсетіп жүр. Осы түрімізбен қалай тәуелсіз мемлекет боламыз, қалай ел-жұрт боламыз!?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК