«Мақтаарал» Премьер-лигада, «Яссы» Бірінші лигада бақ сынайтын болды

   «Мақтаарал»   Премьер-лигада, «Яссы» Бірінші лигада бақ сынайтын болды

Ұзақ жылдар Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған «Ордабасы» футбол клубы облыс пен Шымкент қаласы енші бөліскен тұста үшінші мегаполистің командасы болып қалған болатын. Ал Түркістан облысы жаңадан аяқдоп шеберлерін жинақтады. Содан бері көп уақыт өтпегеніне қарамастан Түркістан облысының футбол командалары жанкүйер сенімін ақтауда. Солардың бірі – «Мақтаарал» футбол клубы. 

«Мақтаарал» футбол клубының құрылғанына биыл 10 жыл толды. Алғашында аудан деңгейінде өнер көрсеткен команда қазір ауданның ғана емес, облыс намысын да қорғап, республикалық додаларда өнер көрсетуде. Осы мерейтойға орай Мақтаарал ауданында салтанатты іс-шара өтіп, Мырзашөл өңірінің футболшыларына құрмет көрсетілді. Команда жетістіктеріне тоқталар болсақ, биыл «Мақтаарал» футбол клубы бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінде 22 ойын өткізіп, 14 кездесуде жеңіске жетті. 4 рет тең түсіп, 4 рет қарсыласқа есе жіберді. Нәтижесінде турнир кестесі бойынша 46 ұпаймен 2-ші орынды жеңіп алды. Осылайша аудан командасы Премьер-лигаға жолдама алды. Әрине, бұл шағын ғана ауданның тұрғындары үшін өте үлкен қуаныш.

Салтанатты жиында Түркістан облыстық футбол федерациясының президенті Хаким Көшқалиев Қазақстанның Футбол тарихында ауданнан шыққан команданың Премьер-лигаға шығуы өте үлкен жетістік екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол аз ғана бюджетпен биік белесті бағындырған команданың жетістігінде аудан басшылығының футболды қолдауға деген дұрыс көзқарасы жатқанын, Мақтааралда футболға деген жағымды атмосфера қалыптасқанын тілге тиек етті. ҚР Футбол федерациясының Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы марапаттауға келген өкілдері «Мақтаарал» футбол клубының ойыншыларына күміс медаль тағып, Премьер-лигаға ресми түрде жолдама берді. Іс-шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Бақыт Асанов алда клубтың бюджетін қайта қарау, стадионын талапқа сай ету, жалпы футболға республикалық деңгейде жағдай жасау секілді бірқатар міндеттер тұрғанын айтты. 

Тағы бір айта кетерлік жайт, Бірінші және Екінші лига клубтарының 2006 жылы туған жасөспірімдер командалары арасындағы футболдан ел біріншілігінде жергілікті «Мақтаарал» командасы ІІІ орынға қол жеткізді. Аталған команданың ойыншыларына да қола медаль табысталды. Бұл – атакенттік клубтың дұрыс бағытта келе жатқанының белгісі. Осы жасөспірімдер мен жастар алдағы 3-4 жылда «Мақтаарал» командасының негізгі құрамында жасындай жарқырайды деген сенім мол.

Жалпы алғанда Түркістан облысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қолдауымен футболды дамытуға қолайлы жағдай жасалып келеді. Облыс орталығында «Тұран» футбол командасының академиясы салынып жатқаны осы сөзімізге дәлел бола алады. Бұнда футболды дамытуға барлық жағдай жасалмақ. Өңір басшысы жуырда «Мақтаарал» футбол клубының бапкерлері мен ойыншыларымен кездесіп, сәттілік тілеп, қолдау көрсетілетінін айтқан болатын. Ойыншылар Премьер-лигаға шығу үшін бар күштерін салатынын мәлімдеген. Сенім ақталып, «Мақтаарал» кіл мықтылармен ойнауға мүмкіндік алып отыр. 

Футбол тақырыбындағы жаңалықтарды жалғастырар болсақ, сүйінші сұрарлық тағы бір жайтты айтпасқа болмайды. Осы жылдың жаз айларында ғана Түркістан қаласы әкімдігінің жанынан «Яссы» футбол клубы құрылған болатын. Осы клуб Қазақстан Республикасы чемпионатында Қазақстан Республикасының Екінші лигасының Оңтүстік – Батыс конференциясының күміс жүлдегері атанып, жергілікті жанкүйерлерді алғашқы нәтижесімен қуантты. Осыған орай Түркістан қаласының әкімдігінде аяқдоп шеберлерін Түркістан облысы Футбол федерациясының президенті, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хакім Көшқалиев пен шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков қабылдап, құттықтады. Енді түркістандық футболшылар Бірінші лигада бақ сынайтын болады.

Қуанышқа орай, қазір облысымыздың барлық аудандарында салауатты өмір салтын қалыптастыру жолындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп, күн сайын жағымды жаңалықтар орын алуда. Соның бірі ретінде жуырда Созақ ауданы, Созақ ауылында заманауи үлгідегі «Бәжібай ата» атындағы жабық футбол алаңы ашылғанын айтуға болады. Кіші футболға арналған алаңды ауыл азаматы, кәсіпкер Нұрлыбек Қонақов өз қаржысына салды. Жасанды алаң, жабық ғимарат кез келген мезгілде доп тебуге ыңғайлы. Мұнда киім ауыстыратын және жуынатын бөлме бар.

Футбол алаңының ашылуына аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлері мен ауыл азаматтары, спортсүйер қауым қатысты. Ашылу салтанаты аясында аудандық турнир ұйымдастырылып, оған 20 команда қатысып, бақ сынасты. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегер командаларға, үздік ойыншыларға демеушілер тарапынан құрмет көрсетілді.

Алдағы уақытта «Бәжібай ата» атындағы жабық футбол алаңы аудан көлемінде түрлі жауапты жарыстар өтетін орынға айналады деген үміт бар.

 

Ш.Мекенбайұлы
04.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 221
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 216
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 722
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 845
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 758

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8914
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8308
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11535
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9292
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10520