Түркістан облысы Мақтаарал Ауданына қарасты Атакент Кентінде бойында ерекше қасиеті бар жан тұрады. Бүгінде 77 жасқа қадам басқан Қилыбай Монанұлы Ирсаевтың денесіне кез-келген металл бұйымдар, соның ішінде қасық, шанышқы, пышақ, тіпті, үтік те еш қиындықсыз жабысады. Ұстаздық пен журналистиканы, емшілік қасиетті қатар алып жүрген бұл азамат жеті мыңға тарта адамды дертінен айықтырып, жазыпты.
Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», жоғары категориялы парапсихолог-емші, Халықаралық психология Академиясының академигі атанған Қилыбай Монанұлы бүгінгі Мақтаарал ауданының әкімін сайлау науқанында өзінің азаматтық ұстанымын танытып, Атакент кентіндегі №416 сайлау учаскесінде таңдауын жасады.
«Бүгінгі дұрыс таңдау жасау – ұрпағымыздың, ауданымыздың болашағына тікелей әсер етеді.
Мен де көпшілік қатарлы кандидаттардың бағдарламаларымен таныстым, кездесулерінде болдым. Солардың ішінен бағдарламасы көңіліме қонған, қолынан іс келетін, сайлаушыларының үмітін ақтайтынына өз дауысымды бердім» дейді Қилыбай Ирсаев.
Бүгінде кіндігінен өрбіген 3 ұл, 2 қызынан 20 немере, 10 шөбере сүйіп отырған ақсақал жас кезінде 10-15 метр жердегі адамды бойындағы биомагнит арқылы құлата алатындай дәрежеде болған екен.