Мамыр айының 18-жұлдызында “Қазақстан” қонай үйінің “Алтын емел” конференц залында «Mangilik el jastary» қоғамдық қоры «Мейірімді тәрбиеші» атты балабақша тәрбиешілеріне арналған форум өткізді. Аталмыш форум 2022 жылдан бастап биыл 3-рет TED X форматында өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен екі жүзге жуық мектепалды даярлық және балабақша тәрбиешілері қатысты. Осы салада 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ардагер тәрбиешісіміз Аменжаева Ұлтай апай: «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деп, тәлімгерлерге сәттілік, қажырлық тілей отыра еңбектерін бағалады, сонымен қатар ел болашағы тәрбиешілердің қолында екенін де ескерді. Биыл 3 рет жалғасын тауып жатқан іс-шарада тәрбиешілерге арнайы мамандардан эмоционалды интеллект тақырыбында тренинг сабақтар өтіп, «Mangilik el jastary» қоғамдық қоры қатысушыларды «Мейірімді тәрбиеші» атты медалімен марапаттады. «Бүгінгі күнде бұл форумның маңыздылығы айрықша екенін де айтып кеткен жөн, себебі соңғы кездері балабақшаларда балаға қол көтеру сияқты жанжалдар көп таралып кетті. Осындай олқылықтардың алдын алу және балабақша қызметкерлерінің мерейін арттыру мақсатында бұл форумның маңызы зор», – деп атап өтті «Mangilik el jastary» қоғамдық қорының төрағасы Сайлаухан Абылай. Сондай-ақ былтырғы жылы тәрбиешілердің арасынан Дубайға жолдама ойнатқызылып Несіпбекова Дина есімді қатысушы жеңіске жетсе, биылғы жылы жолдама саны көбейіп бір емес төрт тәрбиеші Стамбул қаласына жолдама ұтып алды.