Мекемтас Мырзахметов: ешқашан пара алып көрген емеспін

Мекемтас Мырзахметов: ешқашан пара алып көрген  емеспін

Филология ғылымдарының докторы, профессор, атақты ғұлама Мекемтас аға Мырзахметовтің үйінде кең көлемде әңгіме-дүкен құрдық. 95 жасқа келіп отырған абыз ақсақал балалық шағынан бастап асықпай жүйелі түрде ғұмыр тарихын баяндап берді. Мекемтас ағаны 1988 жылы күзде М.Әуезовтің мұражайындағы конференция залында тұңғыш көріп, айтқан әңгімелеріне тәнті болған едік.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін зиялылар бас қосқан үлкенді-кішілі жиындардан қалмауға тырысатынбыз. Жиынды Рахманқұл Бердібаев ақсақал жүргізіп отырған еді. Ұмытпасам, «Халық академиясының» құрылғанына 25 жыл толуына орай қатысушылар өте көп болды. Мен бұрын бұндай жиынды көрмеген едім. Кілең атақты ғалымдар сөйлегенде бірінен-бірі өтеді. Әңгіме төркіні жалпы өткен тарихи ақтаңдақтарға байланысты болатын. 

Омар Қаймолдин атамызды да сол жолы көрдік. Көп жыл каторгалық жұмыста, айдауда болған екен. Советтік басшылардың бәрін сойып салды. Рахманқұл ағамыз «Омеке, қатты кетпеңіз... Омеке, қатты кетпеңіз...» деумен болды. Александр Жовтис ақсақал да Мағжан Жұмабаев хақында әсерлі әңгімелер айтып еді.

Бір кезде мінбеге Мекемтас аға шыққанда, келгендердің көбі білетін болу керек, зал сілтідей тынды. Ақырын сөйлеп, көп әңгіме айтты.

«...Орыстар біздерден қара Иван жасамақ болды...» – дегені есте мәңгі қалған еді.

Қайран да қайран ғұлама шалдарым-ай! Сіздер болмағанда, көлеңкеде жүріп күреспегенде, біздер кім болушы едік?! Қазір көзге елестетудің өзі қорқынышты...

Бұл жолы қазыналы қарияның әңгімесін асықпай тыңдадық. Әкесі Мырзахмет атамыз қолынан өнер тамған ұста болған екен. Оның үстіне дінімізді берік ұстаған тақуа екен.

«Шешемнен сұрайтын едім «атам қайда кетті» деп. «Түркістанға зікірге кетті», – дейтін. Әкем ұста болды. Үйіміз еуропалық стильде ағаштан салынған болатын. Әкемді НКВД қамауға алып, ақыры түрмеде өлтірді... 

«Алтындары бар» деп біреулер айтқан болу керек. Біздерді үйден сыртқа қуып шығып, көз алдымызда өртеп жіберді. Өртенген үйдің дуалынан алтын заттар шығып, өртегендер алтынды алып кетті. Біздер дымсыз далада, аш-жалаңаш қалдық. Тұрмысқа шыққан апамның үйіне барып паналадық. Кейін шешем мені және 8 айлық қарындасымды алып нағашыларымның ауылына бардық.

Жолда сұмдық оқиға болды. Ауылға 800 метрдей қалғанда адам етін жейтін 3 қасқыр қамады. Шешем қолындағы таяғымен ұрып еді. Оған болмағасын 8 айлық қызын қасқырларға тастап, мені қолымнан жетектеп, ауылға қарай құстай ұшып жүгіргені есімде мәңгі қалған еді... Қасқырлар балаға алданып қалды. Мені ұл бала ғой, осы аман қалсын деп тапқан айласы сияқты... (аға көзінен тамған жасты сүрткен де жоқ. Біздің де көңіліміз босап кетті.)

Менің балалық шағым болған жоқ деуге болады. Өйткені, қасіретпен, жоқшылықпен өтті. 16 жасымда шешем қайтыс болғасын жағдайым онан да қатты нашарлады. Әр ағайынның үйінде жатып жүріп мектепті де бітірдім. Бірақ оқуға ынтам зор болды. Ол кезде де ел ішінде бұзақы жігіттер көп еді. Менің тура жолдан ауытқып, бұзылып кетпеуіме ішкі рухани сенімім жібермеді. Әйтпесе, бұзық жолға түсіп кетуім әбден мүмкін еді. 

Біздің ауылда көп жыл түрмеде отырған Бүркітбай деген кісі болды. Сол ауылдың балаларын шетке апарып төбелеске үйрететін. Адамды қалай ұрып жығу әдістерін сол кісіден үйрендім. Бірақ та, ол кісінің біздерді ұрлыққа баулуы дұрыс  болмады. Ауылда жалғыз дүкен бар-тын. Сол дүкеннің күнделікті түсіп жатқан ақшасын ұрлауды маған тапсырды. Сатушы әйелді сөзге айналдырып тұрғанда, мен дүкенге жасырын кіріп, тығылып қалдым. Әйел кешке дүкенді кілттеп үйіне кеткесін дүкен ішін емін-еркін аралап, кассадан 33 сом ақша алдым. Таңертең дүкенші келіп, есікті ашып жатқанда біздің жігіттер тағы да сөзге алдандырып тұрғанда, жорғалап білдіртпей сыртқа шығып кеттім. Ақшаны апарып Бүркітбайға бердім. Сөйтсек, дүкенші күнұзаққа жиылған қаржыларды өзімен бірге алып кетіп жүр екен. Сондай да оқиғалар болды ғой. Бір жамандықтың бір жақсылығы болатындай, студент кезімде Бүркітбай үйреткен әдістермен мені қорламақ болған жоғарғы курс студенттерін орындарына қойған едім...

Ешкімнен ешқашан пара алып көрген адам емеспін. Өзбекстанда 4 жыл ректор болып қызмет атқарған уағымда балаларын оқуға түсіру үшін қапшықпен ақша ұсынатын. Мен Абайтану ғылымымен терең айналысқандықтан болар, пара алайын десем де, алдымнан Абай шығады. Абай мені тура жолдан ауытқып кетуге жол бермеді. Кейін айтып жүрмін ғой. Мені кедей қылған Абай деп...»

        Абыз ақсақалдың аузынан төгілген нұр сөздерін тыңдауға құлақ керек. Асықпай аптықпай бір ырғақпен айтқан әңгімелері өте әсерлі еді. Тапжылмай тыңдап отырып, ойға қалдым. Осындай абыздар көп болса игі еді деп... Ағамызға зор денсаулық берсін! Әрбір ісіне Құдай Тағала береке нәсіп етсін!

 

Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ

 

01.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 43
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 138
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 39
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 45
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 55
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 44
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 133
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 138
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 325
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 318
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 942

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9015
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8411
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11638
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9394
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10621