Ұлттық құрама Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен химиядан халықаралық олимпиадада (IChO-2022) 1 алтын және 3 күміс медаль жеңіп алды. Еліміздің атынан Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар және Ақтау қалаларынан 4 оқушы қатысты. Олар әлемнің 83 елінен келген 322 оқушымен бақ сынасты. Осылайша, 4 оқушымыз да беделді олимпиаданың жеңімпазы атанып, оларға 4,5 млн теңгеге дейін сыйақы берілмек.
Ұлттық құрамаға алғашқы алтынды Мадияр Қасымалы әкелсе, Санжар Бисенәлі, Санжар Нұрғалиев және Альмира Нұрланова күміс жүлдегер атанды. Былтыр қоржынымызға үш күміс, бір қола медаль түскен болатын.
«Оқушыларымызды жоғары нәтижелермен және лайықты жеңістерімен құттықтаймын! Балаларымыздың математика, физика, химия пәндерінен халықаралық олимпиадалардағы жетістіктері – жаратылыстану пәндеріндегі жақсы жетістіктердің көрсеткіші. Команданың табандылығы, білімі, еңбегі және жеңіске деген жігері барлық оқушыға үлгі болары сөзсіз», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, биылдан бастап осындай олимпиадалардың жеңімпаздары алғаш рет қолдауға ие болып, қомақты ақшалай сыйақы алуға және отандық ЖОО-ларға ҰБТ тапсырмай-ақ түсуге мүмкіндік алып отыр. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да төлемақы алады.