Нұр-Сұлтан қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталды. Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан акцияның мақсаты жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға нақты көмек көрсету. Акция еліміздің барлық өңірлерінде жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыр- күйек аралығында өтетін.
2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасына сәйкес акцияға жаңашылдық енгізілді. Бұл туралы 2019 жылы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов:
–«Мектепке жол» акциясы екі ай ғана емес, жыл бойы іске асатын болады. Нақтылап айтсам, біздің министрлік «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесіп, дәстүрлі көмек көрсету механизмге қосымша ретінде портал арқылы онлайн түрде көмек көрсету туралы келісімге келдік. Ендігі кезекте демеушілер мен меценаттар atamekenim.kz порталында орналасқан өтінім және тізім бойынша мұқтаж отбасыларға көмек көрсете алады. Сонымен, бүгіннен бастап «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің порталында «Мектепке жол» акциясының жұмысын ресми түрде іске қосамыз. Нәтижесінде бірнеше мәселелерді шешеміз: біріншіден, біз балаға бір рет қана емес, жылдың әр мезгілінде қажетті құрал-жабдықтар алуға көмектесуге мүмкіндік болады; екіншіден, көмекке мұқтаж жандар мен қайырымдылық жасайтын азаматтардың арасында тікелей байланыс орнатылады; үшіншіден, көмекке зәру адамдардың шынайылығын растап, олардың әлеуметтік қажеттіліктерінің жауапсыз қалмауына әсер етеміз; төртіншіден, қаражаттың түсуі мен пайдаланылуын онлайн түрде бақылау мүмкін болады. Құрметті достар! «Мектепке жол» акциясы жыл бойы жалғасады. Мемлекеттік қызметкерлерді, бизнесмен-меценаттарды, ректорларды және баршаңызды осы акцияға белсенді түрде қатысуға шақырамын. Кез келген істі басқаға айтпас бұрын алдымен өзім үлгі болуым керек деген оймен акцияны өзімнен бастайын деп отырмын. Жақсылық жасайық достар!»,– деп жазды (24.07.2019. bilimdinews.kz). Иә, ресми түрде жыл бойы қайырымдылық жасауда дәстүрге айналған акцияға биыл елорданың әр ауданы өзінше атсалысып, үлесін қосып жатыр.
Сарыарқа ауданы әкімшілігі дәстүрлі форматта басталатын жаңа оқу жылында «Мектепке жол» акциясы аясында 500 балаға оқу құралдары бар сөмке табыстамақ. «Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осы орайда барша оқушыларды құттықтай отырып, білім мен ғылымға, жаңашылдыққа құштар болуға шақырамын. Оқушылардың білім алуы үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалуда. Міне, Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларына қолдау көрсету үшін «Мектепке жол» акциясын бастады. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады», – деді «Сарыарқа» ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Ахимбеков. Ал №65 мектеп-гимназия оқушысының ата-анасы Айгүл Қамбарова: – Балаларымызға мектепке қажетті құрал-жабдықтар беріп жатыр. Бәрінен де балаларымыз мектеп қабырғасына барып білім алатындарына қуанып жүр. Қандай жағдай болмасын балаларымыз оқусыз қалмасын деп көмек беріліп келеді. Алғысымыз шексіз. Ең бастысы, ба- лалар ауырмай, оқулары үзілмесе екен деп тілейміз, – деді.
Алматы ауданында да республикалық акция 16 тамызда басталды. «Мектепке жол» акциясы шеңберінде аудан мектептерінің бастауыш сыныптарында оқитын 450 оқушыға көмек көрсетіледі. Ауданда барлығы 33 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 27 – мемлекеттік, 6 – жекеменшік мектеп.
Ал Есіл ауданының әкімшілігі 13 тамыздан бастап «Мектепке жол» республикалық акциясын бастады. Аудан әкімдігінің қызметкерлері аудандық прокуратура өкілдерімен бірге №69 мектеп оқушыларына рюкзактар мен мектеп құралдарын табыс етті. Биыл дәстүрлі акция аясында Есіл ауданында оқып жатқан 350-ге жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында ШОБ өкілдері мен мемлекеттік органдар әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға кеңсе тауарларын, портфельдерді және т.б. сыйға тартуда.
Демеушілердің көмегімен жыл бойы өтетін бұл игі іс-шараға аудандағы шағын және орта бизнес өкілдері өз мүмкіндігінше қолдау көрсетіп келеді. Аудан әкімінің аппараты биыл аталған қайырымдылық шарасы аясында 700 оқушыға көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Мектеп сөмкесі оқушыға қажетті негізгі кеңсе тауарларымен толтырылған. Сонымен қатар, биыл керекті заттардың қатары медициналық бетпердемен толықты. Мектеп сөмкелері бастауыш сыныптар мен үлкен сыныптар санатына бөлініп дайындалады.
Жасыратыны жоқ, бір жылдары «Мектепке жол» акциясы кейбір қайырымдылық жасаушы демеушілерді жарнамалайтын шоуға айналып кете жаздағаны бар. Аз қамтылған отбасы балаларына көмек салтанатты түрде жасалып, көпшіліктің көңілін аударғанына ата-аналар қарсы болып, ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетiнің араласуымен шу басылған болатын. Себебi, көмектің ашық, салтанатты түрде жасалғаны кейбіреулер үшін мақтаныш болғанымен, санасы сау, көзі ашық баланың намысына тиетін көрініс еді. Сондықтан, садақаның жасырын берілуі тиіс қағидасы сақталып, жақсылық жасаған жандардың аты айтылмай, қайырымдылық жасау дәстүрі қалыптасты.