ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, бүгінде еліміз бойынша 2-6 жас аралығындағы балалардың 89,1%-ы мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылған. Жыл басынан бері бұл бағытта өсім байқалады. Егер бірінші тоқсанда 10 мың балаға арналған 117 ұйым ашылса, қазір 30 мың балаға арналған 308 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады. Дегенмен, министрдің сөзінше, Ұлытау, Маңғыстау және Қарағанды облыстары әкімдері жылдың соңына дейін жоспарлы көрсеткіштерге жету үшін жұмысты күшейтуі қажет. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын аз қамтылған отбасылардан шыққан 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысы тәрбиешілердің еңбекақысын арттыруды тапсырған болатын. Биыл 1 қыркүйектен бастап тәрбиешілердің еңбекақысы 30 %-ға көтеріледі», – деді Ғ. Бейсембаев. Бұдан басқа мектепке дейінгі ұйымдарда орындардың бөлінуін ашық жүргізу үшін жыл соңына дейін Балаларды кезекке қоюды есепке алудың бірыңғай базасы әзірленуде. Оны толықтай іске қосу жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.
Әрі қарай Оқу-ағарту министрі жаңа 2023-2024 оқу жылына дайындық жұмыстары туралы айтып берді. Оның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап 7 700 білім беру ұйымында 3 900 000 бала білім алады, олардың 364 мыңы – 1-сынып оқушылары. Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіледі. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде бірнеше рет талқыланды. Биыл 460 мың бала үшін 65,3 млрд теңге қарастырылған.
«Президенттің 1-4-сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау мәселесі Үкімет деңгейінде бірнеше рет қаралды.
1 қыркүйектен бастап 1 млн 400 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады. Сонымен қатар мектеп автопаркінде 27 мың баланы тасымалдайтын 1 319 автобус бар. Олардың 515-і жоспарлы түрде жаңартылуда. Жайлы орта қалыптастыру мақсатында аймақтардағы 260 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 1 қыркүйекке дейін 194 нысанды тапсыру жоспарланған. Ал қалған 66 мектепте жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталады. Дегенмен Оқу-ағарту министрлігі жүргізген мониторинг аясында Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жөндеу мерзімінің бұзылу тәуекелдері анықталып отыр. 2 айда үлгермеген жөндеу жұмыстарын 2 аптада бітіре алар ма екен?..