МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫСЫН ТАЛАН-ТАРАЖҒА САЛҒАНДАР АЗАЙМАЙ ТҰР

МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫСЫН ТАЛАН-ТАРАЖҒА САЛҒАНДАР АЗАЙМАЙ ТҰР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Бұл агенттік саласы, обалы нешік, Президенттің тікелей тапсырмасымен көптеген былық-шылықты ашып жатыр. 

 

Себебі елімізде әлі күнге дейін сыбайлас-жемқорлық азаймай тұр. Тамыры тереңге кетіп қалған дүниенің зардабы ел дамуына орасан зиян келтіруде. Мемлекет қаржысын жымқыруды әдетке айналдырғандар қанша жолы кесілсе де, абақтыға тоғытылса да, қазақ ертегісіндегі айдаһар секілді, бір басы кесіп алынса, екінші басы өсіп шыға береді. Бұл не, ауру ма, әдет пе?

Президентке есеп берген Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы ештеңені бүкпей, жасырмай, ашық әңгімеледі. Көпшілік жұрт біле бермейтін мемлекетті тонау схемалары мен мемлекет қаржысын жымқырудың түрлі жолдары анықталыпты.

Сонымен қатар Президентке агенттік қызметінің негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттері жөнінде баяндалды.

Жанат Элимановтың айтуынша, бюджет шығыстарына жүргізілген мониторинг кезінде мал шаруашылығы саласына бөлінген 30 млрд теңге субсидияны тиімсіз пайдалану тәуекелдері анықталған. Сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық нәтижелерді коммерцияландыруға бағытталған 10 млрд-тан аса теңгені мақсатсыз жұмсау белгілері айқындалыпты. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын жымқыру фактілері бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталған, ал құрылыс саласында 5,3 млрд теңгені заңсыз иемденбек болған жандарға қатысты 21 қылмыстық іс қозғалған.

Мемлекет басшысына алаяқтық әрекеттердің алдын алу бойынша 17 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылғаны және банктер мен байланыс операторларының атын жамылып, арнайы құрылғылар арқылы жаппай фишингтік SMS-хабарламалар таратқан топ әшкереленгені жөнінде есеп берілді. Жалпы аудиториясы 25 мыңнан асатын 3,7 мың алаяқтық сайт және 22 топтық чат жабылған. 400-ден астам жалған құрылыс компаниясының заңсыз түрде бірінші санаттағы лицензия алуына жол берілген жоқ.

Бұдан бөлек, қылмыстық табыстарды жылыстатуға қарсы күрес саласында атқарылған жұмыстар таныстырылды. Атап айтқанда, заңсыз схемаларда қолданылған дроп-карталарға қатысты 14 сотқа дейінгі тергеу басталыпты, олардың есепшотындағы қаржының жалпы айналымы 13 млрд теңгеден асқан. «Көлеңкедегі» тұлғаларға рәсімделген 68 мыңнан астам карта бұғатталған. Жалған компаниялар мен құжаттарды пайдалану фактілері бойынша 23 іс тіркелген, келтірілген залал – шамамен 13 млрд теңге. Қаржылық пирамидалар, онлайн-казино және алаяқтықтан түскен табысты жылыстатумен айналысқан 3 жасырын криптоайырбастау қызметінің жолы кесіліпті. Криптовалюта айырбастауға қатысты заңсыз онлайн сервистерге кіруге арналған 483 сілтеме жойылған.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы агенттіктің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

 

Нағашыбай Қабылбек
08.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24278
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23941
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41402
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37316
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41643