Сұлтан Сүлейменді көп ойландырған сұрақтың бірі «Мемлекетті құлдырауға апаратын себеп не?» еді. Сұлтан осы сұраққа жауап іздеп, білгір ғалым Шейх Яхья хазіретке хат жазады.
Ғалымға хатты апарған уәзірі:
– Яхья ғалым хатыңызды оқып, жауап жазбады, тек бір ауыз сөз ғана айтты, – дейді.
– Не айтты? – «Басымның ауырғаны несі?» – делінетін заман!..
Сұлтан жауапты түсінбей аң-таң күйге түседі. Жауап іздеп көп ойланады. Ақыры ғалымға қайта хат жолдайды:
«Мен сіздің жауабыңыздың мағынасын ашуға көп ойландым. Өзімше бір қорытындыға да келдім. Бірақ маған сіздің пікіріңіз маңыздырақ. Соны білгім келеді». Сонда Шейх Яхья мынадай жауап хат жазған екен: – Қайсыбір мемлекетте зұлымдық күшейсе, заңсыздықтар орын ала бастаса;
– Әділет аяқ асты болса және мұны көріп тұрғандар: «маған бұдан келіп-кетері не?» деп өздерін шет ұстаса;
– Мемлекеттің қайраткерлері жетім-жесірдің, кембағалдардың жағдайына мән бермесе;
– Мұқтаждардың мұңы мен зарына меңіреу қара тас егілсе де, басшылары естімесе;
– Биліктегілер, ғалымдар мұның бәрін біліп тұрып: «Маған мұның қатысы не? Басымды ауыртып не қыламын?» деп өз нәпсісімен әуре болса;
– Әкімдері өз билеушісіне жалған мәлімет беріп, алдау жолына түссе, мұндай мемлекетте бұқараның үкіметке деген сенімі мен құрметі жоғалады. Халықтан тыныштық кетеді. Мұның ақыры мемлекеттің құлдырауына алып барады!
/Шайх Яхья хазіреттің бұл хаты Түркияның Топқапы сарайының мұражайында сақтаулы/