Алексей Сарыбұлақ ауылында туып-өскен. Оның трактор тізгіндегеніне биыл 9 жылдан асыпты. Арнайы дипломы болмаса да, кәсіби мамандардан кем түспейтінін Алексей әлдеқашан дәлелдеп қойған.
– Бала кезімнен техникаға қатты қызықтым. Мектеп бітіргеннен кейін техниканың тілін меңгеріп, механизатор болып қызмет ете бастадым. Содан бері ерте көктемде жер айдаудан бастап, күзгі жиын-терін жұмыстары менің мойнымда. Осы жұмысты бар ынта-шынтаммен атқарудамын. Мен дала төсінде жұмыс істегенді ұнатамын, – дейді ол.
Өзінің еңбекқорлығы арқасында ол аз уақыт ішінде техниканың қыры мен сырын толық меңгеріп алған. Қара жұмысты серік еткен Алексей бүгінгі таңда «Джон Дир» астық тракторы мен комбайнын жүргізеді. «Самғау» шаруа қожалығына жаңа техникалар әкелгенде оны басшылық бірден Алексейге сеніп тапсырады. Өйткені ол тек өз ісінің нағыз білгірі ғана емес, жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын адал әрі қарапайым азамат. Бойындағы адами ізгі қасиеттерінің арқасында ұжымдастарының арасында да беделді, ортасына сыйлы.
«Жердің тілін білсең, тілдей жерден де мол өнім аласың» деген сөз текке айтылмаса керек. Алексей де жерге ерекше ықыласпен қарау қажет деп есептейді. Механизатордың жұмысы қарапайым болып көрінгенімен, ол асқан табандылықты қажет ететін мамандық. Жұмысының ауқымы да кең – көктемде жер жырту, егістікке тұқым себу, жазда егінге күтім жасау, жемшөп дайындау, күзде егін жинау, ал қыста техниканы жөндеу. Осының барлығы оның мойнындағы міндеттер.
Әсіресе көктемде егін алқабында нағыз қызу әрі жауапты кезең – егін салу жұмыстары басталғалы тыным жоқ. «Егіннің өнімділігі механизатордың еңбекқорлығы мен ынтасына тікелей байланысты», деп санайды Алексей. Өз отбасын маңдай термен тапқан адал аспен асырап отырған еңбекқор жігіт әңгіме барысында өзін өзге салада елестете алмайтындығын, өмірін осы мамандықпен байланыстырғанына еш өкінбейтіндігін жеткізді.