Серикова Амина Русланқызы, көркем гимнастикадан спорт шеберлігіне үміткер
- Амина, сен спортпен кішкене кезіңнен айналысып келесің. Саған спорт не үйретті, оған келуіңе не себеп болды?
- Менің спорттық жолым көркем гимнастикадан басталды. Иә, мен ең әдемі спортпен шұғылданатыныма мақтан етемін. Сәби кезімнен-ақ гимнастикаға икемім болды. Денешынықтыру сабағында әртүрлі күрделі жаттығулар жасап, жүгіру, секіруден сыныптағы оқушылардың арасында алдыма жан салмайтынмын. Мен гимнастикаға 6 жасымда қатыстым. Көркем гимнастика менің өмірімнің маңызды бөлігіне айналды десем де болады. Қазір осы спортпен айналысып келе жатқаныма 6 жыл болады. Бас жаттықтырушы Рамина Ахмедованың жетекшілігімен «Айсұлу» көркем гимнастика мектебінің спортшысымын. Осы уақыт ішінде мен көптеген жаңа нәрселер үйреніп, өзімді әртүрлі жарыстарда сынап көрдім. Алматы қаласында өткен көп жарыстарға , облыстық және мемлекетаралық жарыстарға қатыстым. Әрқайсысы мен үшін үлкен тәжірибе болды. Жарыстарда өз өнерімді көрсетіп, бірнеше рет жеңіске жеттім және жүлделі орындарға ие болдым. Әрбір жеңісімнің артында көп еңбек, дайындық және үлкен жауапкершілік тұр. Сонымен қатар мен топтық командалар құрамында да өнер көрсеттім. Топпен бірге дайындалу маған бір-бірімізді қолдауды, ұйымшылдықты және командалық жұмыстың маңызын үйретті. Командалық жарыстарда әр спортшының еңбегі маңызды екенін түсіндім. Бірге дайындалып, бірге жеңіске жету — мен үшін ерекше сезім.

- Көркем гимнастикадан қандай жетістіктерге жеттің? Бұған кімдер көмектесті?
- Менің ең есте қалған жетістіктерімнің бірі — Өзбекстан елінде халықаралық турнирге қатысып, ең мықты спортшылар арасында 2-орын алғаным. Бұл жарыс мен үшін ерекше болды, себебі Тайланд, Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан тағы басқа елдердің мықты спортшыларымен бақ сынастық. Қазақ елінің туын ұстап ортаға шықтым. Сол сәтте мен қуаныштан тебіреніп, еңбегімнің нәтижесін көріп, өзіме деген сенімім арта түсті. Сондай-ақ осы кезеңге дейін көркем гимнастикадан Алматы, Қызылорда облыстарының Ашық чемпионатында, «Айсұлу- «Жас ұрпақ», «Мадина»-«Жаса, Отаным!», «Tamos», т. б. көркем гимнастика мектептеріндегі жарыстардан ылғи 1-орын алып жүрдім. Енді бұдан да басқа медалдарым мен дипломдарым көп. Мен қазіргі уақытта «Спорт шеберлігіне үміткермін», енді алдыға қойған мақсатым «Спорт шебері» атағын алу. Менің жетістіктерге жетуіме еңбегі сіңген бас жаттықтырушым Рамина Ахмедоваға алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ әрбір жарыстарға қатысуыма көмектесіп, қиын сәттерде күш-жігер беріп, менің ыстық-суығыма төзіп жүрген ата-анамның да үлкен еңбегі бар. Мен әрқашанда жанымнан табылып, арман-мақсаттарыма қолдау көрсеткендері үшін оларға өте ризамын.
- Амина, спортпен айналысу саған кедергі жасамай ма, түрлі жаттығулар, жарысқа бару дегендей... Сабағыңа қалай үлгеріп жүрсің?
- Қазіргі уақытта Іле ауданы, Өтеген батыр ауылының №13 М. Мақатаев атындағы мектепте білім алып жатырмын. Биыл 5-сыныпты жақсы аяқтадым. Спортпен бірге сабағыма да үлгеріп жүрмін. Болашақта оқуды «Алтын белгіге» бітіруге тырысамын және сабақтарыма жауапкершілікпен қараймын. Осы уақыт ішінде мен көптеген олимпиадаларға қатыстым. Атап айтқанда, орыс тілі, математика және басқа да пәндер бойынша өз білімімді сынап көрдім. Бұл жарыстар маған ізденуге, білімімді арттыруға және өзіме деген сенімділікті дамытуға көмектесті. Бос уақытымда ағылшын тілін меңгеріп, домбырада ойнауды үйреніп жүрмін. Мен өзіме әрқашан қолдау көрсететін ұстаздарыма өте ризамын. Қазіргі сынып жетекшім — Оразханова Айнұр Маликқызы. Ол маған әрдайым бағыт беріп, білім алуға және алға ұмтылуға көмектеседі. Сонымен қатар бастауыш сыныптағы алғашқы ұстазым — Өтеген Майра Бекболатқызын да атап кеткім келеді. Ол апайым маған білімнің алғашқы негіздерін қалауға көмектесті. Ұстаздарымның менің адам болып қалыптасуыма сіңірген еңбектері зор деп білемін және үлкен алғысымды білдіремін.

- Бізге сұхбат беріп, сұрақтарымызға нақты жауап бергеніңе рақмет! Болашақта спортта жеңіске жетіп, алар асуың көп болсын!













