Менің әкем соғысқа неге бармады?

Менің әкем соғысқа неге бармады?

Тәуелсіздік алған жылдары осы тақырыппен мақала жазып, әкем алдында кешірім өтінгендей болғанмын. Ол кезде көкем тірі еді. Мақаланы оқып берген соң, ол кісі қатты қуанар деп ойладым. Қатты қуанбады. Басын изеп, қалың ойдың құшағына сүңгіп кеткендей болды да, бір ауыз ғана сөз айтты. «Қажеті жоқ еді…» деді де орнынан тұрып, тез киінді де, сыртқа шығып, жаяу аяңдап қорым жаққа қарай бет алды. Сыртынан қарап тұрып бағамдағаным – көкем жылап бара жатқандай көрінді.

 Иә, әкем неге соғысқа бармады? Кеңес империясы кезінде идеологияның қуаттылығы соншама – біз Мәскеуге, бәлшебектер құрған мемлекетке жан-тәнімізбен берілдік. Берілгеніміз соншама – ажалға айдаса да тайынбас едік. Октябрят, пионер, комсомол… Әрбір бала осы сатылардың сүзігісінен өтетін. 7 қарашада октябрь революциясының жеңісін тайлы-таяғымызбен тойлайтынбыз. Одан соң 1 мамыр, 9 мамыр – Жеңіс күні. Осылардың бәрі дүрілдеп тойланып, балалар барабандатып, ән айтатынбыз. Үлкендер медаль, ордендерін тағынып парадқа қатысатын. Осы мейрамдардың бәрінде де арақ ішіліп, елімізді қанымен ерлігімен қорғап қалған батырларға зор құрмет көрсетілетін.

Осы кездері мен үшін қиын болатын. Себебі менің әкемнің өзге әкелердей соғысқа барып, тағып келген орден-медальдары жоқ.

 

Міне, мен үшін өте ауыр, ұят нәрсе осы еді. Намыстанатынмын. Достарым өзінің орден, медаль таққан әкелерінің ерліктері туралы мақтанып айтқан кезде төмен қарап, күйзелетінмін. Тіптен жеке қалғанда көзіме еріксіз жас келіп, жылайтынмын. Сонда олардың әкелері батыр да, менің көкем қорқақ па? Жо-жоқ! Менің әкем қорқақ емес! Анау-мынау емес, қасқыр соққан батыр. Дегенмен менің қатарластарымның арасындағы қылжақбастар бұл мәселені кей-кейде мазаққа айналдыратын. «Сенің әкең соғысқа неге бармаған? Ол соғыстан қашқан, қорқақ!» деп айтқандармен бірнеше рет төбелескен кездерім де болды. Өкінішке қарай, шындық олардың жақтарында. «Көке, неге соғысқа бармадыңыз?» деп әкеме сұрақ қояйын деп бірнеше рет оқталдым. Бірақ аядым…

 

Кейін бәрінің шындығына көз жеткіздім. Қысқасы, отызыншы жылдары бай, құлақ деп аталарыма белсенділер қуғын-сүргін көрсетіп, түрмеге қамаған. Сөйтіп олар ретін тауып Өзбекстанға, Ауғанстанға ауған. Көкем ол кезде бала. Әкесін «Халық жауы» деп ұстап әкетіп, түрмеге жабады. Сол жерде қаза табады. Бірақ марқұм атамның сүйегі қайда қалғанын ешкім білмейді. Анам Жұмагүлдің тағдыры да осыған ұқсас. Молда, ишан нағашы атамыз да, оның балалары да «халық жауы» деп оларды итжеккенге айдайды. Сол жақтан оралған жоқ. Көкемнің бауырлары да Ауғанстанға кеткеннен хабар-ошарсыз. Міне, осылардың бәрі көкемнің көкірегіне кек болып байланып, Ресейге соғысқа барудан ол бас тартқан. Ақиқатына келсек, бүкіл төрткүл әлем қорқатын Совет Одағына менің әкем қарсы шыққан! Еліміз тәуелсіздік алған соң әкемді осылай ақтап шықтым. Дүйім елге паш етіп мақала жаздым. Бірақ әкемнің «қажеті жоқ еді…» деп айтқанына осы күнге дейін түсінбеймін. 

Алайда 70 миллиондай адамның басын жұтқан сол бір зұлмат соғысты «Жеңіс күні» деп әлі де тойлаудамыз. Бұл өзі жеңіс пе, әлде адамзаттың жеңілісі ме? Сіз қалай ойлайсыз?

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

 

15.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 10204
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 10282
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 25311
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 23985
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 27467