Абай хакім «Адамның бір қызығы бала» дейді. Бала – өмір жалғасы, елдің болашағы. Әр шаңырақта іңгәлаған сәби үні үзілмей, қарадомалақтардың санының өсуі ұлт мерейі. Елдің төрі – Нұр-Сұлтан қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейтойы қарсаңында үшем дүниеге келді. Сүйінші!
Біз қуанышты жаңалықты үшемнің әжесі Айна Кеңшілікқызынан естідік. Қуана сүйіншілеп жатырмыз. Айна апамыз да бұл жақсылықтың нышаны деп ырымдап отыр. «2021 жылы желтоқсан айының 15 күні, яғни Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында 2 қалалық көпбейінді ауруханада аман-есен қазақ еліне үшем дүниеге келді. Қазір ана мен балалардың жағдайы жақсы. Әрине бұндай ерекше қуаныш екінің біріне бұйыра бермейді. Алла сәбилерге ұзақ ғұмыр, денсаулық берсін деп тілеп отырмыз. 19 желтоқсан күні астана әкімшілігінен Айгүл есімді қыз хабарласып, сүйінші жаңалықты әлеуметтік желіден естігенін айтты. Алда әкімдіктен де сүйіншілейді деген үміттеміз», – дейді Айна Кеңшілікқызы.
Жас отбасы пәтер жалдап тұрады. Отағасы жеке компанияда жұмыс істейді. Нағашы әжесі Айна апамыз жалғызбасты ана. Төрт баласының қамы үшін астанада үй жалдап, ел қатарлы тіршілік жасап келеді.
Үшемдердің анасы Оралжан Құндыз Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Құндыз мектеп қабырғасынан бастап қоғамдық жұмысқа белсенді араласып, алғырлығымен танылған. Республикалық Абай оқуларының, көптеген олимпиада, жарыстардың жүлдегері. Университет қабырғасында «Сырғалым» қазақ қыздарына арналған ұлттық-мәдени ұйымын құрып, талай жобаларды жүзеге асырған. Кейінен бір жыл ұстаздық және тәрбие ісінің меңгерушісі қызметін атқарып, облыстық байқауларға дейін шәкірт тәриелеп үздік жас ұстаз атанған. Астана қалалық «Алау» мұз айдыны сарайының БАҚ пен байланыс бөлімінің менеджері қызметін атқарып, «Бастаңғы», «Наурызнама», «Асық Party» ( мұз үстінде асық ату ойыны), «Домбыра Alauy» (бір күнде 100 күйшінің басын қосқан ерекше жоба), «Мұз Алауы» сынды іс-шараларды өткізгені журналистердің есінде.
2020 жылы Қазақстан Ұлттық арнасы ұйымдастырған «Жүзден жүйрік» бағдарламасында «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып жеңімпаз атанды. 2020 жылы жаңа отау тіккен жас отбасы үлкен қуанышқа кенеліп отыр. Әсіресе үшемдердің күтімі үшін жауапкершілік үш есе екені белгілі. Алайда жаңа отау тігіп, үйсіз жүрген жастар үшін бұл оңай шаруа емес. Әлеуметтік мәселе қиындап, қымбатшылық қысып тұрған қазіргі кезде мұндай отбасыларға көмек берілуі керек. Жас отбасына қолдау болар ата-аналары да жоқ. Үкімет пен Астана әкімдігінің Тәуелсіздік қарсаңында, жақсылықтың нышаны боп жеткен үшемге не сыйлық жасайтынын алда көре жатармыз. Қазақ елінде күнде үшем туып жатқан жоқ, оның үстіне еліміз үшін қасиетті, киелі мереке қарсаңында дүниеге келген үшемге мемлекет тарапынан қолдау, көмек болады деген үміттеміз. Үшемді дүниеге әкелген жас отбасы мемлекет қамқорлығын сезінсе екен деген ниет, тілегіміз бар.
Тәуелсіздігіміз мәңгі, балапандарымыз бақытты болғай!