«Қала күні – 2021» мерекесі аясында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Соның бірі – Зашаған кентінде бой көтерген 198 пәтерлі тұрғын үй.
Бұл қуанышқа Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев пен Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков те ортақтасып, пәтер иелеріне кілттерін табыстады. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен салынған 9 қабатты тұрғын үйдің құрылысына 2 088,0 млн теңге жұмсалған. Құрылыс жұмыстарын жүргізген «Болашақ – Т» ЖШС үйді бір жыл ішінде салып бітірген. Пәтерлердің 81-і – бір бөлмелі, 99-ы – екі бөлмелі, 18-і үш бөлмелі.
Өңір басшысы Ғали Есқалиев атап өткендей, мемлекеттік бағдарлама аясында пайдалануға берілген бұл үйлердің жалға алу құны – 6-12 мың теңге аралығында. – Биыл өңірде тұрғын үй құрылысына 18 млрд теңге бағытталды. Тұрғындарды баспанамен қамтуда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған осы үйден көп жылдар бойы жеке баспаналарын күтіп отырған көпбалалы аналар және басқа да санаттағы азаматтар пәтер алуда. Осы қуаныштарыңыз құтты болсын, шаңырақтарыңыздан жылылық кетпесін, – деді Ғали Нәжімеденұлы. Сондай-ақ жаңа үйдің тұрғындарын алғашқы күннен бастап мүлік иелері бірлестігін құрып, нысанды күтіп-ұстауға, сапасына бей-жай қарамауға шақырды.
Жаңа үйден баспана алған отбасылардың бірі – Әлмұқановтар. Шаңырақ көтергендеріне 11 жыл болған Ержан мен Әсел – бес баланың ата-анасы.
– Осы кезге дейін пәтер жалдап жүрдік. Балаларымыз кішкентай болғандықтан, қожайындар пәтерге жібере бермейді. Енді үш бөлмелі өз үйімізге қол жеткіздік. Ауданы – 83,42 шаршы метр, өзімізге ұнады, – деп қуанышын бөлісті отанасы Әсел.
Осы үйден жетім балалар санаты бойынша 20 адам пәтерлі болды. Оның ішінде «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінен бес отбасы жаңа үйге көшіп келмек.