Облыста биыл 9 мектептің құрылысы, 5 мектептің жапсарлас құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. 25 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Ал, 11 нысан 2024 жылға өтпелі.
Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен білім қызметкерлері кеңесінде айтылды. Онда ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова оқу жылының қорытындыларына, 2023-2024 оқу жылына арналған міндеттеріне тоқталып өтті.
Кеңесте сонымен қатар, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы Исатай Сағындықов «Ұлттық тәрбие – сапалы білім берудің негізі», ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Даурен Омаров «Білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою» тақырыптарында баяндама жасады.
– Биыл білім саласына 284,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 50 пайызынан асады. Саладағы инфрақұрылымды жетілдіру өте маңызды. Биыл облыста 25 білім нысанының құрылысы жүзеге асуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында соғылатын 12 мектептің жетеуінің құрылысы биыл, бесеуі 2024 жылы басталады. 4,4 миллиард теңгеге 17 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. 2,5 миллиард теңгеге мектептер жаңғыртылуда. Өңірде мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылды. Интернет жылдамдығы 20 Мбит/сек төмен 165 мектептің жылдамдығын көтеруге 61 миллион теңге бөлінді. Байланыс операторларымен бірлескен жұмыстар нәтижесінде 28 мектепте интернет жылдамдығы жақсарды. Техникалық мүмкіндігі бар 126 мектептегі жұмыстарды тез арада аяқтау қажет, – деді облыс басшысы Нұржан Нұржігітов.
Биыл облыстың дарынды оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми додаларда 343 медаль иеленген. Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы 14-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын жеңіп алса, республикалық олимпиадада қоғамдық- гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша І орынды иеленді.
Кеңес барысында бірқатар сала қызметкерлері облыстың білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Ал, «Орта білім беретін үздік ұйым-2023» грантының иегері ретінде Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 гимназиясына 48 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды.
– «Орта білім беретін үздік ұйым- 2023» конкурсына қатысып, соңғы үш жылдың нәтижесімен жеңіске жеттік. Бұл бүкіл ұжымның максималды стандартқа сәйкес жасаған жұмысы, оқушылардың еңбегі, ұстаздардың саналы тәрбие беру қызметінің ұшқырлығы деп білемін. Республикалық деңгейдегі оқушылардың пән олимпиадалары, ғылыми жобалар, зерде конкурстары сараланды. Біз жеңіп алған 48 миллион теңгені гимназияның оқу-материалдық базасын, ақпараттық- технологияларды жаңартуға жұмсаймыз, – деді Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының директоры Фарида Шортанбекова.
Сондай-ақ, 10 білім беру ұйымы түрлі номинациялармен марапатталып, ақшалай 500 мың және 1 миллион теңгенің сертификаттарына ие болды. Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі және Құрмет дипломдары бірқатар педагогтерге табысталды.