Азанда көңілім құлазығасын, Мұқағалидың бірнеше өлең кітабын оқып шықтым. Кәдімгідей қуаттанып, серпіліп қалдым. Сөз құдіреті деген ғажап қой! Біраз уақыт ойланып отырдым. Ақын төгіліп келген ой-тасқынын еш қиналмай қағазға түсіре салғандай көрінеді. Өйткені өлеңі өміршең!
«…Жалын жұтып, жанын жеп жазған құрлы,
Өлеңінің өлмеуін арман қылды.
Тасқа басып қалдырды тәкаппар жан,
Қан менен жас аралас тарлан-жырды».
Қасымға арнаған осы жырынан ақынның өз тағдыры қылаң береді.
«…Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден…» деу арқылы ақын өз заманының жаршысы болғанын әйгілейді.
Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры – туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали ұлы дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің өзі таңдайына салғандай төгілтіп, поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырады.
Мұқағали ақынды халық неге жақсы көреді? Жырларын неге сүйіп оқиды? Меніңше, Мұқағали – салт-дәстүрді бойына молынан сіңірген, ұлттың рухынан қайнап шыққан, көне көз қариялардың аманатын арқалаған ұлы болмыс. Дара тұлға!
Бар ғұмыры жетпіс жылға созылған Кеңес дәуірі, атеистік қоғам талай марғасқаның сағын сындырды, салын суға кетірді. Тілі мен дінінен бездіргісі келді. Сондай алақұйын кезеңдерде «Кей кезде дүниеден түңілсе де, қасиетті тілі мен дінінен түңілмеген» Мұқағалиды оқыған сайын қайран қаласың! Тебіренесің, толқисың!
Адам баласы ғой, Мұхаң да қателескен шығар, аяқтан шалғандарға ашынған шығар, пендешілігі болған шығар, шаршағанда шарап ішіп бәрін ұмытуға тырысқан шығар. Бірақ ешқашан (Қылышынан қан тамған Кеңестік заманда) қасиетті дінінен бас тартқан емес. Оған күйе жаққан емес. Адасқан емес. Шатып-бұтып ештеңе жазған емес. (Сол үшін де кешірімді Алла, өзін һақ деп таныған пендесін жарылқайтынына, тәубесін қабыл етеріне күмән болмауы тиіс).
Мұқағали ақын бізден гөрі бабалар танымына, шежіресіне, тарихына жақын болатын. Олардың ұстанымын, діни көзқарастарын бізден гөрі тәуір білетін. Соның бәрін қағазға түсіріп кетуге тырысқаны күнделігінде жазулы тұр. «Өмірдің базарынан сан рет жылап қайтса да» көргендерін, көңілге түйгендерін өлеңдерінде қамшының таспасындай өре білді.
Мұқағалидың ата діні ислам туралы терең білгендігін өлеңдерін оқыған адам бірден түйсінеді.
«Бәрі рас айтқанының Ақ Алламның, Құм менен топырақтан жаралғанмын. Құдайдың құлымын мен мұсылманмын, Денемде түйірі жоқ арам қанның.» («Бүкіл дүние мұсылмандарына хат» өлеңінен),
«…Мен адамнан жаралдым, Ниетім жоқ айнуға. Баласымын адамның, Ұқсағым жоқ маймылға». («Адам қайдан жаралған» өлеңінен),
«... иә, Аллам! Жаратушым, Қорғаушым. Өзің − өмір, өзің − қуат, қорғансың» деп бір Аллаға ғана бас ұруы иман шарттарының ең алғашқысы «Лә иләһә иллә Аллаһ» кәлимасының өлең өрнегі іспетті.
1976 жылы жазылған «Иә, Аллам», «Иә, Жаратушы Аллам», «Сатқан емен», «Бүкіл дүние мұсылмандарына хат», «Адам қайдан жаралған?», «Дін – ғылымның анасы» сияқты діни тақырыптарда жазылған өлеңдері ғана емес, басқа да Ислам діні талап ететін адами қағидаттарды насихаттаған өлеңдері де Құран және хадистердің рухынан нәр алып сабақтасып жатады.
Мұқағалидың ұлылығы мен даралығы, даналығы осында-ау!
Алланы мадақтаған ақынның шығар асуы да, халық жүрегінен алар орны да асқақ болмақ! Бұл сөзіме Мұқағали ақынның жырлары дәлел! Атамыз Қазақ риза болған адамына «Алла аузыңа жақсы сөз салсын» деп бата беруі тегін емес.
Алла Тағала өзін мадақтаған, сиынып ардақтаған ақынның дәрежесін, даңқын аспандатып қоятынына еш күмән болмаса керек!
Болашаққа бет алған ақын қазақ барда оқыла бермек! Жүректерге тоқыла бермек!
Мұқағали ақынды қайталап оқыған сайын әр қырынан тани бастайсың. Жалықпайсың! Шаршамайсың! Ақын жырынан алған әсерімді сіздермен бөлісіп қойғым келді, ағайын!