Мұзбалақ ақын – Мұқағали Мақатаевтың 93 жасқа толуына орай «Алатау» дәстүрлі өнер театрына қарасты көру және есту мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәдени демалысын ұйымдастыру бөлімінде «Бір өлеңі – бір әлем» атты әдеби-сазды концерт ұйымдастырылды.
«Армандастар» ансамблі Мұқағалидың «Есіңе мені алғайсың» әнін тамылжыта орындаған соң, концертті жүргізуші Гүлмира Бөбешікова көпшілікті ақын мұрасымен сырласу үшін арнайы шақырылған қонақпен таныстырды. Мұқағалидың 500-ден аса өлеңін жатқа оқитын мұқағалитанушы, кинорежиссер, актер, ұстаз, Қ.Жүргенов атындағы Өнер Академиясының профессоры Шаяхмет Имашұлы ақынның балалық, жастық шағынан естеліктер айтып, біреше өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
«Ол кезде студентпін, Мәскеуде оқимын. Қолыма алақандай ғана жұп-жұқа «Қарлығашым, келдің бе?» деген өлең кітапшасы түсті. Авторы – Мұқағали Мақатаев деген белгісіздеу ақын, бірақ өлеңдері от екен. Бірден бірнешеуін жаттап алдым. Содан жазғы демалысқа шығып Алматыға келгенімде Мұқағалиды өз басым екі рет сыртынан көрдім. Біріншісі – Жазушылар одағы алдындағы орындықта, ырду-дырду жастардың ортасында әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Екіншісі – кішігірім саябақтағы кафеде тағы да сол улап-шулаған жастармен қызулау көрдім. «Мұқа, мен сіздің өлеңдеріңізді жатқа білетін едім» деп жанына жетіп баруды ыңғайсыз көрдім де, «тағы бір жолы реті келер» деп кете бардым. Бірақ, реті келмеді, арада алты айдай уақыт өткенде 1976 жылдың 27 наурызында арынды ақын қайтыс болды деп естідім», – деген Шаяхмет Имашұлы осы күнде ақынның отбасымен, ұлы Жұлдызбен достық қарым-қатынаста екенін жеткізді.
Әнші Мәзімхан Әбдірахманованың орындауындағы «Сені іздеймін» әні кеш қонағына ерекше әсер етіп, ақын өлеңіне жазылған Данияр Сағынтаевтың бұл әнін бұрын-соңды естімегенін айтып, әншіге үлкен ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, «Дос» дуэтінің әншілері – бірнеше байқаулардың лауреаты, сазгер Думан Жақанбаев пен Арнұр Алимқанов Мұқағалидың «Әке, сенің жасыңнан асып барам», «Сәби болғым келеді», «Ұнатамын мен сені» әндерін шырқап, көрермен қошеметіне бөленді.
Бұдан соң ҚР Білім беру ісінің үздігі, ұстаз-ақын Гүлхадиша Нысанбаева «Поэзия, менімен егіз бе едің?», «Көзің нұрсыз дейсің сен» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Бөлімнің белді әншілері: Бәтима Сағынғалиқызы, Әспеткүл Айтжанова, Светлана Токабаева ақынның өлеңдеріне жазылған «Күрең күз», «Саржайлау», «Туған жер» әндерін нақышын келтіре шырқады.