Қарап отырсақ, қазақтың даласының өзі мұражайлар мекені.
«Өткенсіз болашақ жоқ» дейді емес пе?
Білген адамға мұражайдан алар тәлім мол.
Мұражай іші расымен сырға толы. Әрбір затына сағаттап қарап тұруға болады.
Сондай-ақ, мұражай – мол білім мен тәрбиенің орталығы.
Мұнда әрбір аймақтың, ауданның, ауылдың өзіне тән тарихы, қызықты шежіресі, өмірбаяны, адал істері мен ерліктері ұрпаққа үлгі болатын еңбек ерлері мен ардагерлері бар.
Тәуелсіз еліміздің алтын әріппен жазылған тарихын, еліміздің әлем мойындаған керемет жетістіктерін мектеп мұражайында жинақтап, кейінгі ұрпаққа насихаттап көрсете білу біздің парызымыз.
Міне, бүгін осындай игі шараның куәсі болдық.
Талас аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық залында Ұлағатты ұстаз, бокс федерациясының президенті, аудандық мұрағаттың алғашқы директоры, Талас ауданының Құрметті Азаматы Рысқұлов Шымкент Рысқұлұлының өмірі мен еңбек жолына арналған экспозицияның ашылу салтанаты өтті.
Рысқұлов Шымкент Рысқұлұлы 1937 жылы 13 қазан Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақкөл селосында қызметкерлер отбасында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1960 жылы мұғалім болып Талас ауданы, Шолақтау поселкесінде мектеп интернаттан бастаған.
Қаратау қаласында отбасын құрған, 2 ұл және 1 қызы бар. Жолдасы Шаардана зейнеткер. 12 немересі және 2 шөбересі бар.
Көп жылдар бойы Қаратау қаласының қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып, білім бөлімінде испектор және Шолақтауда тұңғыш бокс секциясын ашқан.
Бокс федерациясын құрып 30 жылдан астам оның президенті болған. Небір дүбірлі облыс, қала және республика көлемінде жарыстар ұйымдастыруға атсалысқан.
Қиындықтарды жеңе отырып архивтің негізін қалаған. «Ұстаздан шәкірт озар» деген сөз бар.
Рысқұлов Шымкент Рысқұлұлынан дәріс алып тәрбиеленген шәкірттері Қаратауда және Республикамыздың тіпті жақын – алыс шетелдерде ғылым саласында еңбек етуде.
Мазмұны терең, көркемдігі кемел, адамгершілігі мол, сыйлы ұстаз, шәкірттерінің ілтипатына бөленіп, артына өшпейтін рухани мұра қалдырған.
Экспозицияға Ш. Рысқұлұлының фотосуреттері, жеке заттары және марапаттары қойылған.
Іс-шара барысында Шымкент Рысқұлұлына арналған экспозицияның лентасы қиылып, экспозиция бойынша экскурсия жүргізілді.
Иә, тарихи дерек пен құнды жәдігерлер сыр шерткен ортадан өмірі өнегеге толы тұлғаның бекзат болмысы мен парасатты танымын терең таныдық.