Мұрсал-Нәби ТҰЯҚБАЕВ: «Бар білімім мен біліктілігімді дипломатия саласына жұмсадым»

Мұрсал-Нәби ТҰЯҚБАЕВ:  «Бар білімім мен  біліктілігімді дипломатия саласына жұмсадым»

«Күн астындағы 

Күнікей қыздарды көрдім»

 

– Мұрсал-Нәби мырза, сіз бірнеше мемлекетте дипломатиялық қызмет етіпсіз. Соның ішінде Индонезияда болғаныңызда индонезиялықтардың қазақ халқымен ұқсастық жағын байқаған екенсіз. Сол жайында айта кетсеңіз.

– Әлемнің бес өңірі, яғни Оңтүстік Азияның Үндістанында, Оңтүстік-Шығыс Азияның Индонезиясында, Батыс Еуропаның Франциясында, Шығыс Еуропаның Ресейінде, Орталық Азияның Өзбекстанында 3-4 жылдан елшілікте қызмет еттім. Индонезиялықтар жайлы алғашында жарытып ештеңе білмейтінмін. Өзім Мәскеудің Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінде (ХДУ) оқыдым. ХДУ-дың студенттері 110 елден келгендер болатын. Бірақ оқуы бар, тағылымдамасы бар, аспирантурасы бар он шақты жыл ішінде бірде-бір индонезиялық студентті көрмеппін. Мен оқыған «Физика-математика» факультетінде де болған жоқ. Сөйтіп басқа ұлттардан ажыратарлықтай индонезиялықтардың мінез-құлықтарында, салт-дәстүрінде қандай ерекшеліктер бар екен, олардың бет-әлпеті қандай болады екен дегендей сұрақтар туындады. Өйткені дипломатиялық қызмет етерде керекті кісілермен тығыз қарым-қатынас орнату үшін барар елдің халқы жайында мағлұматты мейлінше көп білгеннің пайдасы мол.

Араласа келе көпшілігі иманжүзді болып келетін индонезиялықтар маған әлемдегі ең сыпайы да мейірімді жандар болып көрінді. Бірақ оны қытай тектес индонезиялықтарға қаратып айта алмайсың. Көшеде, сауда орталықтарында келе жатып көзің түйісіп қалса, әйел заты жылы шыраймен амандасу ізетін жасайды. Біз тұрған ғимараттың қызметшілері шетінен ақкөңіл және бауырмал болатын. Үш жылдық іссапарымыз аяқталып, елге қайтар кезде көлікке мініп жатқан бізді консьерж қыз қимастықпен көзіне жас алып шығарып салғанын көріп, бауыр басып қалғандықтан көңілшектік танытып жатқаны елжіретті. Халықтың басым бөлігі мұсылман болғанымен, Ирандағыдай, Араб елдеріндегідей киім кимей, мұсылманшылықты ұстануда қатаң тәртіпке бағынбайды. Орамал тақпай, ашық жүретін мұсылман қыздар, әйелдер еш қысылып, қымтырылмайды. Алайда ораза, айт кездерінде ауыз бекітуден ешкім қалыс қалмайды. Қай жерде болмасын қыз-келіншектер ақжарқын, ақкөңілдерімен, биязы мінездерімен кезіккен қиындықтан шығаруда қол ұшын беруге, пайдасын тигізуге дайын тұрады. «Ассалаума-әлейкум» деп амандасқаныңды естісе, қыздар «Уа-әлейкум-ассалам. Уа рахматулла, бәракәту» деп жарыса жауап қатып, күлімсірей ең жақсы қызмет көрсетуге асығады. Соларға қарап, баяғы ертегілерде кездесетін «Күн астындағы Күнікей қыздар» атауы индонезиялықтарға қаратып айтылған ба деген ой түйдім. Индонезиялықтардың той тойлау әдет-ғұрыптарына келсек, әркім барын киініп, үлде мен бүлдеге оранып келгенді ұнатады екен. Оларда да тойда микрофонды ұстатса, ұзақтан-ұзақ сөз сөйлеп тұрып алатындар көп екен. Жұрттың кез келгені ән айтып, би билегенді қатты ұнататындары байқалды. Әндерінің мақамдарында да, би билеудегі икемділіктерінде де біздікімен ұқсастықтар таптық.

Ертеректе қолыма түскен бір кітаптан «Үндістанға, Пәкістанға, Малайзияға, Индонезияға, Брунейге исламды жайған Орталық Азияның сопылары» деген сөйлемді көріп, аң-таң болғам. Үндістан мен Пәкістанға исламды жайса, жайған болар, ал енді сонау мұхит асып, экватордың ар жағындағы елдерге қалайша сопы бабаларымыз исламды жайып жүр?» деген тосын ойдан күмәнданып, сенбеушілік танытсам да, сол ой кетпей, көкейімде тұрып алды. Кезекті уикендті пайдаланып, көлігіммен мыңдаған шақырым қашықтықты артқа тастап, Кудус қаласында И. Мәліктің салдырған алғашқы мешітін барып көрдім. Ол жерге зиярат етуге елдің түкпір-түкпірінен адам көп келеді екен. Зиярат етуші әйелдердің үстеріндегі ақ кимешектері ертедегі қазақ аналарымыздың киіну дәстүрін еске салды. Құдды Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында жүргендей әсер қалдырды. Сондай-ақ біздің өңірмен байланыстыратын сөздерді адам аттарына қарап отырып-ақ табуға болатынын байқадым. Бірде тегі Рахмат болып келген бір кісіден «рахмат» сөзінің мағынасын сұрасам, айтып бере алмады. Бір күні бөлмеде шам өшіп қалғанда оны жөндеуге келген қараторы индонезиялық жігіт қазаққа өте ұқсастау болып көрінді. Үстіндегі жұмыс киімінің кеудеше тұсындағы аты-жөні жазылған жолақ жапсырмаға қарасам, Жалаладдин Аюби деп оның есімі жазылған екен. Аюби деген сөзді алғаш рет Парижде дипломатиялық қызметпен жүріп, Даниядан келген қазақ жастарының тегінде кездестіргем. Аюби Шөмекей руының бір тармағы екенін солар айтқан. Сұрастырып көрсем, индонезиялық жігіт тарихтан мақұрым болғандықтан, аты-жөні жайында жарытып ештеңе айта алмады.

 

Анам ғайыптан 

қайта тіріліпті 

 

– XVI ғасырда қолға түскен «Шахнаманы» тірілтіп, Рерих музейіне қойғанын айтыпсыз. Әңгіме Сыр сүлейі тәржімелеген «Шахнаме» жайында болып отыр ма?

–  «Қазақстан – Франция, мәдени дипломатия айшықтары» атты кітабымның тұсаукесерін 2024 жылы 31 наурызда ұйымдастырған Мәскеудегі М. И. Рудомино атындағы Шет тілдер кітапханасы жылда Құжаттарды консервациялау және реставрациялау күнін атап өтеді екен. Биыл сол күнге қатысты Мәскеудің «Метро» газетінде жарияланған мақалада ғылыми еңбек арқасында 51 жыл бойы олар ескі кітаптарды жоғалудан сақтап келе жатқандарын атап көрсетіпті. Қорында 154 тілде 3 млн шығарма бар кітапхана XVI ғасырда қолға түскен «Шахнаманы» тірілтіп, Мәскеудегі Рерих музейіне қойған екен. Содан «Сыр сүлейі» атанған Т. Ізтілеуовтың тәржімелеген сол «Шахнаме» шығармасының елдегі сақталуының жағдайы қандай екен деген ойға шомдым. Т. Ізтілеуовке дейін Ораз Молла, Сердалы, Қалмақан Әбдіқадыров, Мәжит Дәулетбаев, Аймангүл Тәжібаевалар бұл шығарманы қазақшалауға кіріскендері мәлім. Алайда бұл классиканы Т. Ізтілеуовтей керемет аудара алмағанын баршасы мойындайды. 1934 жылы Фердаусидің 1000 жылдығына орай «Шахнаме» дастанының Т. Ізтілеуов аударма нұсқасына жазған алғысөзінде Мұхтар Әуезов: «Бұл еңбекті Фирдоусидің «Шаһнамесінен» тікелей жасалған аударма демейміз, сол Фирдоуси үлгісімен халық ақыны Тұрмағамбеттің өзі өлең етіп жазған Рүстем жөніндегі дастанның қазақша нұсқасы дейміз», – деп баға берді емес пе? Араб, парсы тілі әлемінде Т. Ізтілеуовке назира аудармашы деп орасан зор құрметпен қарау орын алатынын біреу білсе, біреу білмес. Ол үшін жай аудармашы ғана болу аз екені белгілі. Тарихи білімге кенде емес Тұрмағамбет ақын Тұран – Иран тарихымен қоса ислам, қала берді адамзат тарихынан хабардар болғаны анық. Әйтпесе ол бұл дастанға маңайлай да алмас еді.

– М. Мақатаевтың «Есіңе мені алғайсың» әнін Мәскеу жұртшылығының алдында қазақша, французша шырқағаныңыз жайлы естідік. Ол қалай орын алып жүр? Тағы қандай өнеріңіз бар?

– Мәскеудің Рудомино атындағы Шет тілдер кітапханасы Франкофония халықаралық фестивалі шеңберінде «Қазақстан – Франция, мәдени дипломатия айшықтары» атты кітабымның тұсаукесерін өткізуге шақырғанда кітаптағы Қасым Аманжолов және Мұқағали Мақатаевтың қазақшадан французшаға тәржімеленген өлеңдерін французша оқып беруімді сұрады. Мен гитара табылса, өлеңдерді қазақша және французша шырқап беретінімді жеткіздім. Сөйтсем, жиынға гитараны да әкеліп қойыпты. Мәскеу қазақ диаспорасының өкілдерінен, ғылыми топ өкілдерінен, дипломаттардан, қазақстандық студенттерден құралған көрермендердің алдында қос тілде М. Мақатаевтың «Есіңе мені алғайсың» өлеңін жырлап бердім.

 

Өнерге келсек, бала кезден «7 тілді біл, 7 өнерді үйрен» деген ғибратты жиі естіп өстік қой. Жақында қырғыз әріптестің оларда жас жеткіншекке тәлім-тәрбие берерде «Жігітке 40 өнер де аздық етеді» деген талап қойылады дегенін естідім. Осы талапты ғаламдану үдерісі мен 4-ші ғылыми-технологиялық революцияның жүріп жатқан бүгінгі заманауи заманда біз де жастар санасына құйып отырғанымыз жөн-ау деген ойға келдім. Бұл тұрғыдан алсақ, ауылдан кетіп, Алматыдағы ең үздік Республикалық физмат мектебінде оқуым ауылда қолым жетпеген біраз өнерді игеруіме жол ашты. Өз бетімізше өмір сүруді үйрене жүріп, өнер үйренуде жолай кездескен мүмкіншіліктерді барынша бос жібермеуге тырыстым.

 

– Анаңыздың қайта тірілгені ел аузында бар. Ғайыптан келген құдіретке сенесіз бе? Жалпы туған жеріңіз, өскен ортаңыз туралы айта кетсеңіз.

– Жүрәлі нағашы атамыз бен нағашы әжеміз Айшаның туған балалары ерте шетіней беріпті. Содан менің анам Қанзира туған кезде, ол да шетінеп кетпесін деп, оны балаға зар болып жүрген туысы Бәтенов Төлебайға асырап алуға береді. Төлебайды соғысқа алып кетеді. Ол кісі кетерінде әйелінің бала асырап көрмегеніне байланысты Қанзираны өзі соғыстан аман қайтып келгенше өсіріп, тәрбиелей тұруларын сұрап, Жүрәлі мен Айшаға аманаттайды. Күндер өте береді. Компескілеуден көз аша алмаған Жүрәлі мен Айша көшіп, Ташкентке барып паналайды. 4 жасқа келгенде Қанзира қайтыс болады. Мал сойылып, туыстардың жиналғанын күтуге кіріскен алғашқы түні Айша түс көреді. Түсінде киіз үйге қызыл ит пен қара ит кіріп келеді. Баланы жеп кетпесін деген оймен Айша оларды киіз үйден қуып шығады. Артынша екі адам кіріп келіп, өздерін Әзірейіл мен Жебірейіл екендерін, алдында ғана қызыл және қара ит болып кіргендерін, баланың жанын алуға келгендерін айтады. Айша бетіне ақ шүберек жамылған Қанзира жақты меңзеп көрсетеді де, «Жанды қалай алады екен, қарап көрейінші» деген оймен жастық астынан сығалап жатады. Әзірейіл мен Жебірейіл бала жанына жүресінен отырып, ақ шүберекті алып тастайды да, Әзірейіл алақанымен башпайдан бастап жоғарыға қарай баяу сипай жөнеледі. Алақаны кіндік тұсына келгенде Қанзира аузын ашып, қиналғандай болып көрінгенде Айша аяныштан көз жасына ерік беріп, «Бұл бала біреуге берген аманат еді. Ол соғысқа кетерінде соғыстан қайтып келгенінше аман сақтаңдар деп аманаттап кеткен. Ол келгенде оған не деп айтамыз?» деген сұрақ қояды. Сол мезетте Әзірейілдің қолын Жебірейіл ұстап, тоқтатады. Одан әрі екеуі бір-бірлеріне үнсіз қарап, орындарынан тұрып, киіз үйден шығып кетеді. Сол сәтте ұйқысынан оянып кеткен Айша ері дереу Жүрәліні оятып, «Бір түс көрдім. Әзірейіл мен Жебірейіл аманат туралы айтқанымды тыңдасымен үйден шығып кетті. Баланы барып қарашы. Бәлкім тірі болар? Көрген түстен көңілім тыншымай, алабұртып тұр», – дейді. Жүрәлі тұрып, баланың денесін алақанымен сипап тексереді. Бар жері сап-салқын да, тек қолтығының асты ғана қанжылым жылуды сезеді. Содан баланы алдындағы екі тізесінің үстіне жатқызып, үстелшеге отырады. Таңалагеуімде көзі ілініп кетсе керек, Қанзираның «Су, су» деген айқайынан шошып кетіп, бетіндегі ақ шүберекті Қанзира қолымен лақтырып жібергенде, қорыққаннан шалқалап құлап кетеді. Қуаныштан Айша «Сүйінші, бала тірілді!» деп дауыстаса, оны естігендер «Жүрәлінің қызы тіріліпті» деп басқалардан сүйінші сұрай бастайды. Ақиретке сойылған мал етін таратып жіберіп, енді тірілген қызының қуанышына басқа мал сойылады. Сөйтіп аманаттың арқасында тірілген Қанзира менің әкем Шайзадаға тұрмысқа шығып, өмірге 9 ұл, 2 қыз әкеледі. 2016 жылы мені дипломатиялық қызмет етуге Өзбекстанға жібергенде Ташкентке алғаш қадам басқан күні фейсбукте анамның тірілгендігінің арқасында Ташкентті көріп отырғаным жайында пост жаздым. Ғайыптан келген құдіретке сенбеске шара бар ма? Сол жолы анам Қанзира тірілмегенде менің дүниеге келуім, жер басып жүруім екіталай еді ғой.

Бұрынғы Жаңаталап, бүгінгі Т.Жүргенов ауылы – менің туған жерім, алтын бесігім. Мектеп табалдырығын аттағанда Қанатбаев Өмірзақ ағай сабақ беріп, әділетті болуды үйретті. Білімімнің негізін қалауға Күләш апай, Саракүл апай, Камал ағай бастаған мұғалімдер көп еңбек сіңірді. Баршасына алғысым шексіз. Мектепке барған күнімнен оқуға деген ынтамды көрген әкем Шайзада мені еркелеткен кездері үнемі «Тіл-аузым тасқа! Менің қара собалағым Мәскеудегі Ломоносов атындағы университетте оқитын болады» деп еркелетіп, қайталаудан жалықпайтын. Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебіндегі (РФММ) конкурсқа қатысуға Қызылорда облысынан 5 бала бардық. Екі бала түстік, үшеуі елдеріне қайтты. Содан РФММ-де 19 облыстан келген оқу озаттарымен бірге додаға түсіп, 4 жыл ішінде өзімді үздік оқушы ретінде көрсете алдым. Одан бөлек, интернатта жатып оқитын 250-дей оқушының өзін-өзі басқару комитетіне басшылық еттім. Мәскеудегі Патрис Лумумба атындағы ХДУ-ден үміткер таңдау мақсатында Мәскеуден келген делегацияға директор А. Чернобай жолдамамен баруға менің кандидатурамды ұсыныпты. «Физика-математика және табиғи ғылымдар» факультетіне математика пәні бойынша емтихандар тапсырып, қабылдандым. Емтиханда келген 5 есептің біреуі олимпиадаларда берілетін есеп болып шықты. РФММ-ның орыс сыныбынан барған түлек өтпей қалды. ХДУ-да бұрынғы Кеңес Одағындағы ең мықты саналатын Мәскеудегі, Новосибирскідегі, Еревандағы және Алматыдағы физмат мектептерден келген түлектер оқитын топтан алғашқы кандидаттық қорғау мәртебесі маған бұйырды. Әлемдік деңгейде белгілі математик В. И. Буренков ғылыми жетекшілік етіп, математика саласында шартты гопоэллиптикалық оператор бойынша баламасы жоқ жаңалық ашу бақытына ие болдым. Ол жайында мақалалар Кеңес Одағындағы ең жоғары деңгейдегі «ДАН СССР» және «Труды МИРАН» журналдарында жарияланып, кейін оны Америкалық математикалық қоғамы аударып басты.

 

Ата-әжесінің 

тәрбиесін көрген Димашты бүкіл қазақ баласына үлгі етейік!

 

– Т.Жүргенов жайлы да көп ой қозғапсыз. Өзіңіз сол жер тумасысыз. Т.Жүргеновтың елге жасаған қызметі жайлы айта кетсеңіз. Мүмкін біз білмейтін деректен хабардар етерсіз.

– Алып мемлекеттің бір формациядан екінші формацияға өтіп жатқан қиын шырғалаң шағында Орталық Азияның үш мемлекетінде байдың баласы бола тұра, 39 жасқа дейін министр болып қызмет етіп үлгеру, артында ұлтының берекесін келтіретін қисапсыз игі істер қалдыру Т.Жүргеновтің күрделі, ерекше дипломат тұлға болғандығын көрсетеді. Оның қазақ өнер, білім таланттарын іздеп табуда, Алматыға оларды алдыртып, қолайлы жағдай жасауда, сондай-ақ елдегі білім беру, ғылым және мәдениетті дамытуға қажетті өнер, білім ошақтарын шұғыл құрудағы сіңірген еңбектерін айтпағанда, Қазақ АССР-ін Қазақ ССР-іне айналдыру жөнінде шешім қабылдануына ықпал еткен Мәскеуде іске асырған мәдени дипломатиясының өзі не тұрады? Оның араласуымен артында тек Қазақстан емес, сондай-ақ Тәжікстан мен Өзбекстанда қалған игі істерді түгендеп, зерттеу үшін «Жүргеновтануды» күн тәртібіне шығаратын кез келді. Өйткені Т.Жүргенов жайлы зерттелмеген дүние Мәскеудің, Ташкенттің, Алматының және басқа да қалалардың кітапханаларында, архивтерінде шаң басып жатқанына күмән жоқ. Қол тигенде Мәскеудің Мемлекеттік кітапханасынан, оның архивтерінен Т.Жүргеновтің өзінің жазғандарын, ол туралы жазылған еңбектерді іздеп тауып, зерттеп жүрмін. Атап айтсам, Т.Жүргеновтың 1932 жылы Ташкентте жазған «Проблемы административно-хозяйственного районирования СССР и Казахстана» атты дипломдық жұмысында, 1932 жылы жазған «За ликвидацию коренного недостатка школы» және «VIII Всесоюзный съезд профессионального Союза работников просвещения СССР. Материалы к докладу Наркома просвещения УзССР Т.Жургенова» атты мақалаларында, 1968 жылы Р.Сүлейменовтың жазған «Темирбек Жургенов» кітабында, сондай-ақ Қазақстан мен Мәскеу БАҚ-тарында Т.Жүргеновке, оның ұлт үшін істеген қызметіне қатысты жазылған материалдарда зерттеп зерделейтін көптеген қызықты ақпараттарға кезіктім.

– Қазақ мәдени дипломатиясын ілгерілетуде Димашпен жарыса алатын тұлға жоқ депсіз. М.Мағауин тұрған үй музейге айналды депсіз. Солар арқылы қазақты әлемге танытуға болатын шығар?

– Димаш сықылды өнер дүлдүлін бүгінгі таңда қазақ мәдени дипломатиясын шетелде болсын, ел ішінде болсын орасан пайда әкелетіндей тиімді іске асыру мүмкіндігін уыстан шығарып алмауымызды қалар едім. 

 

«Бейбітшілік елшісі ретінде» оның берері көп. Өнерден бөлек Димаштың ата-әжесінің мектебінен қазақы тәлім-тәрбие алуы да өскелең ұрпақты патриоттық сезімде тәрбиелеуде пайдаланылатын игі тетік. Бұрынғы КСРО ыдырап, білімді жастардың өзі жол таппай адасып жатқанда, жазушы М.Мағауин қартайған шағына қарамастан шетел асып, ұлт үшін баға жетпес құнды дүние қалдырудан көп ақын-жазушыларға үлгі көрсетіп кетті.

 

 Ғылым, білім және өнерді дамытуда қуатты эпицентрге айналған АҚШ-та оған арналған музейді қазақ мәдени дипломатиясын алға бастыру жолында тиімді пайдаланса, нұр үстіне нұр болар еді.

– Бос уақытта немен айналысасыз? Хоббиіңіз не?

– РФММ-ге қабылданып, Алматыға табаным тигеннен хоббиім көбейе берді. Ауылда көрмеген қаланың игіліктерінен құр қалмауға асықтым. РФММ-да жүріп, «проявитель», «фиксаждармен» фотосурет шығарып үйренуге, гитара тартуға, сурет салуға, өлең жазуға, дзюдоға, еркін және классикалық күреске, шахмат ойнауға, самбоға, боксқа біраз уақытымды кетірдім. Студенттік шақта халық әндерін гитарада орындау, би билеу, каратэ, футбол, волейбол, суда жүзу, шаңғы тебумен шұғылдануға басымдық бердім. 

 

Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа стандартына сәйкес қарт деп 75-тен асқан кісіні атау келісілген. Оған дейінгілерге «Тәжірибелі данагөй жас (молодежь с умудренный опытом)» деген мәртебе таңылды. Яғни, қарттықтың ауылы әлі алыс. Жиған-тергендер, көңілге түйгендер жастардың қажетіне жарап қалар деген ниетпен мақала, кітап жазып тұру күн тәртібіне шықты. 

 

Сондай-ақ ғаламдану үдерісімен бірге келген интернет, уатсап, фейсбук, телеграмма, инстаграмма, твиттер, ютуб сынды ақпараттық-технологиялық коммуникациялардан (АТК) халықаралық жаңалықтармен танысып отыру, білімнен, ғылымнан, экономикадан, өнерден, әдебиеттен, денсаулықты жақсартудан, бала тәрбиесінен, шет тілін үйренуден адамзаттың қол жеткізген игі жетістіктерімен танысу күн тәртібінен түскен емес. Ол әдет мәдени дипломатияны, сандық дипломатияны жүзеге асыруда АТК-ны белсенді қолдануға мәжбүр болу дағдымыздан қалды. Қалт еткенде өзіме ой салып, пайдасы тиген мақалаларды фейсбуктегі «Жаңа талап академиясы» тобына тоғыта салу әдетке айналды. Өйткені жас шағымызда білім мен ақпарат алатын керекті кітапты іздеп жүріп, зорға табатынымыз әлі есімде. Пайдасы мол ақпарат ізденімпаздың қолына тезірек тисін деген ниет қой. Садақаның екі түрі барын жақсы білеміз. Бірі – материалдық тұрғыдан жәрдем беру болса, екіншісі – ғибратты сөзбен ақыл-кеңес беру арқылы тығырықтан шығарудың ізгі жолын көрсету екен. Сонымен қатар математикадан қорғаған еңбегімнің жалғасы ретінде математикалық ғылыми зерттеу жолында ғылыми мақалалар мен кітаптар оқу да күн тәртібінен түскен емес. Сол үшін ғылыми жетекшім В.И.Буренковпен уақыт тауып кездесіп, сұхбаттасып тұрамын.

 

Ғылымға салынған инвестиция ең көп кіріс әкеледі

 

– Ғылымға бөлінген инвестиция қалай қайтады? Жұрт жаппай материалдық байлыққа бет бұрған заманда білім мен ғылымның дамуы қай сатыда?

–  «Ең жақсы бизнес, ол – баланың білім алуына инвестиция салу. Баланың білім алуына салынған қаражат кейін жеті есе болып қайтады» деген америкалық сарапшының пікірін студент шағымда газеттен оқыдым. Мектепке барған күннен бастап анам Қанзираның аузынан «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген тәмсілді жиі естіп өстім. Білім алу – өзіңе өзің ақша салғанмен тең.

 

 Кез келген басқа инвестицияға қарағанда, ол саған дивидендті көбірек әкеледі. Бұл тұрғыда АҚШ-тың пайда болып, мемлекеттілігін нығайтуға ең көп үлес қосқан бірден-бір белгілі тарихи тұлға Бенджамин Франклин: 

«Егер де кез келген жан ақылын көбейтіп, арттыру жолында қалтасын жұқартып қағып тұрса, оны кейін ешкім тонай алмайды. Білімге салынған инвестиция ең көп кіріс әкеледі», – депті.

 

Қай елде болмасын ғылымды дамыту саласы ақылмен әділ басқарылса, оны бюрократизм мен жемқорлық жайламаса, әлбетте ғылымға бөлінген инвестиция еселеп қайтады. Әрбір адамның білім алуы мен ғылым жасау қабілетіне салынған қаражаттың қарымы қашан және қалай қайтатынын есептеу қиын, әрине. Бұл тұрғыда өз басымнан өткен жағдайға тоқтала кетсем де болады. Мектепте, РФММ-да, ХДУ-дағы оқудан алған білімді, тағылымдамада, аспирантурада жасаған ғылымды КСРО ыдырағаннан кейін шетелде жалғастыруға болатын еді. Ол үшін математика саласында ашқан жаңалығым туралы мақала КСРО-ның ең үздік журналында басылып, оны Америка математикалық қауымдастығы ағылшын тіліне аударып басқанының көмегі тиетіні күмәнсіз еді. Ол құбылыс «білімділердің жылыстауы (утечка мозгов)» деп аталады. Алайда мен көптен күткен тәуелсіздікке қол жеткізген ұлтыма қызмет ету жолын таңдап, білімді болуыма жағдай жасаған елімнің алдындағы борышымды ақтауға басымдық бердім. Ағылшын мен француз тілдерін білуім конкурстан өтіп, бар білімім мен біліктілігімді дипломатия саласында жүріп, ұлт мүддесін қорғауыма мүмкіндік берді. Сол біліктілігім болмаса, Орталық Азия өңірін ядролық қарудан азат зона жасау; Арал теңізі мен Каспий теңіздерінің кешенді проблемаларын шешуге шет мемлекеттер, БҰҰ және Дүниежүзілік банк сынды халықаралық ұйымдар әлеуетін тартып пайдалану; климаттың өзгеруі, биологиялық сан алуандылықты сақтау, шөлденуге қарсы күрес жөніндегі халықаралық экологиялық конвенцияларға Қазақстанның қосылуын іске асыру; еліміздің Экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасын қабылдау; Орталық Азия елдерінің өңірлік экологиялық орталығының штаб-пәтерін Алматыда орналастыру; Мырза Мұхаммед Хайдар Дулаттың 500 жылдығын атап өту мақсатымен Кашмирге апарған экспедицияны Үндістан мен Пәкстан арасында тұтанған Каргил қарулы жанжалы кезінде Нью-Делиге аман алып келу; Рязань облысындағы Касым қаласында жатқан Қадырғали Қосымұлы Жалайырдың басын қарайтып, құлпытас орнату; Парижге жапсарлас Ножан-сюр-Марн қаласында Мұстафа Шоқайға ескерткіш пен «Шоқай бағын» аштыру; Азиядағы ынтымақтастық және өзара сенім шаралары конференциясына Үндістан тарапынан қолдау таптыру сынды іс-шаралар ұйымдастырудың басы-қасында болып, олардың оң шешімін табу жолында креативтілік пен белсенділік таныта алар ма едім? Бұл мәселелердің әрбірі бір-бір мақаланың жүгін арқалайды. Ал енді тыныш, бейбіт өмір сүрудің алғышарты ретінде кепілдік беретін «Орталық Азия өңірін ядролық қарудан азат зона» жасауға өңірдегі бес ел президенттерінің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруына қолайлы жағдай туғызудың өзі қаншалықты қиын жолмен келетінін ойлап көрудің өзі не тұрады? Оған салынған еңбек қанша тұратынын кім біледі? Айталық, мұндай жетістікке қаншама жылдар бойы қол жеткізе алмай отырған әлемде неше өңірдің бары, осы тұрғыдан алғанда Орталық Азия елдерінің тәуелсіздік алғалы бері қолдарын жеткізген ең үлкен дипломатиялық жетістіктері жайлы «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Таң-Шолпан» журналына берген мақалаларымды оқыған жұрт лайықты баға берер деген ойдамын.

Соңғы кездері білім беру сапасын қалай жақсарту қажеттігі жөніндегі мәселе педагогикалық ғылымда жиі талқыға түсетін болды. Бірнеше онжылдықтар бұрын білім берудің жоспарлы нәтижесі мектеп аяқтаушы оқушының алған білімі, дағдысы және біліктілігі негізінде анықталатын-ды. Нақты өмірде негізгі назар түлектің білімін көрсете алатынына аударылатын да, түлектің алған білімін практикада қолдануы көңіл көншіте бермейтін. Осы тұрғыдан ізденістегі Батыс елдері білім берудің креативтілік алуан жолдарын қалай іске асырып жатқанын назардан тыс қалдырмаған жөн. Айталық, Финляндияда «Медиасауаттылық» пәні оқытылады. Фин мектептерінде ондаған жыл бойы міндетті бағдарламаның бөлігі саналып келген бұл пән жалған ақпараттарды танып білу және оған қарсы тұру сықылды дағдыларды үйретеді. Балалар және жас жеткіншектер әлеуметтік желінің контенттерін сенімділік тұрғысынан бағалауды үйренеді. Сондай-ақ БАҚ-тың қоғамға тигізер алуан эффектілерін сыни көзбен қарап үйренеді. Испанияда оқытылатын «Эмпатия» пәні эмоциялық білім беру сабақтары арқылы келіссөздер, конфликтология, әлеуметтік өзара ықпалдасу және эмпатия дағдыларына балаларды үйретуге бағытталған. Мысалға сабақ кезінде мұғалім сыныптағы бір баланың көңіл күйін сипаттайды. Қалған балалар ым мен ишараны бағдарлай отырып, сол оқушының кім екенін анықтайды. Францияда оқытылатын «Балалар үшінгі философия» пәні балалар мен жас жеткіншектердің сыни ойлау қабілеттерін ашуға, оны жаттықтыруға бағдарланған. Оқушылар өз көзқарастарына да, өз құрбы-құрдастарының көзқарастарына да құрмет және ізет тұрғысынан анализ жасауға үйренеді. Десек те, білім алу – өмірі өшпейтін инвестиция деп атап айтуымызға болады.

– Мұрсал-Нәби мырза, пайдалы да қызықты ақпараттар бергеніңізге көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан – 

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ

23.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бауырлас елдерді барласақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 15.01.2026 426

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22599
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22355
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38189
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 35933
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 39991