Бала сөйлеуінің кешігу себебі неде?

Бала сөйлеуінің кешігу себебі неде?

Бала – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Әрбір ата-ана мен қоғамның басты міндеті – оның дені сау, ойы сергек, жан-жақты дамыған тұлға болып өсуіне жағдай жасау. Алайда соңғы жылдары балалар арасында сөйлеу және психикалық дамудың кешеуілдеуі жиі байқалып, ата-аналарды алаңдатуда. Осы орайда біз балалар терапевті, невропатолог дәрігер Ғаббасова Ақмарал Кенжебекқызының сұхбаты негізінде сөйлеу дамуының кешеуілдеуі туралы кеңірек тоқталамыз.

 

ЗРР және ЗПРР дегеніміз не?

ЗРР (сөйлеу дамуының кешеуілдеуі) – баланың жасына сай сөйлеу дағдыларының қалыптаспауы. Яғни бала өз қатарластарына қарағанда кеш сөйлейді немесе сөздік қоры жеткіліксіз болады.

ЗПРР (психо-сөйлеу дамуының кешеуілдеуі) – сөйлеумен қатар баланың жалпы психикалық дамуы да артта қалады. Мұндай жағдайда баланың зейіні, ойлауы, есте сақтауы, эмоциялық дамуы және қоршаған ортаға қызығушылығы төмен болуы мүмкін.

Әдетте «сөйлеу дамуының кешігуі» диагнозы 1-1,5 жастан асқан балаларға қойылады. Бұл диагноз баланың сөйлеуінің жас нормасынан артта қалғанын білдіреді, алайда бұзылыстың нақты механизмі мен себебі қосымша тексерулер арқылы анықталады. Сөйлеу кешігуі функционалдық немесе органикалық себептерге байланысты болуы мүмкін.

Сондықтан баласына ЗРР немесе ЗПРР диагнозы қойылған ата-аналар невропатолог дәрігерге міндетті түрде жүгінуі керек. Қажет болған жағдайда логопед, нейропсихолог мамандардың кеңесі де ұсынылады.

 

Нәрестені невропатологқа қашан көрсету керек?

Дәрігердің айтуынша, алғашқы тексеру баланың өмірінің бірінші айында жүргізілуі тиіс. Егер айқын ауытқулар болмаса, келесі тексерулер 3 ай, 9 ай және 1 жасында өткізіледі. Сонымен қатар балабақшаға, мектепке немесе спорт секцияларына барар алдында да тексеруден өткен жөн.

Егер неврологиялық бұзылыстар анықталса, дәрігер қосымша зерттеу әдістерін (мысалы, ЭЭГ, ультрадыбыстық диагностика) тағайындайды.

 

Сөйлеу дамуының кешеуілдеу себептері

Сөйлеу дамуының кешеуілдеуіне әсер ететін факторлар:

 Жүктілік және босану кезіндегі асқынулар;

 Баланың жүйке жүйесіне зиянды әсерлер (жарақаттар, жұқпалы аурулар, зат алмасу бұзылыстары);

 Генетикалық даму ерекшеліктері;

 Педагогикалық немқұрайлылық;

 Кейбір неврологиялық, психиатриялық және соматикалық аурулар;

 Кей жағдайларда бұл баланың даму ерекшелігінің уақытша нұсқасы болуы мүмкін.

 

Сөйлеу дамуының қалыпты нормалары

Баланың сөйлеу дамуы жас ерекшелігіне сай келесі кезеңдерден өтеді:

 0-6 ай – былдырлайды, дыбыстарға жауап береді;

 6-12 ай – дыбыстарға еліктейді, «ма-ма», «ба-ба» сияқты буындарды айтады;

 12-18 ай – 5-10 сөзді түсініп, саналы түрде қолданады;

 18-24 ай – 20-50 сөз біледі, екі сөзден тұратын тіркестер айта бастайды («су ішемін», «тамақ жеймін»);

 2-3 жас – 300-ге жуық сөз қоры болады, қарапайым сөйлемдер құрайды;

 3-4 жас – толық сөйлемдермен сөйлейді, әңгімелесе алады;

 4-5 жас – грамматикалық сауатты сөйлеп, өз ойын еркін жеткізеді.

 

Қай кезде дәрігерге жүгіну қажет?

Төмендегі жағдайларда маманға қаралу маңызды:

- 1 жасында былдырламаса, өзіне қарата айтылған сөзге реакция бермесе;

- 1,5 жасында қарапайым сөздерді саналы қолданбаса;

- 2 жасында сөздік қоры 10 сөзден аз болса, екі сөзді байланыстырып айта алмаса;

- 3 жасында сөйлем құрай алмаса;

- 4-5 жасында сөздік қоры аз, грамматикалық қателері көп болса;

- Бала өз бетімен ойнамаса, қарым-қатынасқа қызықпаса, қарапайым нұсқауларды түсінбесе.

Сөйлеу және психо-сөйлеу дамуының кешеуілдеуі – жай ғана уақытша кешігу емес. Бұл баланың болашақ оқуына, қарым-қатынасына және өмір сапасына әсер етуі мүмкін маңызды мәселе.

 

Диагностика және емдеу шаралары

Кешенді диагностика анамнез жинаудан және кешігудің нақты себептерін анықтаудан басталады. Осыдан кейін балаға жеке даму маршруты жасалады.

Түзету шараларына мыналар кіруі мүмкін:

- Логопедиялық сабақтар;

- Нейропсихологиялық түзету;

- Массаж және қолмен терапия;

- Арнайы дамыту бағдарламалары.

Кешенді тәсіл жүйке жүйесінің жұмысын жақсартып, баланың сөйлеу дағдыларын меңгеруіне қолайлы жағдай жасайды. Ерте анықталып, уақытылы түзету жұмыстары жүргізілсе, баланың өз қатарластарын қуып жету мүмкіндігі жоғары болады.

Баланың дамуына ерте жастан мән беру – ата-ананың басты жауапкершілігі. Уақытылы тексеру, дұрыс диагностика және жүйелі түзету шаралары баланың болашағына оң әсерін тигізеді.

Бүгінгі бала – ертеңгі ұлт болашағы. Сондықтан әр баланың денсаулығына немқұрайлы қарамай, оған мейірім мен қамқорлық көрсету – баршамыздың ортақ парызымыз. Денсаулығы мықты, тілі анық, ойы сергек ұрпақ – жарқын болашақ кепілі.

                                                                                                                                                       Аяужан  ЖАЙЛАУҚЫЗЫ,  

 Алматы  қаласы

 

07.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23728
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23386
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40172
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36852
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41054