Ләззат Ахатова: Бізде құқықтық мәдениет қалыптасып келеді

Ләззат Ахатова:  Бізде құқықтық мәдениет қалыптасып келеді

Қазақстандағы саяси реформалар мен елдің жаңаруы жолында айырықша маңыз алатын саяси бастамалардың қатарында құқықтық мәдениетті қалыптастыру айырықша орын алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің дәстүрлі Жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде бұл тақырыпты назардан тыс қалдырған емес. Мемлекет басшысы 2025 жылғы 23 маусымда құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде: «Әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек. Бұл – барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі. Қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру қажет. Бұл – ауқымы кең маңызды міндет», – деген болатын. Жалпы осында айтылған «Құқықтық мәдениет» атты термин мен оның маңыздылығы туралы елімізге белгілі адвокат Ләззат Ахатова ханымға бірнеше сұрағымызды жолдаған едік.

 

– Құқықтық мәдениет деген атаудың өзіне арнайы түсінік бере кетуге тура келетіндей. Сіз бұл туралы не айтар едіңіз?

– Бұл атау өткен ғасырдың ортасынан кейін өмірге келген термин десек те болады. Негізі тосыннан пайда болған атау емес. АҚШ-та «Саяси мәдениетті» зерттеу 1956 жылы басталды. Ал, Кеңес Одағындағы заңгерлер «құқықтық мәдениет» мәселесін 1962 жылы талқылай бастады және көптеген мақалалар жазған. Кейбір негізгі құқықтық теория кітаптарында немесе оқулықтарында «құқықтық мәдениет» арнайы тарау немесе бөлім ретінде көрсетілген. Американдық ғалымдардың құқықтық мәдениетті зерттеуіне «саяси мәдениетті» зерттеу үлкен әсер етті және «саяси мәдениет» санатын саясаттанудан тікелей көшірді. Содан бері құқықтық мәдениетті зерттеу құқықтық зерттеулердегі ерекше тақырыпқа айналды. Шын мәнінде, құқықтық философия «жалпы алғанда, құқықты адамзат мәдениетінің құбылысы ретінде бақылайды». Мәдени құбылыс ретінде құқық көптеген аспектілерді қамтиды, негізінен: әртүрлі мәдениеттердегі құқықтың рөлі, құқықтық даму заңдылықтары, құқық түрлері, қазіргі құқық формалары, құқықтың мақсаттары немесе міндеттері, құқықтың жүзеге асырылуы, құқық және экономика, құқық, дін және әлеуметтік мораль, құқық және даналықтың дамуы, құқықтың негізгі формалары мен әлеуметтік қатынастар және т.б. Шын мәнінде, бұл тек заңды зерттеуді ғана емес, сонымен қатар оның шынайы табиғатын терең түсіну және оны бірнеше аспектіден немесе өлшемнен зерттеуді білдіреді.

– Ауқымды сала екен. Ендеше заңы кемелді, құқық қорғау жүйесі мен сот саласы дербес те әділ жұмыс істейтін елдерде бұл әбден орныққан деуге болатын шығар?

– Құқықтық мәдениет әдетте заң үстемдігімен, сот әділдігімен, ашықтықпен және құқықтарды қорғаумен өлшенеді. Ең беделді халықаралық рейтинг – Дүниежүзілік әділет жобасының (WJP) Заң үстемдігі индексі. 2025 жылғы рейтингте Дания, Норвегия және Финляндия сияқты Скандинавия елдері жоғары орын алды, бұл заңға сәйкес басқарудың жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл көрсеткіштер елдің құқықтық мәдениетін үкімет билігін шектеу, тұтастық және заң үстемдігі сияқты факторлар арқылы өлшейді. Дүниежүзілік әділет жобасындағы Заң үстемдігі индексі: өлшеу критерийлеріне үкімет билігін шектеу, сыбайлас жемқорлықтың нөлдік деңгейі, ашық үкімет, негізгі құқықтар, тәртіп пен қауіпсіздік, реттеушілік құқықтарды қорғау, азаматтық сот төрелігі және қылмыстық сот төрелігі кіреді. Қазіргі уақытқа дейін мұндай көрсеткіштер мен салыстыруларда Еуропа елдері алдыңғы орында келе жатыр. Дегенмен әртүрлі аймақтардағы құқықтық мәдениетте сәйкестік пен құқық қорғау тиімділігіне қатысты айтарлықтай айырмашылықтар бар.

– Біздің елдің мысалынан қарағанда «Құқықтық мәдениеттің» қалыптасуы мен нақты жағдайларына қысқаша тоқтала кетіңізші.

– Құқықтық мәдениет қалыптастыру – бұл адам мен қоғамның заңға деген саналы, жауапты, құрметті көзқарасын орнықтыру барысы болып табылады. Тарқатып айтар болсақ, түрлі заңдарды білу, одан ақпараттық деңгейде болса да хабардар болу ғана емес, оны түсініп, мойындап, күнделікті өмірде сақтау дағдысын қалыптастыру деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, құқықтық мәдениет дегеніміз – заңдарды білу деген сөз. Нақтылай айтсақ, Қазақстан Республикасының Конституциясы қандай құқықтар мен міндеттер беретіндігін түсінуден басталады. Келесі кезекте заңды құрметтеу керек. Мұнда заңды тек қорыққаннан емес, қоғам тәртібі үшін қажет екенін ұғынып, орындау талап етіледі.

Бұдан соңғы орында азаматтардың өз құқығын қорғай білуі өте қажет. Құқығы бұзылған жағдайда сотқа жүгіну, арыз жазу, заңды жолмен шешім іздеуге талпынуы тиіс болады. Сонымен қатар өзгелердің құқығын құрметтеу керек. Яғни өз еркіндігіңнің шегі – өзгенің құқығы екенін түсінуі тиіс.

Халықтың қоғам алдындағы жауапкершілігі деген түсінік бар. Бұл саланың да ауқымы кең. Бұған құқықтық белсенділікті қарастыруға болады. Қоғамдағы әділетсіздікке бейжай қарамау, заңды жолмен азаматтық позиция білдіру. Мемлекет басшысы дәріптеп келе жатқан «Құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік» дегеніміз осыған келіп тіреледі. Қысқаша айтқанда, құқықтық мәдениет қалыптастыру – заңды білу, құрметтеу және оны саналы түрде сақтау арқылы құқықтық санасы жоғары азамат тәрбиелеу деген сөз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл маңызды түйіндерді өзінің дәстүрлі Жолдаулары мен әр сала өкілдері алдында сөйлеген сөздерінде үнемі дәріптеп келе жатыр. Соның арқасында біздің елдегі құқықтық сауаттылық, құқықтық мәдениет саласы айтарлықтай жақсарып келе жатқандығына куә болып отырмыз.

– Ой бөліскеніңіз үшін рақмет!

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
05.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23728
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23386
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40172
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36852
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41054