Жаңа заңға қарсы шығушылардың көксегені не?
Жасыратыны жоқ, ақша табудың құйтырқы жолдары көбейіп тұр. Халық оның бірін біледі, бірін білмейді. Көзін тапқандар заң аясына туралап әрекет еткендей көрінеді. Тексере келгенде былық-шылығы ашылып қалады. Соның бірі үй жануарларына жататын ит пен мысыққа да қатысты.
Баяғыда бір жеңгеміз «Менің көргенім сиырдың екі бұты ғана ғой» демекші, біздің көргеніміз Кеңес заманы ғана ғой. Сол кеңес кезінде иттерді атып тастайтын еді, иесі жоқ иттерді, әрине. Қазір атуға болмайды. Жауапқа тартыласың. Қатігездік саналады. Мысалы, ит жеті-сегізін бір-ақ күшіктейді, оның бәрін кім ала береді? Қаңғыбас иттерден туып жатқан «күшіктерді» кім санапты. Осыны зерттейтін бір ұйым, бір адам бар ма? Қаңғыбас иттер тез көбейе беретіні бір жағы содан. Балаға, адамдарға шабуыл жасап жүрген бұралқы иттерді интернеттен күнде көріп жүрміз. Қалада қоқыс жәшіктерінің маңы толы ит пен мысық... Оларға жақын барудың өзі қауіпті...
Түсінікті болу үшін айтайық, 8 сәуір күні ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заң жобасы қабылданды. Осы қабылданған заңды «иесіз иттерді эвтаназиялау туралы заң бірауыздан мақұлданды» деп жалын күдірейтіп тақырып қойып жазып жатқандар да бар. Енді осы орайда эвтаназиялау дегеніміз не? Депутат Мақсат Толықбайдың тілімен айтқанда, «мәңгілік ұйқыға жіберу». Сондықтан да «өлтіру» деген сөзге тіліміз бармай тұр.
Әлемде иесіз иттерді аулап, эвтаназиялық тәсілмен жойып отыратын елдер көп. Мысалы, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Норвегия, Швейцария, Швеция, Финляндия, Мексика, Исландия, Латвия, Эстония, Австралия, Ирландия, Малайзия және т.б. көп елдер бар. Мұны да естен шығармағанымыз абзал.
Бұл заң біраз талқыланды. Себебі төрт аяқтылардың адамға шапқан, баланы қапқан статистикасы жаға ұстатады. Елімізде күніне, шамамен, 100-ден аса адамды ит талайтын көрінеді. Көбіне бұралқы иесіз ит. Арасында мысықтар да кездеседі. Заң талабына сай, бұдан былай, үй жануарын тіркеу мен чиптеу талабы да қатаңдайды.
Әлеуметтік желі деген жақсы болды ғой. Кім не айтамын десе де еркін. Шектеу жоқ. Осы заң жобасы Мәжілісте қаралғаннан бері ит мәселесі депутат Қазыбек Иса айтпақшы, «хитке» айналды. Заңды қолдап жатқандар да, депутаттарды «қарғап» жатқандар да жетерлік.
«Біздің елде, адамдардың құқығынан, иттердің құқығы жақсы қаралған. Мемлекеттің ай сайынғы балаға бөлінетін қаражатынан ит-мысыққа бөлінетін қаражаты мүлдем көп. Өтірік бұралқы қаңғыған иттерді жинап питомник ашып, қыруар қаржыны алып отырғандар да бар, несіне қаңғыған иттерге келгенде гуманист болдық екен» деп ашына жазыпты бір желі қолданушы.
«Қазір қаңғыбас иттер көшелерде қаңғып жүреді, оларға тисең – сотталасың. Адам өлтіргендер сотталмайды, ит адамнан жоғары тұратын күнге жеттік. Мемлекет иттерді асырап бағатын орындар ашты, емдейді, піштіреді, жарақаты жазылғасын көшеге жібере салады. Қаңғыбас иттерді бұрынғыдай көшеде жүрген жерінде атып өлтіру керек. Үйдің ішінде ит асырауды заңмен тоқтату керек» деп көсіліпті бір оқырман.
Бір белсенді тіпті қатты кетіпті. «Иттің мәселесін, ауыл-аймақ әкімдері өздері шешіп тастайтын жұмыс қой, Парламент мәжілісінің жұмысы емес деп ойлаймын.
Енді заңды өзгертеді, оған ақша бөледі, қазынаның қалтасына қол салады, қол салған да мол салады, ол ақшаға біреулер қырындайды, жемқорлар ырылдайды, әкімдер жырымдайды солай да солай торғай-тозы шығып жоғалады. Сол ақша мен бірге бұралқы иттер де жоғалса жақсы» деп ашыныпты. Қарашаш Нурмамедова деген апай «Ақтауда теңіз жағасында орналасқан «Жарқын» деген оңалту орталығында екі апта ем алдым. Байқағаным таңертең-кешке теңіз жағасына 1-2 иттен жетектеп 30-40 адам жиналады (терезеден қарап тұрамын). Ана теңіз жағасын кәдімгі ит серуендететін алаңға айналдырып алған! Иттері сарып, дәретке отырып білгенін жасайды. Иттің дәретін жинап алып жатқан біреуін байқамадым қанша қарасам да. Ал ол жерге – теңіз жағасына адамдар дем алуға келеді! Не деуге болады?! Келісіп алғандай ит асырағыштар бәрі сол жерге шоғырланады екен», – дейді.
Ал осы мақаланың авторы менің өзім жақында үйдің алдында көрші кішкентай қызды ит талағанын көрдім. У-шу болдық. Кішкентай қыздың беті жырым-жырым. Әйтеуір аман. Емделіп жүр. Ата-анасы кімге мұңын шағарын білмей шарқ ұрып жүр. Басқа бермесін. Итті соттай алмайды ғой...
Нұрғиса ауылында 2 шошқабаз, 2 ит питомнигі бар
Қаңғыбас ит, бұралқы мысықтармен бірге үйде бағып ұстап отырғандарын да тіркеу керек деп есептеймін өз басым. Ауланың тазалығы үшін...
Кім не десе де, бұралқы ит пен мысық проблемасы қоғамды алаңдатып отыр. Итке баласы таланып, өзі жараланып, тіпті жақынынан айырылған адамның күйініші мен қайғысын түсіне білу де керек-ақ! Бұл жерде адам тағдыры өзекті! Ал пәтердегі бағымдағы ит пен мысық бөлек тақырып...
Үй жануарлары жайлы заң бұрыннан бар. Аспаннан түскен жоқ. Тек заң бұралқы иттердің адамдарға шабуылы күшейген тұста еріксізден қатаңдай түскені байқалады. 2021 жылы қабылданған Жануарлар туралы заңның негізгі мақсаты не еді? Адамдарды қаңғыбас иттердің шабуылынан қорғау, зардап шеккен адамдар санын азайту еді. Бірақ заң нәтижесі көңіл көншітпеді. Депутат Дәулет Мұқаев «Айтпақшы, енді иесі 5 күн ішінде табылмаған иттер болса, мәңгілік ұйқыға жіберіледі (эвтаназия). Осы заңды қабылдау үшін де қоғам белсенділерінен түрлі талас-тартыс, у-шу болды. Әрі 3 жылдан аса уақыт кетті. Ал сол 3 жылда қаншама бала, ересек таланды», – деп жазды ол желіде.
Заң жобасына ұлардай шулап қарсылық көрсеткен жандар депутаттарды жерден алып, көрге салып та жатыр әлеуметтік желіде.
Итке «жанашырлар» көбейіп, олар әлеуметтік желіде ашына айқайлап (Ұлттық құндылыққа, мемлекеттік тілге келгенде үндері шықпай қалатындар) Президентке үндеу жасауға дейін баруда. Бұның астары өте тереңде жатқан секілді…
Осы ретте мәжілісмен Қазыбек Исаның пікіріне көңіл аударайық. «Бізде неге иесіз иттерді жоюға қарсылар көп дегенде, мәселенің бір жағы оған бөлінетін қыруар ақшаға келіп тірелетін секілді.
Мысалы, «Сорқұдықтың бойына, сорға бола қонды атам» дегендей, Алматы қаласынан лас су ағатын Сорбұлаққа жақын маңдағы Алматы облысы Іле ауданы Нұрғиса Тілендиев ауылында екі шошқабаз аздық еткендей, 2 гектардай жерді алып жатқан 2 ит ұстайтын питомник те бар екен. Барлығы 7 мың тұрғыны бар ауыл адамдарының бізге жазуынша, ол жерде 500 иесіз ит бағылып жатыр. Мектептегі баланың тамағына күніне 500 теңге бөлінсе, әр иттің бір күніне 5500 теңге, яғни 11 есе көп төленетіні белгілі.
Сонда ойлай беріңіз, бізге жеткен ресми мәлімет бойынша бір итке күн сайын 5500 теңгедей төленеді. Одан бөлек әр итке айына кемінде 18 мың теңгедей тағы бөлінеді. Сонда 1 итке айына шамамен 183 мың теңге төлейді. Оны 500 итке көбейтсеңіз, ай сайын 91 млн 500 мың теңге болады. Ал бұл миллиондарды жылына 12 айға көбейтсеңіз, алапат қаржы – 1 млрд 98 млн теңге шығады. Бұндай миллиардтар келіп жатса, кім ит атуды қолдай қойсын?..
«Итің аты – ит», олар «Бізге үкімет күн сайын 5 жарым мың теңге бөліп жатыр ғой» деп үндемей жата бермейді ғой, күнімен үргені аздай, түнімен ұлып шығады екен! Атам қазақ баласын талаған, адамға шапқан ит түгілі, ұлығанын қоймаған итті де «жамандық шақырады» деп атып тастаған. Ал ауылыңның іргесіндегі екі итханада 500 ит күнімен үріп, түнімен жарысып ұлып шықса, не болатынын ойлай беріңіз? Әйгілі ән дүлдүлі Нұрғисаның ауылы түнімен әсем ән емес, иттердің хормен ұлуын тыңдап шықса, қайдағы тыныш ұйқы?! Оған тағы ол иттердің адам тұншығатын сасық иістерін, экологиялық зардабын қосыңыз. Сондықтан осындай адам өмірі үшін маңызды да, күрделі мәселелерді тиімді жолмен шешетін жолдарын тапқан жаңа заң жобасын қолдаймыз».
2010-2015 жылдары 388 807 адамды ит қауыпты
Бұл заңды Мәжіліске ұсынған депутат Еділ Жаңбыршин заң жобасына қатысты қоғамда бұрмаланған пікір қалыптасып жатқанын ашық айтуда. Тіпті депутаттың жеке басына да тіл тигізу белең алуда. Оның айтуынша, барлық ұсталған жануарды міндетті түрде эвтаназияға жіберу туралы түсінік шындыққа жанаспайды.
«Заң жобасы аясында эмоциялық манипуляция жасалып жатыр. Ұсынылып отырған түзетулер барлық жануарды автоматты түрде құртуды білдіреді деген пікір дұрыс емес», – деді депутат. Құжатта жануарларды ұстаудың міндетті мерзімдері енгізіледі.
«Қаңғыбас жануарларды уақытша ұстаудың ең төменгі мерзімі кемінде 5 күн. Ал мәслихаттарға бұл мерзімді ұлғайту құқығы беріледі», – деді ол.
Депутаттың сөзінше, иесі болуы мүмкін жануарларды ұстауға ұзағырақ мерзім қарастырылған. «Мұндай жануарлар үшін ұстау мерзімі 60 күнге дейін белгіленеді», – деді депутат.
Жаңбыршин заң жобасы автоматты түрде құртуды қарастырмайтынын айтты. Оның айтуынша, ұстау мерзімі ұзартылған жағдайда жануарлар: жаңа иелеріне берілуі; панажайларда қалдырылуы; ұзақ уақыт бойы күтімде болуы мүмкін.
Депутаттың пікірінше, жануарлар мүмкіндік болса табиғи өліміне дейін ұсталады.
Алла Тишбаева деген кісінің мына пікірі де көкейге қонады. «Жануарларға деген жанашырлық – қоғамның адамгершілік деңгейінің айнасы. Бүгінде жануарлардың әл-ауқатын қорғау тек еріктілердің немесе жанашыр азаматтардың ғана емес, тұтас мемлекет пен қоғамның ортақ міндетіне айналуы тиіс. Сондықтан жануарлардың әл-ауқаты туралы заң жобасын қолдау – уақыт талабы.
Бұл заң жобасы үй жануарлары мен жабайы табиғат өкілдеріне қатыгездікпен қараудың алдын алуға, олардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Заң аясында жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, оларды күтіп-бағу талаптарын нақтылау және құқық бұзғандарға тиісті шара қолдану көзделеді.
Жануарлар – тіршілік иесі. Олар да қамқорлық пен қорғауға мұқтаж. Оларға жасалған әрбір ізгі әрекет – қоғамның ізгіленуіне бастар жол. Ал қатыгездікке жол беру – адамгершілік құндылықтардың әлсіреуіне әкеледі. Сондықтан әрбір азамат бұл заң жобасын қолдап, жануарларға жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосуы тиіс. Біз тек заң арқылы ғана емес, сана арқылы да өзгеруіміз керек. Жануарларға қамқорлық жасау – болашаққа деген жауапкершілігіміздің бір көрінісі. Бірге әрекет етсек, біз мейірімді әрі жауапты қоғам құра аламыз».
PS: Бұл дүниеде не қымбат?
Депутат Қазыбек Исаның сөзімен айтсақ, «…Конституциямыз бойынша ең қымбаты адам өмірі емес пе? Ендеше, ит қымбат па, адам өмірі, бала қымбат па?
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша итті ұстап алып, стерилизациялап, вакцинациялап, күтіп-баптап күшейтіп, қайтадан босатып жіберу ол қылмыскерді түрмеден шығарып жіберумен бірдей емес пе? Ол итті піштіріп, жатырын алып тастағанмен, адам қабатын азу тісін қағып алған жоқ қой?
Екі жыл бұрын Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев қаңғыбас иттерді күтіп-ұстау мәселесіне байланысты: «Егер бір итті күтіп-ұстауға күніне 5000 теңгедей кететінін ескерсек, бір жылда ұсталған иттердің өзіне шамамен 450 млрд теңге қажет болады», – деп мәлімдеген еді. 2022 жылы 247 мың ит ұсталыпты. Иесіз иттерді өлгенше арнайы орындарда ұстайтын болса, шығын көлемі еселеп өсе береді.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2022 жылы бұралқы иттердің адамдарды қапқан жағдайы 22 мың рет тіркелсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш бір жылдың ішінде екі еседен де көбейіп, жараланғандар саны 50 мыңға жеткен!
Мысалы, Түркістан облысының өзінде 2023 жылы 51 794 иесіз ит ұсталса, 2022 жылы Шымкент қаласында 40 мың иесіз ит ұсталған.
Жылына ит қапқан адамдар саны 4 мыңнан асып кеткен.
Ғылыми зерттеулер бойынша:
* Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 64 000-ға жуық адамды ит қабады.
Өйткені 2010-2015 жылдары 5 жылдың ішінде жалпы 388 807 адамды ит қауыпты!?
Оның ішінде 95 185-і балалар, ≈24-25%.
* 2015-2024 жылдары ит қабудан құтыру кеселіне байланысты 25 адам қайтыс болған.
* 2023-2024 жылдары ит шабуылынан кемінде 2 адам қайтыс болған.
* 2023 жылдың алғашқы 6 айында 3 бала қайтыс болған.
Әкімдіктердің мәліметтері бойынша, адамдарды жаралау оқиғаларының 65%-ы қаңғыбас иттердің шабуылы. Соған сәйкес ит қауып, жараланғандар саны да көбейіп кеткен. Ит қапқаннан құтырма ауруына шалдыққандардың қайтыс болып жатқандарын да жоғарыда айттық. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде 10 жылға созылған Ауған соғысында қазақстандықтардан жараланғандар 1 мыңдай болса, қазір ит қауып, жараланғандар саны біздің елде 10 жыл емес, бір жылдың өзінде 64 есе көп.
Иесіз иттері көп мекендерде балалардың жағдайы өте қиын. Оқушылардың үйден мектепке, мектептен үйге қауіпсіз жетуі қиын. Мысалы, Алматы мен Астана секілді т.б. қалаларда қаңғыбас иттер кезіп жүреді. Балалардың өз бетімен көшеге шығуы қауіпті!
Ит талап жатқан талай баланы интернеттен көрдік. Жаның түршігеді. Соның өзінде иесіз иттерді медициналық жолмен жоюға өршелене қарсы шығатындарды түсіну қиын. Сол ит талап жатқан баланың орнында солардың өз балалары болса, көрер едік, қалай сөйлеп шығарын...
Сөз соңында айта кетейік, Қазақстанда қаңғыбас жануарларды (иттер мен мысықтарды) ұйықтату (эвтаназия) мәселесі қоғамда үлкен дау тудырып, екіұдай пікір қалыптастырып отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, ұсталған жануарлар 5 күн ішінде иесі табылмаса немесе паналамаса, «эвтаназия» жасалуы мүмкін. Бұл шаралар қаңғыбас жануарлардың көбеюі мен олардан келетін қауіпті азайту мақсатында ұсынылуда.
Қоғамда екіұдай пікір барын жасырмаймыз. Оны мақала барысында ашуға да тырыстық.
Заңды қолдаушылар былай дейді: иттердің шабуылынан зардап шегушілер санының артуына байланысты (соңғы бір жылда 41 мыңнан астам адам), адам қауіпсіздігі үшін бұл шараны қолдайды.
Заңға қарсылық білдірушілердің уәжі мынау: зооқорғаушылар мен белсенділер жануарларды аяусыз өлтіруге қарсы, оның орнына стерилизациялау және панажайлар салуды ұсынады. Сонымен бірге депутаттар бұл заңды ешкіммен ақылдаспай, ойланбай қабылдаған. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?
Құрметті оқырман, өз пікіріңізді газетке ұсыныңыз. Сіздің көзқарасыңыз қоғам үшін маңызды.















