Аудиокітап форматындағы хабар наурыз айында басталып, қыркүйек айына дейін жалғасады. Бұл туралы «Қазақ радиолары» ЖШС Бас редкаторы- «Қазақ радиосы» радиоарнасының директоры Дулат Абибуллаев фейсбук желісіндегі парақшасында жазды.
«Ұлы прозаик Мұхтар Әуезовтің дүниеге келгеніне биыл 125 жыл. Осыған орай тыңдаушыларға 2 наурыздан бастап «Абай жолы» роман-эпопеясын ұсынамыз. «Көкжиек» хабары аптасына 7 күн, сағат 21.00 де эфирге шығады. Кітапты Қазақ радиосының белгілі дикторы Аманжан Серіков дыбыстаған»,- деп жазды радиоарна басшысы.
«Абай жолы» эпопеясы Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасы, қазақ халқының тұңғыш эпопеясы. Ол 1942 жыл мен 1956 жылдар аралығында жазылып, жарыққа шықтыұ. Эпопеяның «Абай» атанған алғашқы екі кітабына КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1949), «Абай жолының» тұтас төрт томына “Лениндік сыйлық”(1959) берілген.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақ радиосының эфирінен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының аудионұсқасы, сондай-ақ, Тахауи Ахтановтың «Боран», Хамза Есенжановтың «Ақжайық»; жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романдары мен Президент оқуға ұсынған кітаптар тізіміндегі Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақ білек»; Әбіш Кекілбаевтың «Үркер»; Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді»; Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері»; Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа»; Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ»; Шерхан Мұртазаның «Бесеудің хаты»; Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» еңбектері мен Т. Әлімқұловтің әңгімелері де аудиокітап форматында әуе толқынынан берілген.