Елорда халықының саны жыл сайын өсіп, сәт санап көбейіп келеді. «Нұр-Сұлтан жайлы» қала жоспарына сәйкес қалада жаңа шағын аудандар пайда болып, тұрғындар мен автомобильдердің саны артуда. Жолдарда кептеліс көбейіп автомобильдердің жүруі шектеліп, ыңғайсыздық жиілеп келеді. Қала әкімі Алтай Көлгінов шаһарда жол кептелісі мәселесін шешу мақсатында - жолдардағы өткізу қабілетін жақсарту үшін көліктерге арналған көпірлер мен көлік жолайрықтарын салу, автобус жолақтарын қосымша іске қосу және т.б. бойынша жұмыс жүріп жатқанын мәдімдеді. -«Тәуелсіздік даңғылындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталды. Сот процесі құрылыс жұмысы мен мерзіміне айрықша әсер етті. Қазір проблеманың бәрі шешіліп, көпір құрылысы басталды. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Әзірет Сұлтан мешітінің ауданы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Байтұрсынов көшесі, Қордай көшесі, Айнакөл көшесі, Момышұлы даңғылының сол жағалауымен қосымша байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», -деді қала әкімі.
Әкімнің айтуынша, Тәуелсіздік даңғылындағы көпір пайдалануға берілгеннен кейін Мәңгілік ел даңғылындағы жүктеменің 20%-ға дейін төмендеуі болжанып отыр. Жоспар бойынша аталған көпірдің құрылысы 2023 жылы аяқталады.
Сонымен қатар Ұлы дала даңғылында да көпір салынуда. Оң және сол жағалауды жалғайтын көпір Мәңгілік Ел даңғылының, Ж.Нәжімеденов, А.Байтұрсынов, Р.Қошқарбаев көшелерінің, Nova city ауданының, «Мыңжылдық» аллеясының жүктемесін азайтады. Жаңа «Нұрлы жол» вокзалының, Тельман елді мекенінің, Метро гипермаркеті ауданының, Промышленный елді мекенінің, Жұмабаев даңғылының, Жүргенов көшесінің және т.б. қолжетімділігі артпақ.
Алтай Көлгіновтың айтуынша, былтырдан бері қалада 300-ге жуық көше салынып, жөнделді. Олардың жартысынан көбі елді мекендерде орналасқан. Сонымен қатар, жаңа бағыттар, автобус желілері іске қосылып, автобус паркі жаңартылып жатыр. - «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада көпірлер мен көлік жолайрықтарын салудың маңыздылығын атап өткен болатын. Бұл қала тұрғындарына қала ішінде ыңғайлы қатынауға, жол уақытын қысқартуға және қаланы мобильді етуге мүмкіндік береді», - деді әкім.