Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты жиынға қатысты. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен шарада аймақ басшысы жамбылдықтарды мерекемен құттықтады.
- Баршаңызды еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды және басты мерекелердің бірі саналатын 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Конституция – қоғамдық және саяси тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз етуде, елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуда негізгі рөл атқарады. Конституцияның жоғары әлеуеті экономикалық өрлеу мен азаматтардың әл-ауқатының артуына ықпал етеді.
Осыған орай өткен жылы елімізде жалпыұлттық референдум өтіп, Ата Заңымызға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл тарихи шешімдер – әділетті Қазақстан құру жолында жасалған ірі қадам болды.
«Көптің сөзі – киелі», дейді дана халқымыз. Ел талқысынан өтіп, таңдауына айналған басты құжатымыз саяси бәсекелестікті күшейтуге жол ашып, Қазақстан азаматтарына жаңа әрі тең мүмкіндіктер беріп отыр.
Ата Заңның қағидаттары мен нормаларын ұстану, конституциялық құндылықтарды қорғау – әрбір азаматтың құрметті парызы және қасиетті міндеті. Біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, келісім мен бірлігіміз нығая берсін!
Конституция баянды істеріміздің бастауы болып, 28 жыл ішінде еліміз айтарлықтай оң өзгерістерге қол жеткізуде. Осы жылдар ішінде киелі Әулиеата өңірі, қасиетті Жамбыл облысының да әлеуметтік-экономикалық әлеуеті еселеніп, сан саладағы көрсеткіштері арта түсті,-дей келе Нұржан Нұржігітов облысыздың ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, әлеуметтік саладағы бірқатар жетістіктерге тоқталды.
Сондай-ақ, аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін және 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне орай бірқатар азаматтарды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
Салтанатты жиын облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.