12 сәуір – ғылым қызметкерлері күні. Осыған орай Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдегі жоғары оқу орындарында болып, ғалым-ұстаздарды мерекелерімен құттықтады.
Алдымен облыс басшысы Нариман Төреғалиұлы ұстаздардың ұстаханасына айналған М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде болып, «Университет ғылымының жетістіктері мен келешегі» атты салтанатты жиынға қатысты. Сонымен қатар батыс өңірдегі ауылшаруашылығы саласы мамандарын даярлайтын бірегей білім ордасы – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіндегі ғылым айлығына орайластырылған салтанатты жиынға қатысып, ғалымдарды құттықтады. Салтанатты шаралар барысында отандық ғылымды дамытуға үлес қосып жүрген ғалымдар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Қос бірдей іргелі жоғары оқу орындарындағы ғылыми көрмелерді аралап, батысқазақстандық ғалымдардың ғылыми жаңалықтарымен, үлкен ізденіс нәтижесінде жасақталған ғылыми жобалармен танысты. Университеттердің ғылыми әлеуеттерін жоғары бағалаған облыс әкімі бірқатар ғылыми жобалардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де аса маңызды екенін атап өтті.
– Елдің дамуында ғылымның алар орны ерекше. Соңғы жылдары республикамыздағы ғылым саласында айтарлықтай өзгерістер орын алды. «Ғылым туралы» заң қабылданып, ғылымды басқарудың жаңа үлгісі мен қаржыландырудың жаңа тетіктері жұмыс істей бастады. Нәтижесінде 2021-2023 жылдары республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру екі есеге жуық өсті, – деген Нариман Төреғалиұлы өз баяндамасында білім-ғылым саласын қолдау бағытында өңірімізде жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.