Жыл басталғалы тарау-тарау тарихымыздың төрінен орын алған төбе биіміз- Төле бидің туғанына 360 жылдық торқалы тойы кеңінен аталып өтуде.
Артында өшпес із қалдырған өр рухты қайраткерлеріміз өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге.
Сөйлер сөзге келгенде арыны қатты асау толқындай тулаған, қара қылды қақ жарған, талайларды тәнті еткен Төле бидің торқалы тойына орай Шу ауданында "Жыр арнадым еліме" атты облыстық ақындар мүшәйрасы өтті.
Облысымыздың арқалы жас ақындары қатысқан мүшәйрадан ауданымыздың жас ақын қызы Назерке Айнабекова бас жүлдені жеңіп алып, аудан абыройын асқақтатып оралды.
Таңғы шықтай таза, мөлдір сөзден өлең өру - қазақтың қанына сіңген қасиет.
Жас та болса ақындығымен оқырмандарын тәнті етіп жүрген Назеркенің өлеңдерінен болашақ оқырмандары жан сусындатар поэзияны табады деген сенімдеміз.
Ұлтымыздың тарихын жақсы білетін ақын қызымыз – көне түркі, сақ қоғамының құндылықтарын үндеп жүрген түбімізді түгендеуші, жоғымызды жоқтаушы, Тұмар мен Заринадай батыр қыздарымызды жырына қосқан жас ақын.
Сол арқылы оқырманын Отаншылдыққа үндейді.
Сол арқылы оқырманын елін-жерін сүюге, құрметтеуге талпындырады.
Ақынның тұп-тұнық өлең өлкесі адам жанын ғажайып күйге бөлеп, ізгі дүниелерге талпынтады.
Бір қонақ дүниенің сәулелі шақтарын, жақсылықты жақтарын көруге, сезе білуге ұмтылдырады.
Әйтсе де Назеркенің жыр әлемі өзгеше бір әдемілік пен сезімнен, иба мен наздан, әдемі әуен мен сырлы саздан өрілген поэзия.
Өмірге деген ыстық құштарлық лебі есіп тұрады.
Міне осындай дарынды ақын қыз Сарысулықтардың абыройын асқақтатып, беделін биіктете түскен Назеркеге қазақ әдебиетіне оның ішінде поэзия әлеміне қосар үлесіңіз зор болып, көркем өлеңнің һас шебері атануыңызға тілектеспіз!