5 жылда еліміздегі өлім-жітім 40%-ға жуық өскен. 2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстанда қайтыс болғандар саны 183,4 мың адамға жетті. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 12,8%-ға көп. Ал 2016 жылғы, яғни 5 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда өлім-жітім бірден 38,5% өсті деп хабарлады ranking.кz сайты. 2020 жылы көз жұмғандар саны 162,6 мың адам болған еді, бір жылда көрсеткіш 21,8% өсті.
Әлемде коронавирус басты проблемаға айналғанымен, елімізде ресми дерек бойынша азаматтардың көбі қан айналымы жүйесі ауруларынан көз жұмған: 43,4 мың адам, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 18,6%-ға көп. Өлім-жітімге себепші болған екінші ауру – тыныс алу ағзаларымен байланысты: 20,8 мың адам, бір жылда 11,1%-ға азайған. Бұдан кейінгі орында статистика бойынша неоплазма тұр, одан 14,5 мың адам көз жұмған.
Елімізде адамдардың қайтыс болу себебі тек аурулар санымен өлшенбейтіні белігілі. Өйткені статистикаға сәйкес Қазақстан өзіне өзі қол жұмсап қайтыс болатындар саны бойынша алдыңғы орында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суицид бойынша Қазақстан әлемде үшінші орында, ал Орталық Азия елдерінің ішінде көш бастап тұр деген ақпарат таратқан. Ал еліміз жол-көлік оқиғалары салдарынан тіркелетін адам шығыны бойынша әлемдегі 175 елдің ішінде 74-орында. Бұл да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулері дәлелдеген ақпарат.
«Адам шығыны тек соғыс болған елдерде көп болады» деген түсініктегі елдер үшін Қазақстандағы өлім-жітім саны соғыс құрбандары санынан да асып кетеді екен. Естеріңізде болса, басқаны айтпағанның өзінде биыл тек қаңтар қырғынында жазықсыз, ауру-сырқаусыз атылған оқтан 227 азамат қайтыс болса, 7 бала оқ тиіп жарақаттанған. Оның тағы екеуі қайтыс болған.
Елімізде халық саны әупірімдеп 19,1 млн адамға жеткені кеше ғана еді. 2016 жылы Н.Назарбаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында «2050 жылға қарай Қазақстан халқының саны 25 млн-ға жетеді, олардың ішінде экономикалық тұрғыдан белсенді халық үлесі 11 млн адамды құрайды. Жаңа туылған нәрестелерге қаражат береміз, көбірек дүниеге келсін дейміз: әлемдік сарапшылардың пікірінше, туу көрсеткіші 2,11%-дан кем болса, кез келген ұлт 25 жылда жойылады. Сол себепті қазіргі таңдағы Қазақстандағы бэби-бумды қолдау керек», – деген болатын. Тіпті 2020 жылы халық санын 20 млн-ға жеткізу туралы да меже болғаны есте. Қазір 20 млн-ға жетпесек те, соңғы 30 жыл 12,1 пайызға өсіп, 19 млн болдық. Мемлекет әуелгі уәдесінде тұрып, бэйби-бумды қолдаса, жеткілікті қаражат бөлсе, туу көрсеткішінің 2,11%-дан кем болмауын қамтамасыз етсе, белгіленген межеге жетер ме едік. Кезінде билік уәдеден тайды, табыс төмен, әлеуметтік-тұрмыс нашар, көп балалы отбасыларға қолдау керек деген қарапайым халыққа ақырып, «біз үшін туып па едіңдер?!» дегенін де естідік.
Ал соңғы 30 жылда ТМД елдерінің ішінде 67,1% өсіммен өзбек халқының саны артып келе жатқанын статистикалық деректер дәлелдеп отыр. Бауырлас қырғыз халқы 1989 жылдан бері 43,1%-ға, ал тәжіктер 78,6%-ға, түркімендер 65,6%-ға өскен. Сондай-ақ ол елдерде өлім-жітім аз.
Тарих бедерінде «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың өз еліндегі үлесі бүгіндері 70%-ға жетті. Тәубә! Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз ғой, өлім-жітім азайып, халықтың өмір сапасы артуы үшін алдымен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелермен қатар денсаулық пен білім саласына түбегейлі өзгеріс жасау керек шығар...