2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында шорт-тректен ұлттық команданың көшбасшысы, әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова Қазақстан олимпиадалық құрамасының туын ұстап шығатын спортшылар болып бекітілді, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі. Екатерина Айдова ең алғаш рет 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында қатысқан, кейін Сочи-2014 және Пхенчхан-2018 ойындарында ел намысын қорғады. 30 жастағы Айдова үшін Бейжің ойындары карьерасындағы төртінші Олимпиада болмақ. Тәжірибелі спортшы – конькимен жүгіруден әлем кубогы кезеңінің, 2017 жылғы Универсиада ойындарының жүлдегері, 2021 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы. Абзал Әжіғалиевтің еншісінде шорт-тректен әлем кубогы кезеңдерінің барлық жүлдесі бар, 2017 жылғы Универсиада, 2011 жылғы Азия ойындарының медалін алған. Абзал 2014 және 2018 жылдардағы Олимпиадаға қатысып, Пхенчханда Қазақстанның туын көтеріп шыққан болатын. Ол бұндай құрметке екінші рет ие болып отыр.