«Alatau Creative Hub» кітапхана, коворкинг және арт-орталығында «Мирас-А» қайырымдылық қорының құрылтайшысы, Қазақ инклюзив театрының негізін қалаушы, «Шоудаун» үстел теннис федерациясының президенті, «Көзімнің қарасы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Инклюзивті қоғамды дамыту» Еуразиялық қауымдастығының құрылтайшысы, «Батыр шапағаты» және «ҚР Мәдениет саласының үздігі» медалінің иегері Жүзбай Серіктің «Өмір-ғайып» атты кітабының тұсауы кесілді.
– Бүгін біз тек жаңа кітаптың тұсауын кесу үшін емес, тағдырды тыңдау, үнсіз қалған сәбилердің жанайқайын есту, адамдық жауапкершілікке қайта үңілу үшін жиналып отырмыз. «Өмір-ғайып» атты кітап – ойдан шығарылған оқиға емес, бұл – өмірдің өзі. Бұл – үнсіз шырылдаған шындық. Бұл кітапта бір ғана баланың емес, мыңдаған тағдырдың үні бар. Автор тастанды балалар тағдыры арқылы ата-аналық парыздың, адамдық жауапкершіліктің, қоғамдық немқұрайдылықтың ащы шындығын ашады. Бұл кітап әр үйге тек рухани байлық емес, ойлану міндетін жүктейді, – деп бастады іс-шараны ашқан кітапхана қызметкері, ақын Гүлнұр Зұлқаршын.

Көзінде қара көзілдірік, қолында ақ таяқ ұстаған, 1-топтағы мүгедектігі бар замандасымыз әлеуметтік маңызды кітабы жайлы былай деді:
Өмір жайлы саған бір сыр айтамын,
Сырымды айтып, сәл мұңайтамын.
Кей тұсында өзіңе «сын» да айтамын,
Сынмен қоса ақтарылып, шынды айтамын.
Оқы да үңіл заман келбетіне,
Ойлан, түңіл, толқы, серпіл, тербетіле.
Осы еңбегім болса екен титтей үлес,
Мейірім жетпей жатқан жер бетіне... – деп өлеңмен сыр ағытты ақынжанды автор. – Бұдан 15 жыл бұрын әке-шешеме барып, дастарқан басында сөйлесіп отырған кезде әкем: «Кеше қоқыс жанына біреу жаңа туған баласын тастап кетіпті. Босып жүрген иттер талағалы жатқанда көршілер аман алып қалыпты», – деп сұмдық жайдың басын ашып айта бастағанда төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды.
Бірер сәттік «у» сезімге ашығып,
Қателікке жатыр жастар бас ұрып.
Нан қиқымын жерге шашпас ұлт едік,
Ұрпағымыз неге қалды шашылып?!
Біреу «қызды болсам» дейді шырайлы,
Ал біреулер «ұлым жоқ» деп мұңайды.
Неге біреу тастайды бар баласын,
Неге біреу сәби сұрап жылайды?!
Ақыры, ойланып-толғанып жүріп тастанды балалар проблемасын көтеретін қайырымдылық қор құруға кірістім. Жанымда қазақтың намысты қыз-жігіттері де осы игілікті іске ат салыса кірісті. Менің ол кезде қомақты қаражатым да, беделді таныстарым да, тіреп тұрған демеушім де жоқ еді. Тіпті, тығырыққа тірелген қаракөздерімізге қалай көмектесуге болатынын да білмедім. Бірақ, бар сенгенім, сүйенгенім – Жаратқан мен жасаған тәуекелім болды. Алдымен, Астана қаласындағы перинаталды орталықтың бас дәрігерімен сөйлестім. Ол кісі қазіргі таңда баланы асырап-бағудан бас тартып жатқан аналардың көп екенін, оның ішінде басқа ұлттан гөрі қазақ қыздарының үлесі басым екенін атап өтті. Нақты тіркелген статистиканы көріп, жүрегім қан жылаумен болды.
Лезде қажетті құжаттар жинап, білетін мамандармен ақылдасып, қоғамдық қор құру жұмысына кірісіп кеттім. Алдымен, Денсаулық сақтау басқармасынан рұқсат алып, Астана қаласындағы перзентханалармен байланыс орнатуды рәсімдедім. Біздің салмақты да сауапты ісімізге мемлекеттің мақұлдауын алған соң, «Мирас-А» қайырымдылық қоғамдық қоры құрылды. Қоржынымызда соншалықты көп байлық, әйелдерге тамаша мүмкіндік жасайтын жайлы жағдай бола кетті десем өтірік болар.
Алайда, «қор жұмысын бастады» деген күннің ертеңінде-ақ бас қаламыздағы үш перзентханадан қоңырау түсті. «Бүгін төрт келіншек баласын тастауға бекініп отыр, райынан қайтаруға көмектеріңіз керек» деді. Жүрегіміз аузымызға тығылып, командамызбен жетіп бардық.

Кезек-кезек төрт әйелмен сөйлестік. Сондағы бәрінің айтатыны бір жауап: «Мен бұл баланы жоспарламаған едім, асырап-бағатын жағдайым жоқ», – дейді.
«Сен жоспарламасаң, Алланың жоспарын қайда қоясың?! Бұл дүниенің табалдырығын аттап қойған өз балаңды өзекке тебуге бола ма?! Ойланыңыз...» – деп, бар ақылымызды айттық. Бұл кезде үш ана балаларын тастамауға келісіп, тек бір бойжеткен барар жерінің жоқтығын айтып, жылаумен болды.
Осы кезде дүниеге енді келген сәбидің толыққанды отбасында өсуі үшін не істей аламын деп қатты ойландым. Жас ананы жұбатып, «Сіз еш алаң болмаңыз, балаңыз екеуіңіз аяққа тұрғанша қордың қамқорлығында боласыздар. Өзіміз пәтер жалдап береміз. Ішіп-жем, киім-кешек жағынан алаңдамаңыз. Тек баланы өз бауырыңызға алып, бағып отырсаңыз болды. Сәбиге өз анасының мейірімінен басқа не керек?! Кейін сіздерді тұрғын үй кезегіне, балабақша кезегіне қоюға көмектесеміз. Тіпті, жұмыс тауып, ары қарай өмір сүріп кетулеріңізге себепші болуға уәде береміз...» – деп, серт берумен болдым. Бар ойым – сәби ана құшағында өссе. Тастандылықты, тағдыр талайының езгісінде қалмаса екен деген «ұлы» күш еді...
Жаңа ғана құрылған қордың тәжірибесі де, дайын тұрған орталығы да жоқ. Сөйте тұра арманы мен амалы көп адамдардан құралған қор адымдап, қызметкерлерімізбен кеңесе отырып, қаладан пәтерді жалға алдық.
Осылайша алғашқы қайырымдылық қорының қол жеткізгені «Ана мен бала» үйі болатын. Уәде еткеніміздей, жалғызбасты аналарды сол пәтерге паналатып, бар жағдайын жасауға тырыстық. Кей тұстарда қыздарымызды тастап кеткен ер-азаматтарымен қайта жолығып, отбасы құрған да жайттар болды. Несін жасырайын, 100-ден астам ананы баласымен табыстырып, сәбиін тастамауға көндірсем, содан бірнеше есе көп аруды райынан қайтара алмадым. Олар сол күйі сәбилерін балалар үйіне өткізіп кете барды. Сондай қайғылы, қиын күндері мен еңсемді көтер алмай, қайғы жұтып жатып алатын едім. Бірақ, қайырымдылықты жарты жолдан тастап кете салуға тағы болмайды. «Бір сәбиді жетімдіктің торынан құтқара алмасам, әлі алда мың сәбиді анасына қосудың сәті түсер. Шарасыз аналарды құдай өзі тура жолға салар» деп өзімді-өзім қайрап тағы жұмысқа кірістім.
Жер бетінде жақсылық пен жамандық жарысып бірге жүреді екен ғой. Бір сәтсіздік орын алса, артынан сәулелі күн де шығады екен, тек күте білсең. Сөзіме құлақ асып, жылатып, жанына батырып айтқан ақылымды санасына салып сараптап, аналардың бала тастау шешімінен бас тартқанын естігендегі сезімді сипаттау әсте мүмкін емес. Арқамнан ауыр жүк түскендей таң-тамаша күйде боламын. Пысылдап ұйықтап жатқан сәбиді конвертке орап алып, перзентханадан өзім алып шығамын. Ол кезде еңсені басқан зіл де, көңілде қалған кір де кетіп қалғандай күй болады. Тағы да жақсылық жасауға, тағы да жетімдікпен күресуге, әлі де әлсізге пана, сәбиге қорған болуға күш алғандай шабыттанамын.
«Өмір-ғайып» – осы жылдар ішінде өзім куә болған қаракөз қарындастарымыздың тағдыры турасындағы кітап. Оқып, сіз де ой жүгіртіңіз. Ұрпақ тәрбиесіне оң әсер тигізетін, тағылымды жерлерін түртіп алғайсыз. «Күн сәулесі түспеген жерге сөз сәулесі түседі» деген бар. Мүмкін, осы оқиғалар жаңылған жандарға жігер, жас буынға сабақ бола жатар», – деді қайырымды қаламгер.
Қоғамға ой салар кітаптың тұсауын «Глобль трент» компаниясының құрылтайшысы Мадияр Сәлімұлы, Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Ләззат Мұқтарқызы Спатаева кесті.
Ал кітапты 5000 дана таралыммен шығарып берген «Үш қиян» баспасының директоры Махмұт Қосмамбетов: «Қоғамның бітеу жарасындай болған тастанды балалар мәселесін өз пәтерін сатып, соның қаржысына шешіп бастаған Жүзбай Серіктей ақжүрек азаматтар бізге жүздеп керек!» – деп тебіренді.
Гүлжанат ШОНАБАЙ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Алматы қаласы














