1946 жылы 5 желтоқсанда «Шолақтау» кен орнынан фосфор рудасының алғашқы рудасы шығарылған болатын.
Осыдан 77 жыл бұрын іске қосылған "Казфосфат тау-кен өңдеу кешені" жаңа өндірісті игеріп, еліміздің химия және тау-кен өңдеу саласының алыбына айналды.
Кәсіпорының даму және өрлеу кезеңдерімен қатар Жаңатас, Қаратау қалалары қалыптасты. Кешен қалақұраушы кәсіпорын ретінде ел мақтанышына айналды.
Аудандағы ірі өндіріс орны "Казфосфат ГПК" ЖШС-нің еңбек ұжымы бұл айтулы күнді салтанатты жағдайда атап өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Аманов қатысып, кеншілер қауымын құттықтады.
Өз сөзінде экономикасы негізінен өнеркәсіп саласына бағытталған ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуында тау-кен өңдеу кешенінің ерекше орын алатындығына атап өтіп, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, тау
қопарып, тас жарған кеншілер еңбегінің әрқашан да құрметке лайық екендігіне тоқталды.
Өндіріс саласының дамуына өзіндік үлес қосып, үздік жетістіктерге жетіп жүрген бір топ азаматтар аудан әкімінің, "Аманат" партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасы, Алғыс хаттармен марапатталды.
Сондай-ақ, кешен басшылары құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпорында еңбек етіп жүрген кеншілерге салалық төсбелгілер, куәліктер, мақтау қағаздар мен заттай және ақшалай сыйлықтар табыс етті.
Салтанатты шара кәсіпорында жұмыс істейтін жастар арасындағы " Көңілділер мен тапқырлар клубы" сайысымен жалғасты. Қызықты әрі тартысты өткен сайыста "Ұсақтау-сұрыптау фабрикасы" жастарының командасы 1 орынды, Қаратау қаласынан келген "Шолақтау" командасы 2 орынды, "Орталық байыту фабрикасы" жастарының командасы 3 орынды жеңіп алды. "Көксу" кенішінің жастары ынталандыру орнына ие болды. Сайыс жеңімпаздары ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.