Ақмола облысында еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі ең ірі іс-шаралардың бірі – Jańa Dala / Green Day-2026 халықаралық мамандандырылған көрме-демонстрациясы биыл оныншы рет ұйымдастырылды.
Көрменің ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, дипломатиялық корпус өкілдері мен аграрлық қауымдастық мүшелері қатысты.

Көрменің ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген өңір басшысы көрменің Ақмола облысында өтуі кездейсоқ таңдау емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңір 2030 жылға қарай ауылшаруашылығы өнімінің көлемін екі есеге арттыру жөніндегі мақсатқа нық қадам басып келеді. Бүгінде облыс рекордтық нәтижелерге қол жеткізіп, ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 1,2 трлн теңгеге жетті, сондай-ақ соңғы онжылдықтардағы ең жоғары астық өнімі жиналды.
«Өңірде мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Ет кластері мен ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мұндай нәтижелерге агроөнеркәсіптік кешенді жүйелі мемлекеттік қолдау мен өндірістің барлық кезеңіне инновацияларды енгізудің арқасында қол жеткізілді. Осы жаңашылдықтардың басым бөлігін фермерлер алғаш рет Jańa Dala / Green Day көрмесінде көріп білді.
Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ауылшаруашылығы саласына заманауи цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер кеңінен енгізілуде. Бұл жұмыстар саланың тиімділігін арттыруға, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және стратегиялық міндеттерді орындауға бағытталған», – деді Марат Ахметжанов.
Көрмеде әлемнің 26 елінен келген 200-ден астам компания өз өнімдерін ұсынып отыр. Сонымен қатар 500-ден астам заманауи ауылшаруашылығы техникасы мен жабдықтарының үлгілері, агродрондар, роботтандырылған сүт фермалары таныстырылған. Қонақтарға аптап ыстықтан егінді қорғауға арналған инновациялық шешімдер мен егіншілік саласындағы өзге де заманауи технологиялар көрсетілді. Бағдарлама аясында далалық жағдайда техникалардың көрсетілімі, аграрлық форумдар, асыл тұқымды мал көрмесі, кәсіби жарыстар және мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір көрме өз ерекшелігімен дараланады. Биыл басты назар ауыл еңбеккерлеріне, әсіресе малшылардың еңбегіне назар аударылған. Сонымен қатар диалог алаңдарында өндірісті цифрландыру, мал шаруашылығын дамыту перспективалары және әрбір шаруа қожалығы үшін өзекті мәселелер кеңінен талқылануда. Айта кетерлігі, көрмеде еліміздің ең үздік тұқымдарынан іріктелген 80-ге жуық асыл тұқымды бұқа ұсынылған. Олардың ең ірілерінің салмағы бір тоннадан асады.
Нұресіл ауылы көрмені екінші жыл қатарынан қабылдап отыр. Іс-шаралар «Ақтық» агрофирмасы» АҚ аумағында ұйымдастырылды.
Көрменің маңызын шетелдік қонақтар да жоғары бағалады. Франциядағы мал шаруашылығы саммитінің төрағасы Жак Шазале бірнеше жылдан бері француз аграршылары өздерінің озық әзірлемелерін ұсынып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық аграршылармен ынтымақтастықтың болашағы зор. Сондай-ақ, жемшөп өндірісіне арналған заманауи технологиялар әлем фермерлерінің ортақ сұранысына толық жауап береді.
Жыл сайын Ақмола облысының аграршылары мен шетелдік әріптестері арасындағы халықаралық ынтымақтастық нығайып келеді. Германия, Франция, Канада және басқа да елдердің өкілдерімен бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойысты. Көрмеге қатысушылардың қарасы артып, биыл алғаш рет Молдова өкілдері қатысыпты. Бұл Ақмола облысы ауылшаруашылығына инновация тарту мен озық технологияларды жүзеге асыруда халықаралық орталыққа айналып, ел аумағында көшбасшы қабілетке ие ретінде таныла бастағанының айқын көрінісі деп білген жөн.
Дахан ШӨКШИР,
Ақмола облысы
















