Оқулық сапасы халықаралық стандартқа сай реттелмек…

Оқулық сапасы халықаралық стандартқа сай реттелмек…

Еліміздің білім саласындағы соңғы жылдары жиі көтеріліп, қайта-қайта айтылып жүрген өзекті проблеманың бірі – мектеп оқулықтарының сапасы мен олардың сауатты жазылуы. Бұл мәселе тек қана орта білім саласында ғана емес, кәсіптік-техникалық, жоғары білім саласында да әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Осы кезге дейін жазылған оқулықтардың ішінде сапасыз оқулықтардың болғаны, әлі де бар екенін жасыруға болмайды. Оқулық түзелмесе, білім сапасының артпайтыны да белгілі. Техникалық және кәсіптік білім беруде де сапалы әрі сауатты жазылған оқулықтың жетіспей жататынын айтуымыз керек. Әсіресе салалық оқытуда қазақ тілінде жазылған оқулықтың тапшы екені өтірік емес. Былтыр Ұлттық қоғамдық кеңес мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: – «Елімізде оқулықтардың сапасы мәселесі жиі көтеріледі. Білім сапасы айналып келгенде оқулықтың сапасына байланысты. Бұл – аксиома. Сол себепті ғылыми-практикалық сараптамаға қойылатын талапты едәуір арттырып, оқулықтардың апробациясын түпкілікті түрде көтеру керек. Бұл – Білім және ғылым министрлігінің міндеті. Мен тіпті оны басымдыққа ие тапсырма деп айтар едім», – деген болатын. Сонымен қатар Президент «Нашар оқулық дайындалса, ол кітап қолданысқа түспесе, әзірлеушіні жауапкершілікке тарту қажет. Басқаша болмайды», деп сапасыз оқулық дайындайтындарды жауапкершілікке тарту тетігін заңды түрде бекіту керектігін де ескерткен еді.

Елімізде оқулықтану ғылымының негізін салған ғалымдардың бірі, академик Асқарбек Құсайынов: – «Ғылым мен инновацияның дамыған шағында жастарды сауатты, шығармашыл, игерген білімді өмірде, тәжірибеде қолдануға икемді етіп тәрбиелеу – мектептердің негізгі мақсаты болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін білім беру сапасын жүйелі дамыту керек. Бұл жүйелі қызметтің негізгі құраушыларының бірі – мектептерді сапалы оқулықпен қамтамасыз ету. Оқытудың мектептік, сыныптық жүйесі өмірге келгелі, адамзат өзінің ұзақ тарихында жинақтаған бағалы білімін, тәжірибесін, ашқан ғылыми жаңалықтарын, рухани-мәдени құндылықтары мен тәрбие, өнеге үрдістерін жеткіншек ұрпаққа, оның шама-шарқына шақтап, сатылап жеткізудің, амалдап үйретудің оқулықтан қолайлы құралын ойлап тапқан жоқ. Білім берудің компьютерлік, аудиовизуалдық және басқа жаңа құралдары кеңінен, тіпті жаппай іске қосылып отырған қазіргі дәуірдің өзінде мектеп оқулығының рөлі арта түсуде», – дейді.

Яғни ғылыми техника өркендеп, компьютерлік жүйе мен онлайн оқудың заманауи қыры қарыштап дамығанымен, адамға оқулықтың жүйелеп ұсынар білімін ештеңе алмастыра алмайды. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушы алдымен білім нәрінің кәусар бұлағын барынша сауатты жазылған оқулық арқылы ғана бойына сіңіруінің маңызы зор. Ал оқулықтың сапасы Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің білімі мен ғылымына жауапты министрліктің бақылауындағы мәселе.

Осы орайда Білім және ғылым министрлігі биылдан бастап оқулық сапасын бағалаудың халықаралық стандартын енгізуді көздеп отыр. Ведомство халықаралық консорциуммен бірлесіп, оқулық дайындауға қатысы бар мамандарға арнайы тренингтер ұйымдастырып, оқулық әзірлеу мен оның сапасын сараптауға қатысатын мамандарды біліктілік арттыру курстарында оқытуды қолға алған.

Осылайша отандық мамандар оқулық әзірлеу мен сараптаудың халықаралық тәжірибесімен танысуға мүмкіндік алып отыр. Бұл болашақта елдегі оқулықтарды тексеру тәсілін жетілдіруге ықпал ететін болады. Бүгінге дейін республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының 40 жетекші сарапшысы аталған курстан өтті. «Оқулықтар оқушылар мен ата-аналардың сұраныстарына лайық болуы керек.

Сондықтан қазақстандық оқулықтарға қатысты шағымдар санын азайту үшін жоспарлы жұмыс жүргізе береміз. Оқыту барысында қазақстандық және шетелдік жаттықтырушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, сарапшыларды мектеп оқулықтарын бағалау әдістемесін практикада қолдануды үйретеді», – дейді Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Мәншүк Мұқаметқали. Оның айтуынша, курста оқулық сарапшылары авторларға қойылатын жаңартылған талаптармен, барлық мектеп пәндері бойынша оқулықтарды бағалау әдістемесі мен критерийлерімен танысып, басқа елдердің электрондық оқулықтарды сараптау тәжірибесі талдау арқылы біліктіліктерін арттырып, алдағы уақытта халықаралық стандарт негізінде отандық оқулық сапасына қатысты критерийлерді жаңартуды қолға алатын болады.

Атақты Француз педагогы А. Шоппе: «Оқулық – ұлтты қалыптастырушы феномен», – деп жазған екен. Демек, оқулық білім саласында жетістікке жетудегі көмекші құрал ғана емес, ол ел болашағы үшін жауапты қызмет атқаратын бірден бір құрал. Сонымен қатар ұрпақтың санасын ұлттық педогогика негіздерімен сусындата отырып, ұлттық тәрбиенің негізін қалаушы негізгі тетік. Сондықтан оқулық жазуда оқулық құрастырушы құрамның ұлттық болмысы мен ұлтқа қызмет ету деңгейі де назарда болуға тиіс ең өзекті мәселе болып табылады.

Оқулық, білім-тәрбие алудың ең басты шарты – оқушының ынтасын арттырып қана қоймай, тіпті мұғалім дайындығының әлденендей кем-кетігін білдірмей жібереді. Басқа сөзбен айтқанда, жақсы оқулықпен оқытатын ортан қол мұғалім жақсы мұғалім бола алады. Яғни, жақсы оқыту да, жақсы оқу да оқулыққа тікелей байланысты. «Сапалы оқу әдебиетін дайындау педагогика ғылымында аса маңызды, әрі аса күрделі проблемалар санатына жатады. Оқулық жазу өте күрделі жұмыс, ал оған қойылатын талаптар өз алдына жеке ғылым болып табылады. Оқулық теориясын егжей-тегжейлі зерттейтін ғылым – оқулықтану. Оқулық жасау осы ғылым негізінде жүзеге асырылуы керек», – дейді академик Асқарбек Құсайынов.

Білім және ғылым министрлігі әлі күнге дейін бір ізге түспей отырған оқулық жазу мәселесін реттеуде ғылыми негізге бағытталған халықаралық стандартты таңдаса, оқулықтағы олқылықтардың орны толар…

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
05.08.2021

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 36
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 42
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 92
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 36
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 95
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 29
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 36
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 204
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 209
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 422
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 385

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9079
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8477
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11705
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9468
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10686