Ауыл оқушылары үшін жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиада басталды.
№15 Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінің базасында алғаш рет ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Білімділер сайысы оқушылардың дарындылығы мен қабілеттерін анықтау және қолдау үшін оңтайлы жағдайлар жасау, академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануы мақсатында ұйымдастырылды. 20-29 қараша аралағында өтетін олимпиадаға жалпы 9-11 сыныпта оқитын 655 оқушы тіркелген.
Олимпиада барысында академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін тапсырмалар әр қатысушыға электронды түрде жіберіледі. Барлық кезеңдерде оқушылардың аты-жөні көрінбейді. Әр кезеңнен кейін тапсырмалардың сканерленген нұсқасы, қатысушылардың жұмыстары мен дұрыс жауаптары орталықтың сайтында жарияланады.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған ауыл олимпиадасына орай білім бөлімі тарапынан 9-11 сынып оқушылары арасында «Үздік логотип», «Үздік эссе», «Үздік web-сайт» байқаулары жарияланған болатын. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған оқушыларға арнайы дипломдармен қатар бағалы сыйлықтар табысталды.